Қазақстанда донор тапшы. Көбінде туысаралық ағза алмастыру жасалынады. Егер мәйіттік донор дамыса, қайтыс болған 1 адам 7 науқасқа екінші өмір сыйлар еді. Басқа қалаларды алмағанның өзінде үшінші мегаполисте бауыр жетіспеушілігімен 800 адам есепте тұрса, бүйрек жетіспеушілігімен 1100 адам диализде жүр. Бұл статистика жыл сайын 100 науқасқа артып отырады. Шымкенттік хирург-трансплантолог Рахымжан Жолдыбекұлы осылай дейді. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі белгілі дәрігермен сұхбаттасты. Әңгіме барысында ауруханада ем алып жатқан науқастардың жай-күйімен танысып, біраз мәселеге қанықты.
№1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімі. Жаңа ғимарат заманауи стильде жасақталыпты. Басын бинтпен ораған, аяғын әзер басып балдақпен жүріп келген, ыстығы түспей ауыр халде түсіп жатқан науқастар...сұхбаттасуға келіскен дәрігеріміз жиналыстан шыққанша осындай көріністердің куәсі болдық. Қарап тұрып қорқып кетесің. Ал біздің баратын бөлімшеміз бұдан да «зоры». Ауыр халдегі науқастармен тілдесе алар ма екем деген оймен-ақ үшінші қабаттағы «Бауыр, бүйрек трансплантологиясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімшесі»-не қалай кіріп кеткенімді аңғармаппын. Аурухананың хирург-трансплантологы Рахымжан Жолдыбекұлы бірден палатадағы ем-дом алып жатқан азаматтардың хал-жағдайын көрсетуге кірісті.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
Ең бірінші 3 күн жансақтау бөлімінде жатып, дәрігерлердің көмегімен жаңадан туылғандай күй кешкен 49 жастағы көп балалы ана - Саера Абдуразаковамен таныстық. Диагнозы: панкреонекроз. Дәрігердің айтуынша, науқастың өт жолдарында тас бітеліп, салдарынан ұйқы безі шіріп кеткен. Қалыпты жағдайда ағзада амилаза ферменті 90-ға дейін болу керек екен, алайда Саерада оның мөлшері 1500-ге көбейген.
Біз аталған ферменттің мөлшерін 80-ге дейін түсірдік, ота барысында өт жолдарынан 9 тас алдық. 3 күн реанимацияда, жалпы жатқанына 9 күн болды. Жағдайы жақсарып келеді. 1-2 күнде үйге шығарамыз. Ұйқыбезінің панкреонекрозы деген сөз – асқынған диагноз түрі. Мұның салдары қант диабетіне ұшыратып, ағзада киста пайда болуы мүмкін. Біз олардың алдын алдық. Енді пациентті 6 айға дейін бақылауда ұстаймыз,-деді Рахымжан Жолдыбекұлы.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
Ал Түлкібас ауданынан келіп түскен Ұлбала Сұлтанова қан құсып, екі аяғына әзер тұрып келген. Біз барғанда отадан шыққан сәті екен. Дәрігер оның халін сұрап, циррозды емдеуге болатынын айтып, қанаттандырып кетті.
Бауыр циррозымен ем қабылдап жатқан науқастар өте көп. Бірнешеуімен ғана тілдестік. Солардың бірі - 49 жастағы Рахия Маханова.
Әуел баста дәрігерлер диагнозын нақты білмепті. КТ-ға түскенде ғана нақтыланған. Ота сәтті жасалып, жағдайым жақсарып келеді дейді ол. Мәйіттік донор табылса, 1 айдан соң бауырын ауыстырады екен. Ал 54 жастағы Райхан Сабденоваға небәрі 20 жастағы қыз бауырының жартысын кесіп бермекші.
Туған қызы бауырға донор болады, келесі айда ағзаны ауыстырамыз. Мұндай операция басқа жерде жасалмайтын болғаннан кейін бұл кісіні портал арқылы жатқызып, «мост» жасап отырмыз. Райхан апа жүре алмай қалған, ішіне 7 литр су жиналған. Операциядан кейін жағдайы дұрысталды. Суының жартысы кетті, өзі тұра бастады, дәретке де өзі барып келеді. Бірақ бұл операция жаңа айтқанымдай, бауырды жазып жіберу емес, трансплантацияға дейінгі «мост». Апамның бар, бауыр церрозы. Келген кезде кіндік жарылайын деп тұрған. Екі күн бұрын операция жасадық, ішіндегі суы жартысына дейін азайды. 1 ай ішінде іштегі суы кетеді,-дейді хирург-трансплантолог Рахымжан Жодыбекұлы.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
Науқастың ауырғанына көп болмаған. Өзінің айтуынша, бастапқыда бауыр ауруының ешқандай белгісі байқалмаған. Варикозы жарылып кетіп, соны емдетуге дәрігерге қарала бастайды. Небәрі 1 жылда ішіне су жиналып, осындай күйге түскен.
Анар келесі жылы 40-қа толады. Фамилиясын айтуды, фотоға түсіруді жөн көрмеді. Жетісай қаласындағы мектептердің бірінде директор. 3 айдан бері бүйрек жетіспеушілігімен жүрген. Ауруханаға түскеніне екі жұмадан асқан. Әпкесі үшін інісі бір бүйрегін беріпті.
Операциядан кейін жағдайым жақсарып, бойымдағы ісіктерім кетті. Анардың енді екі туған күні бар, біріншісі шыр етіп дүниеге келген күні болса, екіншісі – 30 мамыр, - деп күледі ол.
Анар 5 жылдан бері ісініп, ауырып жүргенін, тіпті аяғы ауыр кездері бүйрегіне ем қабылдағандарын да айтты. Әсіресе, соңғы 1 жылда дерті асқынған. Ас батпай, құса береді. Диализге жатпас бұрын дәм сезбей қалғанын жасырмады.
Жеген асымның дәмі білінбейді, жаман иіс шыға береді. Қан қысымым 160/170-тен түспеді. Басым қатты ауырды. Ауырғанды басатын дәрілердің 7-8 түрін ішсем де бастың ауырғаны қоймайтын. Былтыр кезекті еңбек демалысымды алып, емханаға барып толықтай анализдерімді тапсырған едім, бірақ барлығы таза шықты. Ешнәрсе таппады. Былтыр анықтағанда бұлай болмас еді деп ойлап қоямын. Содан не керек бір күні қатты ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Түнде ұйықтамайтын болдым. Тек су ішемін. Оны да құсамын. Сол кезде 3-4 айда 20 келі салмақ тастаппым. Қаңтар айы еді, Астанаға ұштым. Анализдерді тапсырып, нефрологқа ақылы негізде көріндім. Сол жақтан бүйрегің жұмыс істемейді деген диагноз қойып берді. Басында шетелге немесе Астана қаласында операция жасатуды ойлағам. Кейін елдерден сұрастырғанда Абылай Донбай бастаған дәрігерлер командасын білімді-білікті деп айтты. Содан осында келдім. Шүкір, қазір адаптациядан өтіп жатырмын, -деді Анар.
Бізге ауыр дертке шалдыққандар қатары жасарып бара жатқандай көрінді. Науқастар арасында кәріліктің кемесіне мінгендер емес, алпыс жасқа жетпегендер көп. Мұның себебін білу үшін ары қарай Рахымжан Жолдыбекұлымен сұхбаттастық.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
El.kz: Рахымжан Жолдыбекұлы, байқағанымыздай бауыр, бүйрек жетіспеушілігі тым жасарып бара жатқан сияқты. Соның ішінде бүйрек ауруларының туындауына себеп болар басты факторды айта аласыз ба?
Рахымжан Жолдыбекұлы:Басты себебі – ангина, стрептококк қоздырушы қан арқылы бүйрекке жетеді. Сосын ағзада антитела бөлініп, инфекцияны жоюға әрекет етеді. Бұл бүйректі зақымдайды. Мұны гломерулонефрит деп атайды. Қазіргі таңда қаламыздағы жастардың 70 пайыздан астамы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Ал аурудың алдын алу үшін адам кішкентай кезінен бастап, егер жылына үш мәрте тамағы ауырса, тезарада тамақ безін алып тастау керек. Соңы бүйрек ауруына ұласып, бүйректі алып тастайтындай халге жеткізбес үшін міндетті түрде осылай істеген жөн. Ангина емделмеген жағдайда ревматизмге, бүйрек жетіспеушілігіне, жүрек жетіспеушілігіне алып келеді.
El.kz: Менің естуімше, тиісінше тамақ безіне тиіспеу қажет екен. Кейбір әріптестеріңіздің айтқаны бар, ангина – ағзадағы «сигнал». Сіз мұнымен келіспейсіз бе?
Рахымжан Жолдыбекұлы:Иә, бұл организмге «сигнал» береді, бірақ кері әсерін беріп жатыр ғой қараңызшы. Мен де шетелге барып білім жетілдіргенімше осылай ойлайтынмын. Шетелде молекулярлы генетикалық деңгейде қарастырады барлығын. Дәлелденген, яғни ангина – бүйректің жауы. Қан қысымының жоғарылауын бізде диагноз деп қарайды, негізі ол ауру емес, ол – баста, бүйректе немесе жүректе бір тамыр қысылып тұр деген сөз, соны ашу керек болды. Бізде қайтеді? Емханаға келген науқастарға бірдей етіп өмір бойы ішіп жүретін антиобиотиктер жазып береді. Ем жүргізбес бұрын учаскелік емханада дәрігерлер бірінші кезекте бакпасев алу керек. Тамақтан, зәрден, қаннан анализ алып, қандай инфекция бар екенін анықтап, сол инфекцияның қандай антибиотикке сезімтал екенін айқындау қажет. Біздікілер алады да бірден цеф ІІІ, цефазолин, ампициллин жалпылама емдеуге береді. Бұл дұрыс емес. Кез келген емхана дәрігерлері алдына келген науқастың анализін осылай анықтағаны жөн, қазір барлығы бар, технология жаңарған. Сол үшін бакпасевті дұрыс алып, емді қателеспей әр науқастың жағдайына байланысты жүргізу керек.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
El.kz: Бауыр жетіспеушілігі неден болады?
Рахымжан Жолдыбекұлы:Бауыр вирустан зақымдалады. Көпшілік арзан жерге барып, тіс жұлдыртып, емдеткісі келеді. Енді қараңыз, стоматологияда пайдаланатын құрал-саймандарды стерилдейтін құрылғының өзі 15-20 миллион теңге тұрады. Вирустар 300/400 С градуста ғана өледі. Арзан бағадағы тіс жұлатын жерде ондай құрылғы қойылмайды. Осы ретте мемлекет қалтасы көтере бермейтін пациенттер үшін осы салада жеңілдіктер жасаса немесе адамдарды көп қабылдайтын мекемелерге стерильдеу құрылғылары қойылса жақсы болар еді. Халық вирус жұқтырмаса деген ой. Себебі вирус жұға салып белгі бермейді, ол 20 жылдан кейін ғана бауырдан шығады. Науқастарды жаңа көргенде әрқайсысының жасын байқадыңыз ба елуде, 49-да. Олар кезінде емдеткен тістің зақымы тигенін көрсетеді. Сондықтан сақ болу керек. Біз ауырғандарды операциямен 100 пайыз емдеп бере алмаймыз, тек науқастың өмір сүру ұзақтығын 5 жылға, 10 жылға созып береміз. Біздің мүмкіндік сол ғана. Ал ағзаны толық қалпына келтіру үшін оны ауыстыру керек.
El.kz: Ауыстыру үшін донор керек. Ал донорды қайдан табасыз? Бізде көбіне тауыстық ағза ауыстырылады...
Рахымжан Жолдыбекұлы: Бұл үшін мәйіттік донорды елімізде дамыту керек. 40 тан асқан соң мұндай күйге мен де, өзге де түсіп қалуы ықтимал. Өйткені бұл дерт адам ағзасында білдіртпей жүре пайда болады. Бүкіл әлем трансплантация жасайды, бірақ олар мәйіттік транспантацияны жолға қойған. Діни тұрғыдан қарасақа та, мысалы айтайық Сауд Арабиясы. 5 уақыт намаз оқиды, дінді мықты ұстанады. Бірақ соған қарамастан бұл елде жылына 300-ге жуық, сол сияқты Иранда да жылына 580 мәйіттік трансплантация жасалады. Белоруссия елінде «донор боламаймын» деп жазып кеткендердің басқасынан барлығы донор. Ал біз жылына 1 рет мәйіттік донордан бауыр алмастыруды ғана жасап отырмыз. Қалталы азаматтар кезекті күтпей Корей еліне барып 320 мың АҚШ долларымен ағзасын алмастырып келіп жатыр, ал ақшасы жоқтар донор тапшылығынан қайтыс болуда. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша бауыр мен бүйрек жетіспеушілігі бар адамдардың саны жыл сайын 100-ге артып отыр. Былтыр бауыр жетіспеушілігі 700 адамда болса, биыл 800 адам тіркелді. Бұл тек Шымкент қаласы бойынша. Ал бүйрек жетіспеушілігімен тіркелген науқастар саны биыл 1100-ге жетті. Күнара диализге келетін науқастар арасында өздеріне донор тапқандары бізде толық тегін тексерілуден өтіп, тегін операция жасаймыз. Яғни күту парағынан алып тастап, туыстық донор арқылы бүйрегін ауыстырамыз. Бізде мәйіттік донор арқылы бүйрек ауыстыру дамымағандықтан күту парағында науқастар амал жоқ жылдап кезекте тұрады. Ал мәйіттік донор туралы айтар болсақ, егер бір адам қайтыс болса, ол жеті адамды құтқарып қалады. Көз қарашығы, өкпе, жүрек, ұйқы безі, екі бүйрек және бауыр ауыстыруға қолайлы ағзалар қатарына жатады. Бауырды тіпті екіге бөліп, екі адамның өмірін құтқарып қалуға болады.
El.kz: Туыстық донор табу да оңай емес, бұл мәселе қашанға дейін созылмақ?
Рахымжан Жолдыбекұлы: Біздегі өзекті мәселе – донорлық. Егер мәйіттік донор дамитын болса, күнде трансплантация жасауға дайынбыз. Сонда кезекте тұрған қаншама адамды құтқарып қалар едік. Былтыр алғаш рет мәйіттік донордан бауырды алмастырдық. Ағзасы қалыпқа келіп, қайтадан өмір сүруге мүмкіндік алған азаматтар бізді көргенде «анамыз» деп айтатыны бар. Олар өздерін қайта өмірге келгендей сезініп, отбасына сау ағзамен оралады, ары қарай атқарып жүрген жұмысын жалғастырады. Бүгінде біздің ауруханада трансплантация әлемдік деңгейде жасалады. Бұған ағзаларын ауыстыруға Израиль, Австрия, Украинадан келген шетелдік азаматтар дәлел. Олардың келу себебі, бізде операция арзан тұрады, сондай-ақ кезек аз.
Бірде итальяндық әріптестер ағза алмастыру бойынша мастер-класс өткізуге келген болатын. Алайда олар тек мәйіттік донор бойынша ғана жасай алатын болып шықты. Содан біз Астанадан қазіргі басшымыз Абылай Дөңбайды шқырдық. Ол сол кездері Астана қаласындағы №1 ауруханада жұмыс істейтін. Сөйтіп туыстық донор арқылы операция кезінде Абылай Әбжаппарұлына шетелдік әріптестер тек ассистент болғаны бар. Жалпы біз бүгінгі таңға дейін 201 бүйрек, 32 бауыр ауыстырдық.
El.kz: Рахымжан Жолдыбекұлы, өзіңіз трансплантация жасауды кімнен үйрендіңіз, қай елдің тәжірибесіне сүйенесіз?
Рахымжан Жолдыбекұлы: Мен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетін хирургия мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Белоруссияда білім алдым. Трансплантация бойынша Минск қаласындағы клиникада ординатурадан өттім. Ол жақта барлығы дұрыс жолға қойлыған. Үш жыл сол елде оқып келгендіктен, сол білімімді тәжірибемде қолданамын.
El.kz: Дәрігер болуды бала кезден армандадыңыз ба, жалпы медицинаның күрделі саласын таңдауыңызға не себеп?
Рахымжан Жолдыбекұлы:Дәрігер боламын деген емеспін, бірақ 11 класс оқып жүргенімде анам жетінші баласын босанарда қатты қиналды. Жасы 45 те болатын. Ауыр халде келді перениталдық орталыққа. Анамды олар өлімнен арашалап қалды, сол сәттен бастап мен де осы саланы таңдап, адамдарға өмір сыйлаймын деген нақты мақсат қодым. Көпбалалы отбасынан шыққан соң ата-анама оқыту оңай болмады. Ақылы негізде оқыдым. Бірақ ата-анамның жағдайын көріп тұрған соң оларға тіиісінше көмегімді берейін деп бірінші курстан санитар болып жұмыс істеуді бастадым. Үшінші курста жедел жәрдемге фельдшер болып ауыстым, оқуымды аяқтап, диплом алған соң дәрігер болып жұмыс істедім. Солай-солай тәжірибе жинақтадым. Аштықты да, тоқтықты да көрдім. Дәрігер барлық сатыдан өткенде ғана пациенттерінің жағдайын жақсы түсінеді деп ойлаймын.
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ
El.kz: Уақытыңыздың басым бөлігін ауруханада өткізетін сияқтысыз. Отбасыңызға көңіл бөліп үлгересіз бе?
Рахымжан Жолдыбекұлы:Мен үшін отбасымнан бұрын пациенттерімнің халі, олардың аяқтан тұрып, сауығып кетуі маңызды. Науқастарда отадан кейін жайсыздық тумауы керек, сенің кесіріңнен науқас көз жұмып кетпеуі керек... бұл үлкен жауапкершілік. Әрине отбасым – бақытым, оларға көңіл бөліп, уақыт табуға тырысамын. Бірақ мойындаймын, жұмыс уақытым күндізгі 16:30-ға дейін болса, мен одан кеш шығамын. Кейде түнімен жүремін. Операциядан шыққанда осы кабинетте тұрған диванға жата салып, ұйықтап кететінім бар.
El.kz: Иә, әрбір дәрігер пациент алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана осындай жауапкершілікті өз мойнына алады деп ойлаймын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, ешкім ауырмасын, бай-қуатты болайық деп тілеймін!