І. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:02

Өтпелі дәуір кезіндегі кез-келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады.

1. Өтпелі дәуір кезіндегі кез-келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан оған таң қалуға болмайды, тек оның себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек.

1.1. Бірінші, заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Мұны бұрын аңғарғандар - біздің информатика мамандары. Енді, міне, өзге мамандар да оларды құптай бастады. Әлеми ақпарат кеңістігіне жолын тауып ене алмай қалған елдердің даму қарқыны, сөз жоқ, бәсең болып қалмақшы. Жазуын сақтап отырған  қытай мен жапонды алға тартпай-ақ қояық, олардың да ғылыми-өндірістік үрдісі сол латын негізінде дамып жатыр.

1.2. Екінші, сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеуметтік мән жатыр. Орыс жазуынан қашу - көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы екені рас. Ендеше, әңгіме кезінде орынсыз көтерілген жоқ. Мұны қазақы көпшілік қауым дұрыс түсініп отыр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса,  күнделікті мазмұнының бірі - жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы, ал емле-ереже - әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

1.3.Үшінші, тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап-пысықтап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңрегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады. 

2. Шынына келетін болсақ, қазақ зиялыларын әліпби айтысымен таң қалдыруға болмайды. Өйткені, қазақ жазуының тарихы - «әліпби айтысының» тарихы болып келе жатыр.

2.1. Әліпби ауыстырамыз, ал ауыстырмасақ, бірлі-жарым әріпті қосып-алып, емле «жетілдіріп», әйтеуір, құр отырмаймыз. Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) жазуынан латынға, латыннан кирилге көшкеніміз тарихтан белгілі. Кирилге жарлықпен бір-ақ түнде көшкеніміз тағы белгілі. 

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013

Бөлісу: