Халықты жұмыспен қамту жөніндегі шараларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті

16 Ақпан 2023, 19:04 1274

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов халықты жұмыспен қамту жөніндегі шараларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, оқу-ағарту, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Алтай Көлгінов кеңес жұмысын аша отырып, Мемлекет Басшысының атқарушы органдардың алдына 2029 жылға дейін 3,3 млн адамды, оның ішінде 2,3 млн жастарды жұмысқа орналастыру міндетін қойғанын еске салды.

Ол сондай-ақ биыл Президенттің 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын құру жөніндегі бастамасын іске асыру шеңберінде жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Тамара Дүйсенова Халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабарлады. ЕХӘҚМ басшысы халықты жұмыспен қамтудың 20 өңірлік картасы бекітілгенін атап өтті.

«2023 жылы өңірлік карталар шеңберінде 947,8 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде: 70,2 мың адам іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасады; 161 мың адам – субсидияланатын жұмыс орындарына; 341,8 мың адам – мемлекет басшыларының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде; 320,4 мың адам – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына; қалған 54,3 мың адам – облыстарды дамыту, шағын несиелеу және т.б. бағдарламалар шеңберінде», – деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, Министр жыл басынан бері республика бойынша 97,9 мың адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде: 61 мың адам белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылғанын; 24,3 мың адам бос жұмыс орындарына орналастырылғанын; 11,8 мың адам – жеке бастамалар шеңберінде; 743 адам – ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жұмысқа орналасқаның хабарлады.

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова ағымдағы жылдың наурыз айында іске асырылуы басталатын жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жылдық 2,5% - бен жеңілдікті шағын несиелендіруді ұйымдастыру бойынша жұмыстардың барысы туралы хабардар етті, шағын несиелер беруге 29 млрд теңге қарастырылған, бұл 5,8 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, биыл республика бойынша мобильді топтар жұмыс істей бастады, олардың негізгі міндеттері: халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін қызметтер туралы халықтың хабардарлығын арттыру; жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұсыну (оқыту, гранттар, субсидияланатын жұмыс орындары) болып табылады.

Өз кезегінде бірқатар өңірлер әкімдерінің орынбасарлары халықты жұмыспен қамту бойынша жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кеңесті қорытындылай келе, Алтай Көлгінов халықты жұмыспен қамту мәселелері Мемлекет  Басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне: тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық бере отырып, 2023 жылға арналған бекітілген жұмысқа орналастыру жоспарларының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді; электрондық еңбек биржасында орналастыра отырып, жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс берушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасауды; осы жылғы 20 ақпаннан бастап микрокредиттер беру үшін бизнес-идеялар конкурстарын өткізу бойынша жұмысты бастауды тапсырды.

EL.KZ
Бөлісу: