Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды. Бұл туралы бірінші жәбірленуші Арман Әлімовтің адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау деректері бойынша тергеу басталған болатын. Адвокат Әлішер Әлішевтің айтуынша, Арман Әлімов адам ұрлау мен денсаулыққа зиян келтіру бойынша жәбірленуші болса, бопсалау бойынша басқа жәбірленуші бар. Осылайша, бұл іс аясында екі жәбірленушінің бары расталды.
Қазіргі уақытта Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторында отыр. Адвокаттың айтуынша, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру және оны басқару бойынша айыпталмаған. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр, ал іс материалдарымен танысу процесі күтілуде.