Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға сапармен келген Хорватия Саборының депутаттарымен кездесті. Делегацияны «Хорватия Демократиялық Одағы» партиясының депутаты Санда Ливия Мадуна басқарып келген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды нығайту, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық ұйымдар шеңберінде, оның ішінде ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстан СІМ мәліметінше, Астана мен Загреб арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетуге ықпал ететін биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Министрдің орынбасары Қазақстанның Балқан аймағындағы негізгі серіктестерінің бірі – Хорватиямен қатынастарды тереңдетуге қызығушылығын растады. Хорватия депутаттарының сапары парламентаралық байланыстарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті.
Өз кезегінде Хорватия Саборының делегациясы сапардың екіжақты қатынастардың әлеуетін жан-жақты зерделеуге тамаша мүмкіндік беретінімен келісіп, Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықты ілгерілетуге қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.
Айта кетсек, Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 282 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 254 млн доллар, импорт – 28 млн доллар.
Қазақстанда хорват капиталымен 18 компания тіркелген. Олар құрылыс, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету, кәсіби және ғылыми-техникалық салаларында қызмет атқарады.