1 Наурыз 2014, 09:47
Қандай да болсын тілдің өрістеуі, болашақта қалай болмағы жас ұрпақтың қай тілде тәрбие алып, қай тілде білім алуымен тікелей байланысты десек, онда Астана қаласындағы балабақшалар мен мектептердегі соңғы жылдардағы оң өзгерістер елордада мемлекеттік тілге деген оң бетбұрыстың бар екендігін толық аңғартады. Оны балабақшалардағы, мектептердегі қазақ топтары мен сыныптарының жыл сайын көбеюінен анық байқаймыз. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар жалпы тәрбиеленушілердің жартысын құраса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. 2010 жылы 15 097, оның ішінде 11 115 бала қазақ тілінде тәрбие алуда, бұл жалпы балалар санының 73,6 пайызы. 2011 жылы балабақшаларда 21 099 бала тәрбиеленіп жатса, оның 16 030-ы қазақ топтарына барады. Бұл жалпы санның 75,9 пайызы. Яғни, бүгінгі балабақша бүлдіршіні ертеңгі оқушы екендігін ойласақ, бұл көрсеткіштің Астана мектептерінің қазақылануына қарқын беретіні сөзсіз. Мектептерге келсек, 2010-2011 оқу жылында Астана қаласында 71492 оқушы білім алды. Оның 54 438-і қазақ балалары. Бұл жалпы санның 76,1 пайызын құрайды. Осы қазақ балаларының 40 387-сі ана тілінде білім алды. Бұл 56,5 пайыз деген сөз. 2011-2012 оқу жылында 76 591 оқушы білім алса, солардың 58 855-і қазақ балалары. Бұл 76,8 пайыз болады. Солардың ішінде 45 722 бала ана тілінде оқыды. Бұл 59,6 пайызды құрайды. Өз ана тілінде білім алатын қазақ балаларының саны жылдан жылға артқанын аңғарамыз, соған орай орыстілді мектептерде оқитын қазақ балаларының саны азая түскен. Мәселен, 2010-2011 оқу жылында орыстілді мектептерде 14 051 қазақ баласы оқып, 45,3 пайызды құраса, 2011-2012 жылғы оқу жылында 13 100 бала орысша оқып, жалпы орыстілді мектептерде оқитын оқушылардың 42,8 пайызын құраған. Әлбетте, бұл қазақ балаларының едәуір бөлігі әлі де ана тілінен өзге тілді мектепте оқиды деген сөз. Тағы да сандарға жүгінсек, 2010-2011 оқу жылында ұлты қазақ оқушылардың 25,8 пайызы, 2011-2012 оқу жылында 22,2 пайызы өз тіліндегі мектепте оқымаған. Яғни, бұл салада қазақ ата-аналары да, Тілдерді дамыту, Білім басқармалары да ойланатын мәселелер баршылық. Әсіресе, ата-аналармен жұмысты күшейтудің мақсатты тетіктері ойластырылғаны жөн.
Қазақ ата-аналарының өз балаларын ана тілінде оқытпауының бірнеше себептері бар деп ойлаймыз.
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.