31 Наурыз 2014, 04:06
(ХV ғасыр)
Асан қайғының тарихи және аңыздағы бейнелері. Асан қайғы толғауларындағы елдік мұрат. Асан қайғы шығармашылығының үш кезеңі және олардың тарихи оқиғалармен сабақтастығы, тақырыптар мен проблемалар. Асан қайғы шығармаларындағы философия мен дидактика.
Қазақ мәдениетінің даму тарихында ұлттық төл әдебиеттің бастауында тұрған ізашар тұлға ретінде ғана емес, жалпы қазақ дүниетанымының өзіндік ерекшелігін, қазаққа ғана тән көзқарастың бірегей белгілерін танытатын тұлға ретінде бағалануға лайықты, ел жадындағы сөздерде аңызы мен ақиқаты араласа ұсынылатын ойшыл жырау – Асан қайғы Сәбитұлы.
Қазіргі уақытта да қазақ даласының кез келген түпкірінен «Асан қайғы айтқан екен...» деп келетін алуан нұсқалы сөздерді жиі естуге болады және сол сөздердегі Асан сөзі сол өңірге, сол төңіректегі жер-суларға қатысты болып шығады. Ал Асан қайғыға байланысты кең таралған әңгіме оның Жерұйықты іздеуі екендігі баршаға мәлім.
Осы орайда Асан қайғы туралы ел аузындағы аңыздарға қатысты ой түйінін ұсынсақ, бұл әңгімелерден Асанның қазақ жерінде өмір сүргені анық тарихи адам екендігі байқалады. Сонымен бірге Асан қайғының елге жайлы қоныс болар жерді іздегені де анық. Тек ел аңыздары ойшыл жыраудың сол әрекетін өзінің аңсар-арманымен сабақтастыра дамытып, тарихи оқиғаны аңыздық элементтермен байытып жіберсе керек. Бұл тұрғыдан қарағанда, тарихи Асан жыраудың жалпы халықтың арман-аңсарын арқалаған аңыздық бейнеге айналып кетуінің өзі оның халық тарихындағы орны ерекше тұлға болғанын байқатады.
Әр кезеңдерде жазылған тарихи дүниелерде де Асан қайғы Сәбитұлы туралы деректер жиі ұшырасады. Мәселен, Қадырғали Жалайридің «Жамиғат тауарих» аталатын тарихи еңбегінде ноғайлы ұлысының тарихы және одан бөлінгеннен кейінгі Қазақ хандығының өмір-тіршілігі сөз болады. Осы мұрада Асан қайғыға қатысты жәйттер де ұсынылады. Осы еңбектегі:
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық қанық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, солай деймін.
Тегінде ноғай, қазақ – түбіміз бір,
Орманбет хан ордадан шыққан күні
Асан ата қайғырып айтыпты жыр... –
деп келетін жолдарға назар аударсақ, Асанның ноғайлы дәуірінде дүниеге келгенін аңдаймыз. Ал оның Қазақ хандығы дербес мемлекетке айналған кезде ел ісіне белсене араласқанын жыраудың өз толғауларынан анық көреміз.
Асан қайғыға байланысты ой-пікірлер қазақтың дербес тарихына, қазақ дүниетанымына зейін аударған зерттеушілердің бәрінде дерлік кездеседі. Мысалы, Ш.Уәлиханов: «Халық есінде атақты, тамаша философ болып сақталған Асан қайғы... тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз еліне де мәлім, ол «Манас» жырында да аталады. ...Асанды қарақалпақ халқы да жақсы біледі. Олар өздерінің ескі жырауларының бірінен санайды», – деп жазады.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»