I. Астана қаласының ономастикасы: ұлттық атаулар

1 Наурыз 2014, 09:18

Мемлекеттің мықты әрі тұғырлы болуында ел астанасының орны алабөтен.

Мемлекеттің мықты әрі тұғырлы болуында ел астанасының орны алабөтен. Сондықтан, қазақ елінің тәуелсіздігін нығайтуда, мәдени-рухани келбетін қалыптастыруда, тарихи тамырларын жаңғыртуда Астананың маңызы да, миссиясы да алабөтен. Өйткені Астана – Қазақстанның дамуының ерекше белгісі, айрықша көрсеткіші. Еліміздің Астанасы арқылы бүкіл әлем, барша дүние «Қазақстан» деген мемлекетті, «қазақ» деген ұлтты танып біледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Астана қаласына айрықша мән беруінде осындай терең ой, үлкен мақсат, сарабдал саясат жатыр.

Саяси дербестікке ие болған қандай да болсын мемлекет даму барысында өзінің ұлттық келбетін қалыптастыруды негізгі бағыттардың бірі ретінде ұстанады. Тарихи қайнарларға бет бұру – сол мемлекетте өмір сүретін азаматтардың тарихи жадын, рухани болмысын, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға игі ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақытта осынау маңызды мәселеге өз деңгейінде мән берілуде. Осы тұрғыдан келгенде, Астана қаласының ономастикалық ажары жылдан-жылға жаңарып, бағзы және бүгінгі заманғы Қазақстанның тарихи һәм заманауи келбетін танытуда.

Алаш астанасының ономастикалық бет-бейнесін ұлттық мазмұнда қалыптастыруда, негізінен алғанда, мынадай мәселелерге айрықша көңіл бөлінген: тәуелсіздік мұраттарын бекемдеу, Қазақстан халқының тұтастығы мен бірлігі идеяларын айқындау мен насихаттау, тарихи сабақтастықты сақтау, Қазақстанның мәдениеті мен мемлекеттік тіліне деген құрметті қалыптастыру, қазақ халқының тарихи-рухани бастауларын ұлықтау, отансүйгіштікке баулу. Осындай өміршең идеяларды іске асыру барысында Астана мәртебесін алған уақыттан бері қаланың ономастикалық ажары адам танымастай өзгерді.

Мемлекетіміздің бас қаласы болғандықтан Астанада соған орай Қазақстанның тарихи, мәдени, географиялық дидарын беретіндей атаулар болуы тиіс. Осыны басты нысанаға ала отырып, ономастикалық комиссия көптеген көшелерге қазақ жерінің байырғы атауларын беруді дұрыс деп шешті. Мәселен, сан ғасырлық тарихымыздың қойнауында қалыптасқан Қазығұрт, Абат-Байтақ, Саққорған, Ұлытау, Қаратау, Балқантау, Зеренді, Аспара, Абыралы, Аманқарағай, Тарбағатай т.б. көптеген жер-су атаулары көше аттарын иемденді. Бұл атауларды таңдауда және бекітуде олардың тарихи маңызы және байырғы болмысы санатқа алынды. Жоғарыда аталған атаулар және тағы да басқа байырғы жер-су атаулары халқымыздың дүниетанымын, мәдениетін, тарихын танытады. Мәселен, Қазығұрт байырғы аңыздарда көп кездесетін киелі мекен болса, Абат-Байтақ, Саққорған көне мәдениет ошақтары, Ұлытау, Қаратау Қазақ хандығының орталықтары. Сондай-ақ, Астана көшелеріне бүгіндері көпшілік біле бермейтін Отыкен, Байырқұм, Шыңғырлау, Ұланбел, Найзақара сияқты байырғы атаулар да берілді. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірлерінде дерлік кездесетін Айдарлы, Ақдала, Ақкөл, Көктал, Жиделі, Қайнар, Қарой, Теректі, Шалқар сияқты атаулар Елорда көшелерін иемденді. Тарихымыздың әр кезеңінде қазақ мемлекетінің астанасы, орталығы болған қалалардың құрметіне елорданың жаңа әкімшілік орталығындағы жаңа көшелер Түркістан, Сауран, Сарайшық, Сығанақ, Орынбор, Ақмешіт, Алматы аталды. Бұл қазақ мемлекеттілігінің бай тарихын аңғартудан туындаған қадам болатын. 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу: