31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күні жаппай қуғын-сүргін кезіндегі зиялылардың әртүрлі әрекеттері есімізге түсетіні жасырын емес, деп жазады El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Ол кезде ешкімге оңай болмады, бәрін үркітіп-қорқытты, мәжбүр етті дейін десең, әлдебіреулердің әрекетін ақтағандай боласың. Бірақ өте бір қиын заман еді ғой ол. Қызыл жендеттер кейде қорқытады, кейде алдап-арбайды. Арбауына түссең адасқаның. Сөйтіп, біріңді біріңе аңдытып қояды.
Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ зиялыларының басына осындай зобалаң түсті. Одан бертінде де жалғасқаны анық. Шындығын айтқанда, кеңес билігі үстемдік құрған 70 жыл бойы солай болды ғой. Ар мен абыройға сынақ түсер кезең еді. Сол тұстағы зиялы қауымның іс-әрекеті қандай болып еді деген төңіректе дау әлі басылмай келеді. Тарих теңізінің түбінде жатқан талай сыр бір кезде қалқып су бетіне шығады, бірде қайтадан тереңге кетеді. Біреу ащы да болса шындық айтылуы керек десе, енді біреу сатқындық жасады делінгендердің шашасына шаң жуытпай әлек. Қай-қайсының да өз шындығы, өз көзқарасы бар.
Сондай әрқилы күндердің бірінде тағы бір елең еткізерлік жайт қылаң беріп шыға келді. Оны өткен жылдың басында «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлының тележүргізуші Мая Бекбаеваға берген сұхбатында айтып өтті.
1938 жылы қазақ әдебиетінің соңғы үш алыбы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин атылғанда, Сәбит Мұқанов бастаған қазақ кеңес әдебиетінің болашақ классиктері Көктөбеге шығып, «енді қазақ кеңес әдебиетінің классиктері біз боламыз» деп, осы күнді атап өтті. Өзі де солай болды ғой, – деп еді сол сұхбатында алаштанушы.
Осылайша, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кетті. Әрине, ондай сөзді қалт жібермейтін өз әріптестеріміздің арқасында. Тарағаны дұрыс болмады дей алмаймыз. Айтылған нәрсенің бәрібір жерде қалмасы аян. Бірақ біз бір нәрсені ұмытып кетіппіз. Алаштанушы бұл деректі қайдан алды? Кім айтқан немесе қайда жазылған? Осыны Сұлтан Хан Аққұлының өзінен сұрадық.
Сол 1938 жылы Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы, Ілияс Жансүгірұлы және Бейімбет Майлыұлы «халық жауы» деген нақақ айыппен атылып кеткеннен кейін Сәбит Мұқанов бастаған кеңес дәуірінің 20-30-шы жылдардағы алғашқы ақын-жазушылары бір топ болып Көктебеге шығып, «енді біз классик боламыз» деп жуғаны туралы әңгімені мен 1990-95 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері болып жүрген кезімде сондағы үлкен буын ғалымдарымыздың аузынан естідім. Ал «Естіген құлақта жазық жоқ» деген бар. Оның үстіне бұның ащы да болса шындық екеніне ешқандай күмәнім болған емес. Өйткені мен Сәбит Мұқанов туралы одан да басқа, одан да сұмдық әңгімені естігенмін. Оның ішінде Сәбит Мұқановтың 1973 жылы Социалистік еңбек ері атағы берілейін деп тұрған кезде аяқ астынан дүние салуының бір үлкен жұмбағы, сыры бар. Бұл туралы айтпай-ақ қояйын. Оны әңгіме арасында достарыма айтып жүремін. Бұны да әдебиеттанушы ғалымдарымыздың үлкен буыны өкілінің аузынан естігенмін, – дейді филология ғылымдарының кандидаты.
Ал филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Күләш Ахметованың бұл сөзге күмәні әрі қарсы уәжі бар.Ол бұның бүгінге біреулердің айтқанымен жеткенін, яғни тасқа басылған дерегі жоқтығын былай қойғанда, қарапайым қисынға да келмейтін әңгіме екенін алға тартады.
Көктөбеге байланысты Сұлтан Хан Аққұлының қатесін желі оқырмандары сол сәтте-ақ айтқан. Ал Сәкен мен Сәбиттің достық қарым-қатынасын білмеу, не болмаса арасына фактісіз сына сала сөйлеу, ғылыми-зерттеу институтын басқарып отырған ғалымға лайық па? Алаш атындағы институтты басқару дегеніміз алашты аумағымен, сол кездегі қатысы бар замандастарымен қоса зерттеу емес пе?.. Сосын, Сұлтан Хан «осы күнді атап өтті» дейді. Бірақ Сәкен, Ілияс, Бейімбет бір күнде атылған жоқ. Бұл –біріншіден. Екіншіден, 1938 жылы Көктөбеге жол да түспеген. Көктөбе 1965-1970 жылдары бесжылдық жоспармен салынды, – дейді Күләш Ахметова.
