«Халық заңгері»: Қазақстанның 150 мыңнан астам азаматы тегін заңгерлік кеңес алды

12 Маусым, 12:46 462

Құқықтық ағарту жемқорлықтың алдын алудың қажетті шарасы ретінде 2024 жылғы 30 мамырда жыл сайынғы «Халық заңгері» республикалық акциясы өткізілді, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Халық заңгері – бұл мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар халықты қабылдап, тегін заңгерлік көмек көрсететін іс-шара. Іс-шара аясында мемлекеттік органдардың 2 мыңнан астам өкілі және құқықтың 1 мыңға жуық жетекші сарапшысы халыққа түрлі мәселелер бойынша кеңес берді.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өткізу орындары сауда орталықтары, ХҚКО және ЖОО ғимараттары белгіленді. Нәтижесінде, еліміздің 187 елді мекенінде 150 мыңнан астам азамат су тасқынына қарсы іс-шаралар аясындағы сұрақтармен қоса заңгерлік кеңес алды. Акцияны аймақтық адвокаттар алқасы, заң кеңесшілері палаталары, нотариустар және жеке сот орындаушылары сияқты көптеген заң қауымдастықтары қолдады.

Сонымен қатар, іс-шараларды ұйымдастыруға жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарынан 700-ге жуық студент қатысты. Жемқорлықтың алдын алудың қажетті шарты болып табылатын азаматтарымыздың құқықтық мәдениетін арттыруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет акцияны ұйымдастырушылардың бірі ретінде баса назар аударады. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: