31 Наурыз 2014, 03:47
(ХV ғасыр)
Ғылыми деректердегі және ел аңыздары мен халық жырларындағы жыраудың өмірі. Қазтуған шығармаларының алғаш жариялану жайы, қолжазба нұсқалар. Жырау толғауларының көркемдік, мазмұндық, композициялық, сюжеттік сипаттары. Жыр-толғаулардағы жыраудың өзі мен заман бейнелері.
Қазақтың жыраулық дәстүрдегі төл поэзиясының көшбасында тұрған тұлғалардың бірі – Қазтуған Сүйінішұлы. Ол ноғайлы дәуірінің перзенті боп дүниеге келіп, қазақ поэзиясының ізашар жырауларының біріне айналып, дүниеден озған.
...Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып өтіп, дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған! –
деп, өзінің жарық дүниедегі атқарған ісін асқақтата жыр еткен жырау жорықтарда қол бастаған батырлығына бейбіт күнде жол бастаған білімдар болмысы сай келгенін аңғартады. Оның өзі де, сөзі де ел арасына кеңінен танымал болғанын халықтың оған «Қарға бойлы Қазтуған» деп ат қоюы да айғақтайды.
Шамалай айтқанда, Қазтуған жырау ХV ғасырдың жиырма-отызыншы жылдары Бөкей жеріне қарасты Еділ мен Жайық арасында, Қабыршақты даласында дүниеге келген. Бұл жер – қазіргі Батыс аймақтағы Жалпақтал мен Жәнібек аудандары аумағын қамтитын өлке.
Көшпелі тірлік салтын ұстанған ықпалды әулеттен шыққан жырау – бүгінде Астрахань облысына қарайтын Красный Яр қаласының төңірегінде, Бозан, Ақтұба өзендері бойын қоныс еткен елдің перзенті. Ал Еділдің кішігірім төменгі салаларын құрайтын Ақтұба мен Бозан өзендері Қазтуған өмір сүрген кезеңде қазақ еншісінде болғаны анық.
Ел арасында Қазтуған жырауға байланысты айтылатын аңыздар мен жырларға жүгінсек, олардың бірінде: «Онымыз тұрып оқ атсақ, Он сан қалмақ бөлінген» – деген жолдар ұшырасады. Үзіндіге зер салсақ, оның өзін қоса есептегенде, қаны бір он батыр болғанын байқаймыз. Ал бұл батырлар оның өз бауырлары, яки балалары болуы әбден ықтимал. Осыған орай, Қазтуғанды атойлап жауға шапқан, сөз ұстап дауға араласқан батыр жүректі жырау деп бағалау абзал.
Сондай-ақ, халық арасына тараған жырлардың бірінде:
...Толғамалы жақ тартқан, Толассыз тұрып оқ атқан, Тоғыз оқ торғауытты бөгеген, Тобылғыдан су татқан, Жетпіс бесте жасы бар...
Қабыршақты жайлаған, Ақсуды төмен бойлаған, Шағанға атын байлаған Қарға бойлы Қазтуған... –
деген де жолдар бар.
Бұл үзіндіден жыраудың туып-өскен жері, ерлік істеріне қатысты деректермен қатар, оның жасы жетпіс беске жеткенін де көреміз. Демек, Қазтуған жырау жасы жетпіс бестен өткеннен кейінгі жылдарда дүниеден озған деп жоруға болады. Ал жыраудың:
Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт, Атамыз біздің бұ Сүйініш Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт... –
деп келетін толғауындағы үзіндіден оның әкесі Сүйініш, анасы Бозтуған аталғаны анық танылады.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»