I.Бұқар жырау

31 Наурыз 2014, 09:15

Жыраудың өмірі мен шығармашылығы, зерттелу жайы.

(1668-1781)

Жыраудың өмірі мен шығармашылығы, зерттелу жайы. Бұқар толғауларындағы дін және философия. Бұқар ұстанымы – ата-баба жолы, ел бірлігі. Бұқар толғауларындағы Замана мен Адам проблемасы. Жырау шығармаларындағы дидактикалық және лирикалық сипаттар. Жыраудың суреткерлік шеберлігі. Бөгембай мен Абылай бейнелері.

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Бұқар жырау Қалқаманұлы – өз өмірінде халықтың бастан өткерген қысталаң кезеңдерін де, ел тірлігіне береке кіре бастаған кезеңін де, сол кезеңдерде ел тізгінін ұстаған бірнеше ханның қарым-қабілетін де көзбен көріп, аумалы-төкпелі сан қилы тарихи оқиғаларға куә болып қана қоймай, ел мен жер тағдыры сынға түскен сәттерде шешуші әрекеттерге өзі де белсене араласқан тұлға. Сол себепті оның жыр-толғаулары тақырып аясы жағынан да, қамтыған кеңістігі тұрғысынан да аса ауқымды. Жырау шығармаларына ғұлама Шоқаннан бастап, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев т.б. да көптеген ғалымдардың ден қоя үңілуінің сыры да сонда. Жырау шығармаларын жоғары бағалаған әдебиет зерттеуші ғалымдардың арқасында оның жыр-толғаулары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығынан бастап-ақ басылым беттерінде жарияланып, елге кеңінен таралды. Мәселен, 1923-1925 жылдар аралығында М.Әуезов бастамасымен «Таң» журналының 1-4 сандарында Бұқар жыраудың бірнеше шығармасыбасылды. С.Сейфуллин 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында жырау туралы маңызды ой-тұжырымдарын алға тарта отырып, оның көптеген жыр-толғаулары мен шешендік сөздерін ұсынса, 1934 жылы жарық көрген «ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығында М.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаев Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми ойларын дәйектей негіздеп, жыраудың әдеби мұрасының ғылыми айналымға енуіне тікелей мұрындық болды. Содан беріде Бұқар жырау шығармашылығы әдебиет зерттеушілері назарынан қағыс қалып көрген емес.

Бұл орайда біз жыраудың өз шығармаларына сүйене отырып, ой өрбітуді жөн санадық. Осы тұрғыдан қарағанда, жыраудың төл туындыларында оның өз өміріне қатысты дерек-мағлұматтар некен-саяқ. Әйткенмен жыраудың әдеби мұрасын тұтастай қарастыра отырып, оның өміріне қатысты кейбір жағдайларды тануға болады. Мәселен:

«Бұқар-екең – біз келдік Ақан, Төбет байларға. Бесті берсең семіз бер Жаздай Бұқар жайларға...» – деп басталатын өлеңінен әйгілі жыраудың тұрмыс жағдайы жасы ұлғайған шағында да жақсара қоймағаны көрінеді. Сонымен бірге осы өлеңнен Бұқар жыраудың мінезді адам болғаны да аңдалады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: