Халықаралық аккредитация алған тұңғыш қазақ журналисі

26 Сәуір 2021, 16:12 4457

Дипломат-журналист Ержан Үбәйдаұлымен сұхбат

 

Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің өмір жолы өзгелерге қарағанда әлдеқайда ерекше. Бір емес, екі бірдей салада қызмет жасап, оны абыроймен атқарған арда азамат. Журналист-дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ержан Уәйіс. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы тарихи оқиғалардың куәгері және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланған кезде сұхбат алған алғашқы журналист. Ержан Үбәйдаұлы еліміз егемендік алғаннан кейін халықаралық аккредитация алып, Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болған. Аңыз адамдардың басым көпшілігінен сұхбат алып, тарихи тұлғалардың сенімді серігі бола білген. Осы ретте көрген-түйгені мол, көкірек қойнауы қазынаға толы, еңбек жолы журналистика саласынан бастау алып, әрі қарай саяси қызметке ұласқан ағамыздың тілдескен едік.


 

Ержан Үбәйдаұлы бүгінде ел алдында сыйлы, құрметті азаматтардың қатарында. Мұндай тектілік ол кісіге ұрпақтар сабақтастығы арқылы ата-бабасынан дарыған. Мәселен, арғы ағасы Төрежан ахун қазақтың мақтанышы, көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың атын Мұхамедқанафия деп азан шақырып қойған молда. Ол уақытта ораза айында Сыр бойындағы молдалар Арқа төріне барып, исламдық дәстүрді насихаттап, халықтың ортасында жүрген.

 

- Менің туып өскен ортам – Оңтүстік өңіріндегі Отырар ауданы, Маяқұм елді мекені. Атамыз белгілі дін ғұламасы, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Уәйіс қожа Отырардағы Арыстан баб әулие кесенесінде көп жыл шырақшы болған. Кейін қожа-молдаларды қуғындау кезінде солақай саясаттың «тұзағына» ілігеді. Ал Уәйіс атаның әкелері үлкен дін қайраткері – Төрежан ахун. Кезінде Самарқанда, Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алып, Сыр бойындағы Өзгент жерінде медресе ашады. Елді ислам жолына бағыттап, имандылыққа бетбұрыс жасаудың алғы шебінде қызмет етеді. Рамазан айында Арқа жерінде халықпен бірге болған. Атақты Құнанбай қажымен, Көкше өңірінде төре тұқымының ірі өкілі Шыңғыс төре Уәлиханұлымен, оның жұбайы, Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызымен, Шорманның Мұстафасымен жақсы қарым-қатынаста болады. Отыз күн ораза кезінде ислам әлемінде игі істерді халыққа барынша жеткізіп отырған көрінеді. Бүгінде Төрежан ахун атамыздың мәңгілік жатқан жері – Жаңақорған ауданындағы Хорасан Ата – Әбдіжалил баб кесенесінде. Қазір Хорасан Ата республикалық қорының президентімін. Маяқұмдағы орта мектепті бітірдім. Сол мектепте әкем Үбәйда, інісі Нұртаза және белгілі қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков оқыған. Білім ордасында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мұражай бар. Оны экспонаттармен толықтыруға атсалысамын. Орта мектепті бітірген соң, Алматыға оқуға кеттік. Қазақстандағы ірі білім ордасы – қазіргі Әл-Фараби ҚазҰУ, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде журналист мамандығы бойынша білім алдым. Сырттай оқыдым. 1968 жылдан 1993 жылға дейін Қазақ телевизия және радиохабарлары комитетінің ұлттық теледидарында қызмет атқардым. Кіші редактор, редактор, бас редактор, шолушы комментатор, диктор, саяси шолушы баспалдақтарынан өттім. Ол кезде қазақ телевизиясында Қазақстан бойынша бір ғана арна еді, - дейді кейіпкеріміз.

 

Өткен мен бүгіннің дәнекері Ержан Үбәйдаұлы журналист болған сәттерін сағына еске алады. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігінің әсерінен биік белестерді бағындырған. Тарихта еліміздің Тұңғыш президентінен тұңғыш сұхбат алған журналист болып қалары сөзсіз. Ал мұндай жауапты сәт екінің бірінің бағына бұйырмайтыны белгілі.

 

- Алғашқы экранға шыққан күнімді ерекше сәтке балаймын. Тікелей эфирде бүкіл республика көреді. Он тоғыз облысты аралап, өндіріс орындарында, шахталарда, зауыттарда, елді мекен, колхоз-совхоз, егін алқаптарында жүресің. Қазақстан ол заманда бір миллиард пұт рекордты астық беретін ел болды. Содан күнде кешкі сағат 22.00-де 40 минут «Алтын дән» хабарын тікелей эфирде жүргізетін едім. Кеңес Одағында 1 мамыр, 7 қараша мерекелік шерулер өтетін. Соның сценарийін жазып, Алматыдағы Орталық алаңда «уралап» айқайлап тұратын кез тарихи белестердің бірі. Мен теледидарда – экранда болсам, радиода диктор – халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев қоңыр дауысымен репортаж жүргізетін. Елді таныдым, елді Қазақстанға таныттым. Қазақстанның бірінші басшысы, қазақтың біртуар перзенті – Дінмұхамеммед Ахметұлы Қонаевтың телевизиялық түсіру тобында жеке тілшісі болдым. Ол кісі қатысқан жиындардан репортаж жүргізу, облыстарды аралау кезінде бірге жүру – қызметімнің шарықтау шегі. Кейін зейнет жасына шыққан соң да, Қонаевтың жанынан табылдым. Алты сағаттық фильм түсіріп, 80 жылдығында арнайы сұхбат алдым. 12 қаңтар – Дінмұхамед Ахметұлының туған күні. Сол күні өзім түсірген бейнекөріністерді эфирге шығарып отырдым. Сондай-ақ қазақ телевизиясының тілшісі, дикторы болып қызмет еткен кезеңде көптеген ұлы тұлғалардан сұхбат алдым. 1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан президент болып сайланған күні бірінші сұхбат алу бақытына ие болдым. Ол көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елімізге есімі танымал тұлғалармен бірге жүрдім. Ұлы Баукең – Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдинов, партизан жазушы, халық қаһарманы Қасым Қайсенов, тағы да екі мәрте батыр атанған диқан ата – Ыбырай Жақаев, Мойынқұмнан шыққан атақты шопан – Жазылбек Қуанышбаев, белгілі қаламгерлер – Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Әнуар Әлімжанов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Қалтай Мұхамеджанов. Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, әйгілі сазгер – Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, өнер шеберлері – Әмина Өмірзақова, Еңбек Ері Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, әйгілі ғалымдар – Шахмардан Есенов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Өмірбек Жолдасбеков, Манаш Қозыбаевтан сұхбат алу мәртебесі бұйырды, - деп атап өтті Ержан Үбәйдаұлы.

 

Кейіпкеріміз Қазақстанның Түркиядағы тілшісі болып жүріп, сол елде елшілік ашылғаннан кейін Стамбулдағы бас консул қызметіне тағайындалады. Осылайша саяси қызметке кірісе келе, екі елдің арасындағы достықты дәріптейтін алтын көпір орнатады. Ел көрген, жер көрген журналист өз тәжірибесін халықаралық деңгейдегі байланысты нығайтуға арнайды.

 

- 1978 жылы Жастар мен студенттердің дүниежүзілік ХІ фестивалі Кубада – Гавана қаласында өтті. Форумға КСРО атынан делегат болып қатыстым. Тележурналист-оператор ретінде таңдауға іліктім. Сол сапарда Хосе Марти алаңында Куба президенті Фидель Кастро Руспен кездесу өтті. Үш рет көріп, шетел журналистерімен бірге сұхбат алдым. Қазақстанға үлкен сапарлармен келген Өзбек мемлекетінің басшысы Шараф Рашидов, Қырғыз мемлекетінің басшысы Турдакун Үсібалиев, Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Татар президенті Минтимир Шаймиев, Ресей губернаторы Аман Төлеев, Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьері Ұзақбай Қараманов, қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков сынды бірнеше тарихи тұлғалардан сұхбат алумен жаңа биіктерге көтерілдім. Осы егеменді мемлекеттің бір перзенті ретінде мен де Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы қажырлы еңбегінің, ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін. Елбасының қолдауымен Тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күнінде шетелде аккредитацияға тіркелген Түркия Республикасының тұңғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны мен үшін Алланың үлкен сыйы еді. Нұрсұлтан Әбішұлы – Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасымен ең бірінші болып қазақ теледидарына сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Ол кезде республикада бір ғана телеарна еді. Мұрағатымда өзім түсірген Елбасымыздың 1991 жылғы 1 желтоқсандағы Президент сайлау күніндегі және 1989 жылы жазда Орталық Комитетінің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң түстен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алған сәті бейнеленген фотосуреттер бар. Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азаттық» радиосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақстанға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бастап, Алла үйіне ат басын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді. Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін үлкен бақыт болды. Сол кезеңдерде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке барған сапарлары кезінде жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді. Он шақты жылдай уақыт дипломатиялық қызмет атқарып, Стамбул қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын, - деп ағынан жарылды Ержан Үбәйдаұлы.

 

Дипломат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанында жүріп, талай тарихи оқиғаларды өз көзімен көрген және өзі де сол тарихи сәттердің кейіпкері болған. Бұрынғы Түркия Президенті Тұрғыт Өзал біздің бүгінгі кейіпкерімізге фотоаппарат сыйлаған. Бауырлас елдер арасындағы мәдени-рухани байланыстар сол сыйлыққа сыйған кадрлар арқылы тарихқа таспаланған.

 

- 1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекет басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиында Тұрғыт Өзал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп, алғашқы сөзді Елбасына берді. Елбасы бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды. Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен алпыс миллион қазақ» бар деп айтуы қазақ халқының алар орны қандай екенін көрсетсе керек. Елбасы сонда ризалықпен Тұрғұт Өзалды бауырына қысты. 1992 жылы Тұрғыт Өзал елімізге келгенде Елбасы Еуразиялық Одақ құру туралы идея көтерген болатын. Сонда Тұрғұт Өзал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деді. Бүгінгі күні арада жиырма тоғыз жыл өткеніне қарамастан Елбасының көрегендікпен айтқан идеясы өз өміршеңдігін көрсетіп, көп елдерде қолдау тауып отыр. 1992 жылғы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға бірінші рет әуе ұшағы көтерілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды. Оны еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдің Президенті Тұрғыт Өзал қабылдады. Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті түйе шапан мен қамшыны сыйға тартты. Тұрғыт Өзал «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездерде осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді, Елбасының іссапарлары мен кездесулерінен талай суреттер түсірген едім. Осы елшілікте Түркияда дипломатияның алғашқы қарлығаштары атанған Қанат Саудабаев, Әбутәліп Ахметов, Жансейіт Түймебаев, Өміртай Бітімов, Қайрат Сарыбай, Дулат Қуаныш сынды белгілі дипломаттармен бірге қызмет атқарғанымды мақтан етемін. Олар тәуелсіздіктің шетелдегі алғашқы ту ұстаушылары еді. Әрі Елбасының сенімді өкілдері бола білді. Міне, Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жинақтап, деректі фильмдер жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді, - деп әңгімелеп берді кейіпкеріміз.

 

Бүгінде түбі бір түркі халықтарының рухани жақындығы айқын көрініс тапқан алтын уақыт. Бұл байланыс кеше, бүгіннен басталған жоқ, оның тарихи арқауы сонау Тәуелсіздік алған кезеңнен, тіпті одан да әріректен басталады. Осының бәрі Ержан ағамыздың көз алдынан өткен. Сондай-ақ Ержан Уәйіс ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірнеше жыл қызметтес болған.

 

- Түркия президенті Тұрғыт Өзал, премьер-министр Сүлеймен Демирелден қазақ телевизиясына бірінші сұхбат алдым. Қазіргі ел президенті, сол кезде сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың келісімімен Қазақстанның Стамбул қаласындағы Бас консулы қызметіне тағайындалдым. Бұл мен үшін үлкен құрмет болды. Кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевпен алты жыл қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан мен Түркия арасында достық дипломатиялық қатынастарды іске асыруға өз үлесімді қостым. Алғашқы атқарған үлкен шаруалардың бірі Түркиядағы қазақ қандастарымызды елге қайтару ісінде біраз шараларды іске асырдық. Елбасының келісімімен Қазақстаннан алты ұшақ келді. Оның үшеуі Маңғыстау облысына, үшеуі Қызылорда облысына жіберілді. Отандастарымызға уақытша қазақ куәлігін бердік. Осыдан кейін Елбасының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алдым, - дейді кейіпкеріміз.

 

Ержан Үбәйдаұлының Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлына алғысы шексіз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктер мен елеулі оқиғалар, ең алдымен Елбасының арқасында деп біледі.

 

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем таныған мемлекет және қоғам қайраткері. «Қазақстан» атты мемлекеттің негізін қалаушы, 1991 жылы тәуелсіздіктің туын бірінші көтерген ел президенті. Қазақ тарихының сонау сақ, ғұн, түрік қағанаты дәуірлерінен бастау алатыны белгілі. Ғалымдардың айтуынша 3000 жылдық бай тарихымыз бар. Ол көне Түркістан «Яссы» қалашығынан басталады. Ендеше Елбасы мәртебесін көтерген бүкіл түркі дүниесінің астанасы Түркістанды мәңгілік шаңыраққа айналдырмасқа?! Осыдан 90 жыл бұрын түркілердің атасы атанған Мұстафа Кемал Ататүрік: «60-70 жылдан кейін Кеңес Одағы ыдырап, түркі ұлтының өкілдері бір шаңыраққа бірегетін болатын» деген көрегендік сөзі өміршендікке айналды. Түрік ұрпақтары қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзірбайжандар бір-бір дербес мемлекетке айналды. Сол Түркі дүниесі кеңесі ақсақалдарының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес Одағы заманында-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ алаңын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Міне нағыз батырлық, қайсарлық осы болса керек. Қазір әлемнің көптеген алпауыт елдерінде ядролық қару бар. Бірақ халыққа керегі бейбіт өмір, бейбітшілік аспаны. Сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлы және қазақ халқының абыройы асқақтады. Тәуелсіздік алған соң 193 мемлекет мүшелікке өткен Біріккен Ұлттар Ұйымына кірдік. Штаб пәтері – Нью-Йорк қаласындағы алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаев тұнғыш рет қазақ тілінде баяндама жасады. Міне құрмет. Жақында Тәуелсіздік алғанымызға ордалы отыз жыл толады. Осы уақыт аралығындағы келелі істердің бәрі Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі.

 

Қазіргі таңда Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Ержан Уәйіс қазыналы кісі. Даналығы өз алдына тұнған шежіре. Әлі де болса елге бергенінен, берері көп. Басшылық ісі мен телевизия саласында жинаған мол мұрасы бүгінгі буын білуі тиіс құнды тәжірибе болмақ.

 

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: