Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

1 Желтоқсан, 20:05 379

Бүгін Алматыда  XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аяқталды. Орталық Азияның басты кино оқиғасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген киношерлер мен киносүйер қауымды біріктірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениент және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бір апта бойы көрермендер 30-дан астам фильмді тамашалады. Оның 22-сі байқау бағдарламасына қатысты. Фестиваль алаңы мәдени пен шығармашылықтың қазанына айналып үлгерді. 

Фестиваль қатысушылары мен қонақтарына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзі жеткізілді. Оның құттықтауын Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли оқып берді. 

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары: 

NETPAC әділ қазыларының жүлдесі «Белгісіз елге» фильмі, режиссері Махди Флейфель;

Халықаралық байқау қазылар алқасының төрағасы Нури Бильге Джейланға «Әлемдік кинематографияға қосқан ерекше үлесі үшін» сыйлығы берілді.

Белгілі қазақстандық актер Досхан Жолжақсынов «Қазақстан кинематографиясына қосқан ерекше үлесі үшін» марапатталды.

Халықаралық байқау: 

Ең үздік әйел рөлін сомдағаны үшін жүлде – Флорентина Хольциенгер, «Ай» (Moon), Аустрия; 

Ең үздік ер рөлін сомдағаны үшін жүлде – Артур Пачесный, «Жоқтың қасы» (Next to Nothing), Польша; 

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Нирвана» (Nirvana) фильмі, режиссері Асиф Ислам, Бангладеш; 

Ең үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлде – Джун Мин О, «Жыл маусымдары үйі» (House of the Seasons), Оңтүстік Корея; 

Үздік фильм үшін гран-при – «Жоқтың қасы» (Next to Nothing), Польша, режиссері Гжегож Дебовски.

Орталық Азия және Түркі әлемі елдерінің байқауы:  

Ең үздік әйел рөлін сомдағаны үшін жүлде – Эльза Каримова, «Ғашықтар тауы» (The Lovers’ Mountain), Татарстан; 

Ең үздік ер рөлін сомдағаны үшін жүлде – Абылай Марат, «Шекарадағы мәміле» (Deal at the Border), Қырғызстан; 

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Хемме өлетін күндердің бірінде» (One of the Days When Hemme Dies) фильмі, Түркия; 

Ең үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлде – Аруан Анартай, «Жоқтау» (Joqtau), Қазақстан; 

Үздік фильм үшін гран-при – «Ақ тырналар билейтін жерде» (Where the White Cranes Dance), Саха Республикасы (Ресей).

Фестивальдің жабылу салтанатында KhazaR этно-фьюжн тобы, Aljazz эстрадалық-симфониялық оркестрі және VIVAT шоу-балеті өнер көрсетіп, кино апталығын шымылдығын жапты.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы –  Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

 
Перизат Саденова
Бөлісу: