Халықаралық еріктілер форумы: төтенше жағдай кезінде алғашқы медициналық көмек қалай көрсетіледі?

20 Маусым 2023, 13:00 2211

Елордада өтіп жатқан Халықаралық еріктілер форумына Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері де келіп, келушілерге алғашқы медициналық көмектің қалай жүргізілетінін көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің «Апаттар медицинасы орталығы» мекемесі апаттар, зілзала кезінде арнайы көмек көрсетеді. Мекеменің қызметкері Еркебұлан Мырзабеков еріктілер форумына оқу-жаттығу манекені мен қажетті медциналық құралдарын ала келіпті.

Форум қатысушыларына және еріктілерге төтенше жағдай кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретіп жатырмыз. Бұл аппарат арқылы медициналық сауаттылық артады. Кез келген азамат жасанды тыныс алуды білуі керек, – дейді ол.

Жуырда Абай облысында болған алапат өртке министрліктің «Апаттар медицинасы орталығының» Семей, Өскемен филиалдарының қызметкерлері қол ұшын беріп, атсалысқандарын айтты. Жалпы, өрт кезінде жүрек талмасы, жарақат, көмірқышқыл газына улану болады. Сондай жағдайда олардың тарапынан алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.


©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Бұдан бөлек Түркиядағы зілзалаға да біздің қызметкерлер атсалысты. Форумға келгендер алғашқы медициналық көмектің қалай көрсетілетінін өз көздерімен көріп, қызығушылық танытып жатыр. Онымен қоса орталығымызға үйренемін деп жас еріктілер мен азаматтар көп келеді. Оларға бәрін тегін үйретеміз. Бізде барлық медициналық құрылғы бар, – дейді Еркебұлан Мырзабеков.

Ол форумға әкелінген құрылғыны қарапайым адам бірден түсінбеуі мүмкін екенін айтты. Мәселен, бұл жерде адамның жағдайын, жүрек соғысын аппарат арқылы тексеретін құрылғы тұр. Бұдан бөлек ағзадағы оттегі деңгейін анықтайды. Алғашқы медициналық көмек кезінде мұндай құрылғылармен жиі жұмыс істейтінін және сол құрылғының көрсеткіші арқылы науқасқа медициналық тәсілдер тағайындалатынын тілге тиек етті.

©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: