31 Наурыз 2014, 04:27
(ХVІ ғасыр)
Жырау толғауларындағы өмірбаяндық-деректі көріністер. Жыраудың азаматтық болмысы,суреткерлік ұстанымы. Жырау толғауларындағы Ел мен Ер бейнелері. Жырау шығармаларындағы бейнелі динамика, романтикалық серпін және реалистік-эпикалық суреткерлік.
Қазақтың төл әдебиетінің бастауында тұрған жыраулар белгілі бір дәуір аясында өмір салты ортақ, нақты қоғамда қатарлас тірлік кешіп, сол кезеңдегі өмірдің көркем бейнесін жасауға үлес қосқандықтан, олардың барлығын сол дәуірдегі әдебиет өкілдері ретінде топтастыра қарастырғанымызбен, олардың қай-қайсы да өзіндік дүниетанымға, көзқарасқа, ұстанымға ие тұлғалар екенін есте тұтқан абзал. Сондай-ақ, олардың әрқайсының болмысына тән ерекшеліктердің қалыптасуында көрген тәрбиесі, алған өнегесі, өз өмірінде бастан өткергендері маңызды мән иеленетіні де шүбәсіз. Алдыңғы тұстарда шығармашылықтары сөз болған Қазтуған жырау мен Асан қайғының туындыларында кездесетін ортақ сипаттар мен бір-бірінен ерекшелене көрінетін жәйттердің сыр-себебі осы тұста жатыр.
Барша қазақ жырауларына етене қасиеттер мен өзіндік дара жаратылысқа ие тұлғалардың бірі – Доспамбет жырау. Біздің уақытқа дейін жеткен жыр-толғауларынан басқа, Доспамбет жырауға тікелей қатысты дерек-мағлұматтар жоқтың қасы. Ал жыраудың туындылары алғаш рет Мақаш Бекмұхамбетовтің жинақтауымен 1908 жылы «Жақсы үгіт» деген атпен Қазан қаласында жарық көрген кітапта жарияланған. Доспамбет жырауға байланысты баспа бетіндегі дерек те – осы. Сол себепті жыраудың өмірін, дүниетаным, көзқарасын, жалпы болмысын танып-білуге жол ашатын бірден-бір дереккөзі оның өз шығармалары болмақ.
Жырау толғауларына осы тұрғыдан зейін аударсақ, көз алдыңызға шаңды жорықтарда «кіреуке киіп күн өткерген», қанды ұрыстардың бел ортасында «алты құлаш ақ найзасын ұсынып шаншып», қанжығасына жау бөктерген жаужүрек жырау бейнесі келері хақ. Өйткені:
«Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!» –
деп жырлау мәрт мінезді, ержүрек жанның ғана жаратылысына лайық. Ал мәйін мінез, боркемік жан қанша өршеленіп, өр мінез танытпақ болса да, болмысында жоқ мінез әйтеуір бір тұста сыр беріп қояры анық. Демек, ХVІ ғасырда жасаған Доспамбет жыраудың елдік мұрат жолында тіл қайраты мен қол қайратын қатар жұмсаған әрі батыр, әрі жырау болғаны шүбәсіз.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»