I.ХV-ХVI ғасырлардағы қоғамдық-саяси өмір және жыраулар поэзиясы

31 Наурыз 2014, 03:35

Қазақ хандығының құрылуы және мемлекеттік кеңістігін ұлғайту жолында Керей мен Жәнібек хандардың еңбектері.

Қазақ хандығының құрылуы және мемлекеттік кеңістігін ұлғайту жолында Керей мен Жәнібек хандардың еңбектері. Қасым хан тұсындағы ел өмірі. Хандықтың дәуірлеу жылдары. Есім хан дәуіріндегі қиындықтар мен ұтымды әрекеттер. Қазақтың төл әдебиетінің қалыптаса бастауы. Алғашқы қазақ жырауларының сіңірген еңбегі.

Төрт ғасыр бойы дербес Ел болып, жеке мемлекет ретінде танылған Қазақ хандығы 1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандарды қолдап, Әбілқайыр билігінен бөлініп шыққан жұрттан түзіліп, Шу мен Талас өзендері бойынан орын тепті. Хандық тізгінін алғаш ұстаған хан Керей болды. Ол билік құрған 1456-1470 жылдар аралығында жаңа мемлекеттің керегесі кеңейіп, елдік салты орныға түсті. Хандық құрамындағы адам саны екі жүз мың шамасына жетті.

Әрине, бұл жетістіктердің қай-қайсы да оп-оңай орайласа кетпегені, көршілермен арадағы аса шиеленісті қарым-қатынастарды оңтайлы шеше білу нәтижесінде, Әбілқайырдың қол астында қалған қандас жұрттың дербес ел болу жолына түскен бауырларымен мүдде біріктіруге ұмтылысы нәтижесінде, көбіне-көп жағдайда билігінен айырылғысы келмеген әміршілер мен олардың жақтаушыларына қарсы талас-тартыстар мен жанкешті соғыстар арқылы қолға түскені анық.

Қазақ хандығының бірер жыл аясында өз төңірегіндегі өзге елдер санасатын дербес саясатқа ие мемлекетке айналғандығының бір дәлелі – Моғолстан ханы Есен-Бұғаның қазақтарды ойрат-қалмақтарға қарсы әскери-саяси одақ құруға

шақыруы және 1460 жылы Керей хан мен Жәнібек сұлтан бастағанқазақ сарбаздарының қолдауының арқасында ортақ жеңіске жетуі. Осы жағдайдың өзі қазақтардың аймақтық шиеленістерді шешуде маңызды рөл атқара бастағанын айғақтайды.

Ал 1470 жылы Түркістан жұртының бірталай аумағының хандық құрамына өтуі жеке ел болуды мақсат еткен қазақтардың сан жағынан көбеюіне де, мемлекеттік кеңістігінің ұлғаюына да әсер еткен фактор еді.

Керей ханнан кейін, 1471-1480 жылдар шенінде ел тізгінін қолға алған Жәнібек хан тұсында да, одан кейінгі Бұрындық, Қасым, Момыш, Тайыр, Тоғым, Бұйдаш, Хақ-Назар, Шығай, Тәуекел, Есім хандар билік құрған кезеңдерде де елдің территориялық аумағын кеңейту, халық санын арттыру жолындағы күрес-тартыстар толассыз жалғасты. Қазақ хандығының нығаюындаҚасым ханның еңбегі айрықша болды. Ол сұлтан кезінің өзінде Шәйбани хан қолын ойсырата жеңіп, Түркістан өңіріндегі көптеген қалаларды хандық аясына қосты. Ал хандық тізгінін қолға алған 1511-1520 жылдары бұрын Көк Орда құрамында болған жерлердің дені, Жетісу бойы түгелдей дерлік Қазақ хандығына қарап, халық саны миллионнан асса, әскер саны үш жүз мыңға жетті. Бұл – сол жылдардағы көптеген елдер үшін армандай күш еді.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: