Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева премьер-министрге баспана алу мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тұрғын үй сатып алу көптеген отандастарымыздың қол жеткізе алмай келе жатқан арманы.
Жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар, оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Соның ішінде І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қарт зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар, – деді депутат.
Ол халықтың әлеуметтік осал топтарының үш санатындағы отбасылар оның ішінде, көпбалалы, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялардың баспанаға қол жеткізуі мәселеге айналғанын айтты.
Елде әлеуметтік мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың бар екені белгілі. Алайда, бұл бағдарламаларды іске асыру қолжетімділіктің күрделілігіне, кезекті ұзақ күтуге, қаржыландырудың шектелуіне, салынып жатқан тұрғын үйдің жетіспеуіне, атқарушы органдар тарапынан халықтың жеке қажеттіліктеріне немқұрайлы қарауына байланысты тиімсіз болып отыр, – дейді Гауһар Танашева.
Депутат бастапқы жарнаны төлемей, баспана алудың баламалы тетіктерін енгізуді және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі ересектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке кезек жасауын, «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасыларды қосуын сұрады.