Ол әлгіндей әңгімелердің шығуына мүдделі адамдар бар деп есептейді. Яғни әдебиеттанушының ойынша, «Сәбит Мағжанды сатты, одан кейін Сәкенді сатты» деген сияқты және тағы басқалар туралы осы тектес әрқилы сөздер қазір нақты дәйегі жоқ долбар ғана болып тұр. Мұның бәрі Алаш қайраткерлері ақтала бастағанда «кім сатты?» деген сұраққа жауап іздеу нәтижесінде шыққан. Бірақ бүгінгі зерттеушілердің бұл тұрғыда дәл тигізер дәлелі жоқ көрінеді.
Алаш қайраткерлері ақталған 1988 жылдың соңы, 1989 жылдың басы... Қарапайым халық «өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп қуанып, «кім не жазыпты, қашан қолға тиеді?» деп күтіп отырғанда, зерттеушілердің алғашқы легінің кейбірі «кім ұстатты?» деген сұрақпен Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінің» соңына түсті. Әуезов атындағы әдебиет институты қайраткерлердің өмірбаянынан бастап шығармашылығын Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» (1931ж) еңбегінен өз ыңғайларына қарай пайдаланып жатты. Себебі олардың өмірбаяндары мен шығармаларының аты аталып, талданған жалғыз монография Мұқановтың еңбегі болатын. Сол кездегі шала-шарпы зерттеумен Сәкенге күмәнданғандар ол ойларынан айнып, қазір Сәбит Мұқановқа ауысуының себебі сол. Оны «суға кеткен тал қармайды» десек болар. Кезінде асығып-аптығып айтып қалғандардың көбі дүниеден өтті. Ал бүгінгі белсенді – сол кездің шәкірті, – дейді филология ғылымдарының докторы.
Күләш Ахметованың айтуынша, ол кездегі қазақ зиялылары бір-бірін сатпағаны былай тұрсын, бір-бірімен жақсы араласқан, бір-біріне шын көңілмен қол ұшын созып отырған.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қарым-қатынасы жақсы болған. Оған нақты дәлел – 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен жалпықазақ жиынының екі хатшысының бірі Міржақып Дулатов болса, екіншісі Сәкеннің досы – Ақмола облысынан қатысқан Асылбек Сейітов еді.Көзі ашық, санасы ояу адам осыдан-ақ бағамдай білуі керек. Ал 1936 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден арып-ашып Алматыға келерде кімге хат жазды? Кіммен ақылдасты? Кім құшағын жайып қарсы алды? Мағжан кімнің үйінде қона жатып қонақ болды? Оны кім Мирзоянға талантты ақын деп мақтап, ертіп апарып таныстырды? Алдын ала қаламақысын кепіл болып алып берген кім? Әрине, Сәбит Мұқанов пен Сәкен Сейфуллин, - дейді ол.
Сол үшін де Мұқановтың өзінің басына қара бұлт төнген. Партиядан шығарылып, Жазушылар одағының басшысы қызметінен қуылды. Бұл жағдай тура сол қанды қасап өршіп тұрған 1937 жылы болған. Оның үстіне Сәбит Мағжанды жерлес аға, ұстаз тұтты. Әдебиеттанушының ойынша, сондықтан да шәкірті ұстазын сатты деген еш қисынға келмейді. Әрі Мағжан Жұмабаевты тергеу материалдарында ондай мәлімет жоқ болып шыққан.
Десе де, Сұлтан Хан Аққұлының сөзіне қарағанда, мәліметтер бүгінге жетпей жойылып кетуі де мүмкін.
Тіпті мен өз көзіммен көргенмін. «Казахстанская правда» және сол кездегі «Еңбекші қазақ», осы күнгі «Егемен Қазақстан» газеттерінде Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, көсемдер» деген мақаласы болған. Қазір Қазақстандағы кітапханалардан, «Еңбекші қазақтың», «Казправданың» сол сандарынан әлгі мақаланы таба алмайсыздар. Оны ойып алып тастаған. Міне, осындай жәйттар бар. Негізі, ақын-жазушыларды, жалпы шығармашылық өкілдерін құзырлы органдардың өздеріне тыңшы ретінде, жансыз ретінде ұстауы – ол кеңес дәуіріне үйреншікті құбылыс болатын. Яғни ОГПУ (бірлескен мемлекеттік саяси басқарма – ред.), НКВД (ішкі істер халық комиссариаты – ред.) одан кейін МГБ (мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі – ред.), КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) секілді атынан ат үркетін органдардың кез келген мекемеде, оның ішінде шығармашылық адамдарының, зиялылардың ортасында міндетті түрде бір тыңшысы, «тоқылдақтары» болғанын кеңес дәуірін басынан кешкен адамның барлығы толық растай алады, – дейді алаштанушы.
Сұлтан Хан Аққұлының ойы мұндай әңгіменің бәрін жасырып-жаппай, ашық айтып отыру керек дегенге саяды.
«Менің бұл мәліметтерді айтып жүрген себебім бар. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дейді. Біз кеңес дәуіріндегі жалған құндылықтармен тәрбиелендік. Бірақ ендң сол замандағы небір сұмдықтарды ашып айтатын кез келді. Соның бәрі түгел әшкере етіліп, халық мұны білуге тиіс. Өйткені біз кеңесссіздендіру, коммуниссіздендіру дәуірін бастан кешпедік. Былайша айтқанда, кеңес дәуіріндегі жалған құндылықтардан, жалған, ай жүзді жазушы, ғалымдарымыздан әлі арылған жоқпыз. Олардың атын атап, түсін түстеген жоқпыз. Енді тәуелсіздік дәуірінде біз осы кеңес заманындағы келеңсіз құбылыстардың барлығының бетін ашуымыз керек. Сонда ғана біздің қоғам жалған құндылықтар мен көсемдерден арылады. Әйтпесе, сол келеңсіз құбылыстардан ешқашан тазара алмаймыз. Сөйтіп, ұлтымыздың мәдениетіне, салт-дәстүріне, діліне лайықты іс-әрекет жасалмай қалады», – дейді ол.
Алаштанушының ойынша, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған арыстарымыздың ақтала бастағанына 40 жылға жуық уақыт болса да, ХХ ғасыр басындағы және оның бергі жағындағы тарихымыздың қалтарыс-бұлтарысын әлі күнге дейін түгендеп айтқан жоқпыз. Ал өзі осы тұрғыда еңбек етуді еш тоқтатпақ емес.
Кеңес дәуірінде біз Алаш партиясын, Алаш республикасын мейлінше жамандап, бір ғана Амангелдіні өлтірді деп, бүкіл Алаш қайраткерлері – Әлихан, Ахмет, Міржақыптарды түгел қаралап шыққан жоқпыз ба? Амангелді батыр дейміз. Сөйтіп, Торғай оязының біріндегі көтерілісті жоқ жерден бүкіл қазақ халқының 1916 жылғы бас көтеруінің негізі қылып қойдық қой. Ал соны істеген Кейкі батырды неге біз кеңес дәуірінің кезінде Амангелдімен қатар қойып, неге оны халық қаһарманы қылмадық? Өйткені ол большевиктерді басын кесіп өлтіріп, оны найзаның басына шаншып қойған. Ал Торғай оязындағы көтерілісті бастаған Амангелді емес, Әбдіғаппар хан емес пе еді? Неге соны көтермедік? Неге Амангелдіні ғана айттық? Өйткені Әліби Жангелдин оны түйе құсатып мұрнынан жетектеп жүрген. «Большевик» деген «қыпшақ» дегеннің орысша аудармасы деп алдайды. Сосын Амангелді Міржақып пен Ахмет бастаған Алаш әскеріне қарсы шыққан кезде арғын әскеріне қарсы шықтым деп ойлаған. Сондай адамды жер-көкке сыйғызбай мақтап, тіпті ол туралы қазақтың тұңғыш фильмі түсірілді. Ол, негізі, саяси көзқарасы рушылдықтан ары аса алмаған азамат қой. Осыдан екі жыл бұрын қазақтың тұңғыш коммунистері туралы мақала жазғанмын. Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бақытжан Қаратаевтардың кім екенін түгел айттым. Солай неге ашып жазбаймыз? Өйткені тарихымызда, әдебиетімізде әлі күнге дейін кеңестік мектептен, соцреализмнің шекпенінен шыққан ақын-жазушы, ғалымдарымыз үстемдік етіп отыр. Сол кеңес одағы кезіндегі ақын-жазушыларымызды төбемізге көтеріп, жаман үйреніп қалғанбыз, - дейді – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Міне, әр тараптың өз шындығы бар. Осылайша, жаппай қуғын-сүргін кезіндегі және оның алдындағы қазақ зиялыларының іс-әрекеттеріне қатысты зерттеушілердің пікірі де екіге жарылып отыр. Екіге ғана емес-ау, бұл тұрғыда әрқалай ойдың тетігін ағытып жүргендер бар. «Шындық айтылсын дейміз. Сол шындықтың неге керегі бар?» дегендерді де естіп отырмыз. Сол баяғы атақты адамдардың атына дақ түсірмеу, оларға шаң жуытпау сарынындағы пікірлерді де ұшыратамыз.
Бұл жерде мәселе Сәбит немесе Сәкен аталарымызда ғана емес. Бізде әлімсақтан біреуді аяласақ, соны мінсіз періштеге айналдырып, ал аямасақ, жеті атасына дейін жек көріп кететін әдет қалыптасқан. Дүниеге ақ пен қара деп қана қараймыз. Анау батыстағыдай тарихты да, ондағы ұлы тұлғаларды да, қалай болды, солай айтуымыз керек қой. Сайып келгенде, нағыз шындық содан туады. Ендігі жерде оған үрке қараудан да арылуға тиіспіз.