Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін биыл 10 мыңнан аса пәтер сатып алынады

21 Маусым 2023, 20:12 984

Елімізде баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін 2026 жылға дейін қарастырылған Тұрғын үй-коммуналды инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы аясында реттеу көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінде өткізілген дөңгелек үстелде ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР ИИДМ мәліметінше, «Қазақстанның Халық партиясы» фракциясы ұйымдастырған іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ мен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ өкілдері қатысты.

Б.Қабдол айтқандай, Қазақстанда баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін 2026 жылға дейінгі Тұрғын үй-коммуналды инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы аясында шешу көзделген. Соған сәйкес республикалық және жергілікті бюджет арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына (сатып алу құқығынсыз) жалға берілетін тұрғын үйді салу немесе сатып алу қарастырылады. Биыл 10 мыңнан аса пәтерді сатып алу жоспарланған. Бұған қоса кіріс көлеміне байланысты кезекте тұрғандардың санаттарына орай «Отбасы банкі» арқылы 2-5% мөлшерлемесі бойынша кредиттік баспананы салып, жеңілдікпен несиелеу көзделген. 2023 жылы 14 мыңдай кредиттік пәтердің құрылысына 158,5 млрд теңге жұмсалмақ. Ал «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрғандарға жеңілдетілген зайым беру үшін биыл 6,8 мың пәтер сатып алу көзделген. Сонымен қатар жеке тұрғын үй қорындағы пәтердің жалдау ақысын субсидиялау (көп балалы отбасылар, жетім балалар, 1-2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сырқаты бар балаларды тәрбиелеп отырған, отбасының бір мүшесіне шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар отбасылар) жолға қойылғанын айта кетейік.

Халықтың төлем қабілетіне байланысты сұранысты қанағаттандыру үшін тиімді ипотекалық бағдарламаларға (ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарламалар және «2-10-20», «5-10-20» жеңілдетілген кредит) сәйкес бастапқы жарнаның бір бөлігін жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек ретінде немесе бюджеттік кредит түрінде тұрғын үй сертификатымен өтеуі мүмкін.

Бұдан басқа Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары көппәтерлі тұрғын үй құрылысына арналған тетіктер туралы айтып берді.

Тұрғын үй-құрылыс кооперативіне көппәтерлі баспананың құрылысына байланысты жер учаскесі беріліп, құрылыс ұйымымен тиісті келісімшарт жасалады. Содан кейін қажетті жұмыстар аяқталған бойда салынған тұрғын үйді қабылдауға қатысады, – деді Б.Қабдол.

Бұл орайда министрлік тұрғын үй-құрылыс кооперативінің қызметін реттеу мақсатында 2019 жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізді. Соған сәйкес азаматтар көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аталған тетік арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.

Өз кезегінде тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу келісімшарттарын тіркеуді осы басқарманың (төрағасының) ұсынысы бойынша белгілі бір өңірдегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне жауапты жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Бұл қолға алынған амалдың нәтижесінде мердігер компаниялардың алыпсатарлық әрекеттері тыйылады деп көзделген.

EL.KZ
Бөлісу: