Азия чемпионаты. 1 алтын, 3 күміс, 4 қола... Ал Өзбекстан құрамасында барлығы 9 медаль, бәрі алтын. Расымен, біз күткен нәтиже бұл емес еді. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында: «Өзбекстан құрамасы тек бізді емес, бүкіл Азияны ойсырата ұтып кетті. Өз жерінде өткен біріншілікте алдарына жан салмады, оның үстіне жанкүйерлерінің қолдауы керемет болды. Боксшылары да барынша намысқа тырысты. Дегенмен, біздің боксшылардан бір саты жоғары деуге аузымыз бармайды. Бұл сайыс басқа елде өткенде қорытынды басқаша болар ма еді, кім білсін. Бәрі уақыт еншісінде. Азияның бұған дейінгі үш чемпионатында (2011, 2013 және 2015) біз оларды басып оздық. Соңғы үш жылда өзбек боксының қарқыны тым жоғары. Ал біз апарған былғары қолғап шеберлері мұндай халықаралық сында алғаш рет бақтарын сынап отыр. Ақталу демеңіздер, әлі есемізді қайтаратын сәт туады» – деп қорытты. Десек те, бір қуантарлығы неміс жерінде өтетін әлем біріншілігіне барлығы 9 жолдаманы қанжығаға байладық. Шын қазақ боксының бүгінгі ахуалын сол дода айқындап берер.
Хош делік. Жалғыз алтын жүлдені Риода алтынға бергісіз күмісімен әлемді шулатқан Василий Левит еншіледі. Ол Азияда өзіне қарсылас шақ келтірмей, өзбекті ұтқан жалғыз жерлесіміз атанды. Қазір Левиттің бабы келісіп тұр, жүрісінен жаңылмаса әлем біріншілігі де отандасымызға бағынып қалар деген ниеттеміз. Тек, сол баяғы төрешілер жүлдеден жаңылыстырар төте жол таппаса дейік...
«Финалға төрт боксшымыз шықты» – деп, бір шаттанып қалғанымызды жасырмаймыз, олардың үшеуін өзбектер қалпақпен ұрып аларын қайдан білейік. Қазақтың салмағы саналатын 69 келіде Абылайхан Жүсіпов Хироаки Киниоті ( Жапония), Лю Уейді (Қытай) сондай-ақ моңғолиялық Тувшинбат Бямбаны айқын басымдылықпен жеңіп, алтынға таласу мүмкіндігіне ие болған. Рио олимпиадасында біздің Елеусіновтен аса алмаған өзбек Гиясов бұл жолы сол есесін Жүсіповтен қайтарып алды. Абылайхан күміспен елге қайтты.
Ниязымбетов пен Әлімханұлы өз жарақаттары кесірінен сыннан шет қалып, 81 келінің жүгін маңғыстаулық Ерік Әлжанов арқалап кеткен. Өз кезегінде Ерік үмітті ақтап, үш қарсыласын жарыстан шығарып, финалдық кезеңде өнер көрсетуге мүмкіндік алған еді. Ақтық додада өзбек Меликузиевті алғашқы раундтарда өз уысында ұстаған. Халықаралық сайыстардағы тәжірибенің жоқтығы ма, соңғы раундтарда Әлжанов босаңсып кетті. Осылай, тағы бір күмісті еншіледік деп, «мәз болыстық»...
+91 келінің финалында батырымыз Қоңқабаев тағы оңтүстіктегі көршіміз Баһадүр Жалоловтан 0:4 есебімен ұтылып қалды. Осы салмақтағы сарбазымыз Дычконың жеткен жетістіктерін қайталауға Қамшыбектің шама-шарқы жетер ме екен?! Алдын кесе-көлденең кесіп өтуден аулақпыз, Қоңқабаевтар ертеңгі бәсекелерде ел намысын қолдан бермейді деген сеніммен жолын тосамыз.
Қоланы қанағат тұтқан төрт боксшымыз бар. Олар: Бекдәулет Ибрагимов, Әбілхан Аманқұл, Қайрат Ералиев және Азамат Исақұлов.
64 келіде сынға түскен Бекдәлет екі қарсыласын оңай жеңіп, жеңіске бастар жолды дәл тауып келе жатқандай көрінген. Жартылай финалда Холдаровтың ширақ қимылы мен дәл соққыларына төтеп бере алмаған Ибрагимов Азия чемпионатының қоласын мойнына ілді.
75 келідегі Аманқұл да әлі көп жаттығып, халықаралық сайыстарда тәжірибе толықтырудың алғашқы сатысында жүргенін көрсетіп қойды.
Риодағы сәтсіздігінің орнын толықтырады деген Ералиев те алысқа шаппады. Жартылай финалда қытайлық Жаң Жиауейден ұтылып қалды. Өзін көрсететін Қайраттың турнирі әлі өтпей жатыр ма деп қаламыз. Әзірге, қоланы қанағат тұттық.
52 келіде ел намысын қорғаған Азамат Исақұлов тағы да жартылай финалдағы өзбек боксшысы құрған қорғаннан әріге аса алмады. Оған дейін Таиланд пен Малайзия өкілдерін жарыстан тыс қалдырған Азамат алаң иесі Латиповтен 2:3 есебімен жеңіліс тапты. Біздің жігіт барын салды, берілмеді, десек те өз жерінде өтіп жатқан боксшыларды бір бас жоғары тұрып жеңбесең жігерің құм болады. Азамат алда барын салар бәсекелер жеткілікті. Тек жасымаса болғаны.
Бұл чемпионаттағы нәтиже жалпақ жұрта мәлім болған соң, көңілі түскен көп қазақ «Мырзағали Айтжановтың орнына басқа бапкер керек секілді ме, қалай өзі?» деген сауалдың шырмауынан шыға алмай қалды. Ал Айтжанов құрамадағы жігіттердің көбі әлі буыны қатпаған жастар екенін алға тартады. Олардың қалың топты жарып шығар жұлдызды шағына куә болатын күн алыста емес деп сендіреді. Көпті көрген бапкер ғой... Баға беруге асықпаймыз, Германиядағы әлемдік дода бас жаттықтырушының ерен еңбегін, жігіттердің шын бабын айқындап беретін сын болғалы тұр. «Осы 9 жігіт енді барын салып дайындалады» – дейді бас бапкер.
Бұл күндері Бакуде өтіп жатқан Исламиада-2017 турнирінде қазақстандық боксшылардың бесеуі жартылай финалға шығып, сәтті өнер көрсетіп жатыр.