Халықтың бестен бірі электр энергиясына қол жеткізе алмай отыр - сарапшы

27 Қыркүйек, 08:01 267

Қазақстанда атом электр станциясын салу өзекті сауалға айналып отыр. 6 қазан күні барша қазақстандықтар өз таңдауларын жасап, АЭС-ке қатысты маңызды шешім қабылданбақ. Сала мамандары мен сарапшылар атом электр энергиясының ел болашағы үшін жаңа қадамдарға жол бастайтынын айтады. Халық арасында жаңартылатын энергия көздерін қалыптастыру мәселесі кеңінен түсіндіріліп жатыр. “Экономикалық зерттеулер институты” АҚ Тұрақты даму мақсаттары Хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар El.kz тілшісіне атом электр энергиясының маңызы туралы айтып берді. 

El.kz: Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі энергетиканың рөлі мен маңызы қандай?

Бақытгүл Хамбар: Ең әуелі «тұрақты даму деген не?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Тұрақты даму – бұл бақуатты өмір сүруге жағдай жасау, яғни әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты түрде жақсы болуын қамтамасыз ету. Қазіргі заманда мұны дамыған технологиясыз елестету мүмкін емес. Ал ол үшін энергетикалық ресурс жеткілікті болуы қажет. Өйткені адамның жақсы өмір сүруіне жағдай жасайтын бірде-бір міндет электр энергиясы болмаса, жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан да тұрақты дамудың басты міндеттерінің бірін энергия көздерімен, оның ішінде электр энергиясымен қамтамасыз ету деп санайды. Алайда қазір әлемдегі халықтың бестен бірі электр энергиясына қол жеткізе алмай отыр.

Жалпы қазір адамзаттың ойдағыдай өмір сүруін қамтамасыз ету үшін 17 түрлі мақсат қарастырылған. Он жеті мақсаттың жетіншісі таза және арзан тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етуге арналған. Егер қалған 16 мақсаттың орындалуы үшін энергия ауадай қажет екенін ескерсек, энергияның тұрақты болуы қаншалықты маңызды екенін түсіну қиын емес. Ал энергия қандай жағдайда тұрақты болады? Ол қазіргі кездегі адамдардың энергия көздеріне мұқтаждығын толық өтей отырып, болашақ ұрпаққа қажет ресурстарға зиян келтірмесе, тұрақты болып саналады. Алайда қазір энергетика саласы жыл өткен сайын қоршаған ортаны ластауы арта түсетін салаға айналып отыр. Энергетика саласы климаттың өзгерісіне әкеліп соғатын негізгі факторлардың біріне айналуда. Әлемдегі ауаға тарайтын парникті газ сияқты зиянды газдың 60 пайызы осы энергетика саласынан шығады екен. Ауаның ластануы адамның денсаулығына тікелей әсер ететіні түсінікті. Мысалы, 2012 жылы жанғыш отын пайдаланып, ас әзірлеу және жылумен қамтамасыз ету кезінде ауаның ластануы әлемде 4,3 миллион адамның өліміне себеп болған екен.

Демек, қазір адамның өмірінің барлық саласына жететін, бірақ денсаулығына зиян келтірмейтін энергия көздерімен қамтамасыз ете отырып, энергияны өндіруге қолданылатын ресурстарды сарқымай сақтасақ ғана тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз.

El.kz: Тұрақты энергия көздерімен қамтамасыз етудің жолдары қандай?

Бақытгүл Хамбар: Тұрақты даму жолында алға қойылған жетінші мақсат энергетикалық тапшылықты шешуге, адамға, қоршаған ортаға зиян келмейтін энергиямен қамтамасыз етуге арналғанын жоғарыда айттық.

Жалпы біздегі дәстүрлі әдіс бойынша энергияны алу қазба өнеркәсібімен байланысты екенін білеміз. Қазба жолмен жанармай алу қоршаған ортаға кері әсер ететінін, зиянды қалдықтар көлемі күн санап өсе түсетіні айтылып келеді.

Осы саладағы сарапшылар Адамзаттың электр энергиясына шектеусіз қол жеткізуіне бағытталған мақсатты орындау үшін тұрақты энергетика инфрақұрылымына жыл сайын салынатын инвестицияны барлық ел 3 есе арттыру қажет дейді.

“Барлығында ондай мүмкіндік бар ма?” “Таза, әрі қолжетімді энергия алудың ұтымды жолы қандай?” деген сұрақ туындауы заңды. Әрине, бірыңғай “рецепт” жоқ екені белгілі. Тұрақты энергия жүйесін қалыптастыру әр елдің әлеуметтік-экономикалық жүйесіне, табиғи ресурс қорына, технологиялық базасына, институттық және заңдық жағынан реттеу ерекшеліктеріне байланысты анықталады.

Тұрақты энергия алудың бірнеше жолын қарастырып көрейік:

Зарина Арман
Бөлісу: