31 Наурыз 2014, 05:39
ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасыр басындағы елдің ішкі-сыртқы жағдайы. Есім ханның билікке келуі. «Есім ханның Ескі жолы» және оның маңызы. Қазақ хандығы мен Бұқар хандығы арасындағы шиеленісті кезең. Жәңгір хан билігі. Монғолдарды тойтару. Ұлы Моғол империясымен, Бұқар хандығымен арадағы ұтымды саясат. Әз Тәукенің билігі. «Жеті жарғы».
Қазақ елінің ХV-ХVI ғасырлардағы ішкі-сыртқы жағдайына шолу жасау барысында ХVI ғасырдың соңына қарай қазақтар мен көршілес елдер арасында аса шиеленісті қарым-қатынас көрініс бере бастағаны және осы кезеңде, яғни 1598 жылы хандық билігі Есім хан қолына көшкені айтылған еді. Енді Есім хан ел тізгінін ұстаған тұстағы жалпы жағдай қандай болғанын және содан кейінгі жылдарда қазақ елі тарихында қандай маңызды оқиғалар орын алғанын еске оралтып көрелік.
1580-1582 жылдары Хақ-Назардың ұрпағы, Жәнібек ханның немересі Шығай ел билігінде болған кезде Бұхар ханы Абдолламен келісімге келіп, нәтижесінде Абдолла Ходжент қаласын қазақтар иелігіне береді және Баба сұлтанға қарсы жорық жасауды көздеген Шығай ханға күш қосып, Ұлытауға бет түзейді. Жасы ұлғайған Шығай жорық кезінде дүние салып, ел тізгіні оның баласы Тәуекел сұлтанның қолына көшеді. Ол 1582 жылдың маусым айында Ташкент уәлаятының билеушісі Баба сұлтанды Түркістан түбінде күйрете жеңді. Тәуекел хан елді билеген 1583-1598 жылдары Қазақ хандығының аумағы Орта Азияға қарай дендеді. 1583 жылдан басталған жорықтар нәтижесінде Тәуекел хан Сырдария бойындағы қалалар үшін бірнеше жылдар бойына жүргізіліп келе жатқан күресті сәтімен аяқтап, Андижан, Ташкент, Ақсу, Самарқан қалаларын басып алады, Бұқараны қоршайды. Алайда Бұқара үшін болған ұрыстардың бірінде ауыр жараланған хан Ташкентте көз жұмады.
Ұзақ жылдарға созылған нәтижелі күрестер арқасында ХVI ғасырдың соңына қарай Қазақ хандығының иелігіндегі жер кеңістігі ұлғайды. Осы кезеңде жауынгерлік рухы, әскери қуаты жағынан Қазақ хандығының айналадағы жұрттан айбыны асқақтай танылса, шығыстан іргелескен Моғолстанның, батыстан қоңсыласқан Ноғай Ордасының құты қаша бастаған еді. Ал солтүстіктегі Ресеймен жер шекарасына қатысты келісім жасалған болатын.
Дегенмен, толассыз соғыстар мен жорықтардың ел шаруашылығына және елдің өз ішіндегі қарым-қатынастарға тигізген кері әсері де аз болмады. Ең бастысы – кең ауқымды жерге иелік еткен мемлекетте бір орталықтан басқару жүйесі болмады. Ел құрамындағы жүздер арасында, рулар арасында заңдық сипатқа ие қоғамдық-саяси байланыс үлгісі қалыптаспады. Осы жағдайларға байланысты ел ішінде бытыраңқылық, аймақтық билікке талас сияқты қолайсыз құбылыстар бел ала бастады. Міне, ХVI ғасырдың соңын ала, 1598 жылы Есім хан ел билігіне келген тұста қазақ жеріндегі жалпы жағдай осы сипатты еді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»