І. Кірме (бүлдіргі) таңбалардың талданымы

1 Наурыз 2014, 07:50

Алдымен қазақ тілінің төл дыбыс құрамы ғылыми тұрғыдан анықталып, төл дыбыстар өз алдына, қазақ тіліндегі кірме (бүлдіргі) дыбыстар мен әріптер өз алдына топтастырылу керек.

Алдымен қазақ тілінің төл дыбыс құрамы ғылыми тұрғыдан анықталып, төл дыбыстар өз алдына, қазақ тіліндегі кірме (бүлдіргі) дыбыстар мен әріптер өз алдына топтастырылу керек. Өйткені кірме дыбыстар мен таңбалар қазақ сөзінің айтылым әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал ретін, тіптен, сөйлеу (сөйлем) ырғағын бұзып бітті. Сонда қазақ тілінің фонетика деңгейінен (дыбыс құрамы) бастап, лексика, морфологияны қамтып, синтаксиске дейінгі табиғи қалпын сетінетіп отыр. Ендеше, бірінші кезекте, төл дыбыстардың құрамы мен әріп таңбалары анықталып, қазақ тілінің төл «Әліпбиі» түзіледі. «Әліпби» төл дыбыстар құрамын түгел қамтып, олар үйлесімді орналастырылуға тиіс.

Қазақ тілінің төл дыбыс құрамы:

 

                       А     Ә               П            Б           М

                       Ы     І                Т            Д           Н

                               Е              Қ(-К)     Ғ (-Г)      Ң

                       Ұ     Ү               С             З            Р

                       О     Ө               Ш           Ж           Л

                                                                               Й

                                                                               У(w)

Мұндағы у таңбасының дыбыс мәнін латын әліпбиінің құрамындағы w әрпімен белгілеп беріп отырмыз. Өйткені қазақ тілінде ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді дауыссыз бар. Ол дауыссыз халықаралық практикада осы таңбамен беріледі. Ондай дыбыс ағылышын тілінде де бар. Ағылшын тілінде сауатты өсіп келе жатқан жас ұрпақ оны тез аңғарып, жеңіл қабылдайды. Ал орыс тілінде ондай дауыссыз дыбыс жоқ. Олардың Көкшетау  дегенді Көкчетав деп өз тіліндегі тіс-еріндік, жуысыңқы, ұяң в  дауыссызымен алмастыратындығы сондықтан. Қазақ тіліндегі дауыссыз у[w]  мен орыс тіліндегі дауысты у[u:]  дыбыстарын естілім ұқсастығына қарап өзара шатастырып жүргеніміз сондықтан. Тіптен и мен  у  әріптерін (дыбыстарын емес) өз алдына дауысты «фонема» деуге де жеттік. Оны қазақ тілінің дамуы деп түсіндіруге тырысып жатырмыз.

Қазақтың төл сөздерінің жазылымындағы кірме әріптер түгел шығарылып тасталады. Олар:

 

И    У    Я    Ю    Щ    Х    Һ

 

Өкінішке орай, орыс тілінің емле-ережесі арқылы қазақ тілінің төл сөздерінің жазылымына енген и, у, я, ю  таңбаларының (дыбыстарының емес) әрқайсысын өз алдына дербес дауысты дыбыстар деп қабылдау бар. Көпшілік (тіптен, тіл мамандарының өздері, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары) осыған әбден ден қойып, психологиялық тұрғыдан мойындап алған. Олай етпеске амалы да жоқ, өйткені мектептен бастап, жоғары оқу орнын бітіргенше оларды дауысты дыбыс деп санасына құя берсе, кімде болса сеніп қалады. Оның үстіне оқу бағдарламалары мен оқулықтар түгелдей осы ережені құптап отыр. Қазақ тілі дыбыстарының құрамына зорлықпен енгізіліп отырған «дауысты дыбыстардың» жөнін табу үшін олар «дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген (мұндайда болады екен!?) әлеми жұртқа күлкі болатын ереже де ойлап таптық.  

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: