Халық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын бастады

18 Ақпан 2023, 21:17 1673

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу туралы жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребеден Халық партиясына №4 саны түсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Рәсім жасырын дауыс беру әдісімен жүргізілді және партия өкілдері бюллетеньдегі сандарын кездейсоқ таңдау арқылы анықтады.

Төрт саны қазақ қоғамы үшін қасиетті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Тіпті, «Төрт құбылаң тең болсын» деген де сөз бар. Бұл мақалдардың бәрі береке-бірлікке, ынтымақ-ырысқа үндейді. Яғни, біз бірігіп қана жеңіске жете аламыз, – деді партияластар.

18 ақпан сағат 18.00-де үгіт-насихат басталады. ҚХП оған тас-түйін дайын. Ал партия құжаттарын рәсімдеуде кедергілер болған жоқ,

Сайлауалды дайындық жұмыстары да толық аяқталды. Айталық, сайлаушылармен кездесу кестелері толығымен пысықталды. Үгіт құралдарын орналастыру орындары анықталып, партия бағдарламасын насихаттау бойынша көрнекі құралдар әзірленді.  

Біздің партия социализм идеологиясын негізге алған ауқымды саяси күш, – деп атап өтті партияластар. – Ал социализм дегеніміз – әлеуметтік әділеттілік. Бұл бүгінгі қазақ қоғамының талап-тілегі.

Айта кетейік, XXIII кезектен тыс съезде бекітілген партиялық тізім бойынша Мәжіліске Халық партиясынан 52 кандидат тіркелді. Оның 32,7%-ын әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар құрады. Ал 14 кандидат бір мандатты округтерден ұсынылып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: