Халықтың жартысын жалмаған зұлматты жылдар

31 Мамыр 2019, 10:47 10594

Белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтан Хан Аққұлұлымен сұхбат

Тәуелсіз күнге жету жолында тағдырдың талай теперішінен өтіп, жылдар бойы аңсаған арманына қол жеткізген еліміз үшін бүгін ерекше күн. Бүкіл Қазақстан халқы бұл маңызды күнді 1997 жылдан бері атап өтіп келеді. Осыдан 22 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығымен  осы  атаулы дата – 31 мамыр күнін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп бекіткен болатын. Елде азаттықтың ақ таңын аңсаған жүздеген боздақ қыршыннан қиылды. Солардың бір парасы – кешегі қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары. Халыққа көп қасірет әкелген сұрқия саясаттың озбырлығынан мерт болған қанша қазақ баласын бүгін – еске алатын күн. Осыған орай зұлматты жылдар қасіреті жайында белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіппен сөйлескен едік.

Фотода: Сұлтан Хан Жүсіп

Біздің қазақ үшін XX ғасырдағы сұрапыл оқиғалардың ішінде мыңдаған жазықсыз адамдардың көз жасы мен қаны төгілген және  жүздеген адамды аш қалдырған ұлы нәубет  жылдары  тарихымыздың  шерлі беттерінің бірі болып саналады. Сол кездегі қаскөй саясаттың кесірінен еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген кәріге дейін зардап шекті. Шынтуайтына келгенде, жұрттың қырылу саны жағынан Орта Азиядағы республикалармен салыстырғанда  қазақ халқының тартқан азабы көп еді. Бұған қатысты алаштанушы ғалым мынандай статистикалық деректер келтіреді:

–  Ресей империясында 1897  жылы жүргізілген тұңғыш жалпы халық санағына сәйкес  қазақтың саны 4 миллион 84 мың адам болып, өз жеріндегі жұрттың 81,7 пайызын құраған. Ал 1924 жылы  «Еңбекші қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханның жарық көрген «Қазақ қанша?» атты мақаласында  қазақтардың саны 6 млн 470 мыңға жеткен деп жазылған. Сонымен есептеп қарасаңыз, егер 1924 жылы қазақтың саны алты жарымдай болса, арада сегіз жыл өткен соң, 1932 жылы аштықтың дәл қарсаңында қазақтардың табиғи өсімі 7 миллионнан асқанын байқауға болады, - дейді алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп.

Алайда осыдан кейін қазақ жеріне нағыз геноцид келіп, біртіндеп адам саны азая басталған. Сөйтіп, 1930 жылы – 313 мың, 1931 жылы – 755 мың, 1932 жылы 769 мың адам мерт болды. Жалпы, осы жылдары барлығы 1 млн 750 мың қазақ  қырғынға ұшырады.

  Осының салдарынан КСРО-ның 1937 жылы жүргізген халық санағы аяқсыз қалып, кейін 1939 жылы қайта жүргізілген санақ бойынша қазақтың саны бар-жоғы 2 миллионнан сәл асқан. Демек аштық кезінде қазақтың саны бес миллионға кеміген. Басқаша айтқанда адамзат тарихында болмаған зұлматқа қатты ұшыраған осы  қазақтар болды. Байқасаңыз, қазақ халқының 30%-ы емес, 40%-ы да емес, бірден 70%-ы қырылды, - дейді ғалым.  

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы бір ғасырда қатарынан үш ашаршылықты бастан кешіргенін байқауға болады.  Оларды 1919-1922 жылдардағы 1 миллион 500 мың, 1931-1933 жылдардағы 2 миллион 500 мың  адамды о дүниелік еткен және 1946 жылы болған аштық  кезеңдері деп жекелей қарастыруға болады. Қазақ елі үшін ашаршылықтың зардабы өте ауыр тиді. Тіпті ғалымдар елдегі ашаршылық апаты қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегергенін де айтады. Ал осыған қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер ашаршылық болмағанда, біз қазір 45-50 миллионға жетіп қалар едік» - деген болатын. Бұған «Ұлы жұтқа» дейін қазақтардың жарты санынан сәл ғана асқан өзбек ұлтының қазір 32 миллионға жетіп қалғаны дәлел болады.

Ал, қазақ даласына осы нәубет қалай келді? Мұрағат құжаттарына үнілсек, ең ауыр тиген алғашқы аштықтың болуына елдегі Қостанай, Ақтөбе, Бөкей сынды бірнеше аймақтарында құрғақшылықтан астық шықпай  қалуы себеп болған. Ал шыққандары жазғы ыстықта қурап қалды. Тіпті мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі халықтың жайылымдары мен шабындықтары да толығымен күйіп кетті. Осыған байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдан бастап «Азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастады. Қазақ даласында егіншілікпен айналысушылар көп болмағандықтан, большевиктер қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етті. Осылайша ең ауыр болған аштық зобалаңы Қазақстанның аймақтарына біртіндеп  шарпи бастады.

  Ал Кеңестік билік ашыққан халыққа көмек көрсетудің орнына, биліктен тыс Семейде аштыққа көмек ұйымдастырып, қаншама халықты нәубеттен аман алып қалған  Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Міржақып Дулатовтарға алғыс айтудың орнына, керісінше оларды Қарқаралы түбінде  тұтқындайды. Сонымен қоса, аштық комитетінің мүшесі болып, елден жинаған малды ашыққандарға жеткізіп берген Жүсіпбек Аймауытовты «халықтан жинаған малды өзіңе алып қалдың» деген жалған айыппен 1931 жылы ату жазасына кескен болатын, - дейді.

Қазақстандағы жаппай ұжымдастыру саясаты басталған сәттен елде үлкен өзгерістер болды. Солардың бастысы –  Ахмет Байтұрсынұлы бастаған 45 алаш қайраткері тұтқындалып, олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалып, Мәскеуге алып кетті. Содан елде байларды жаппай тәркілеу басталады.  

  Кеңес кезінде  айдалған, сотталған алаш арыстарына «Халық жауы», «Жапон барлау қызметінің агенті», «Жапон-Герман барлау қызметінің ұлтшыл агенті», «Жапон имперализмінің шпионы», «Жапон шпионы», «Жапонияның жалдамалы итаршылары» деген сынды ойдан шығарылған тіпті саналы адамның ойына кіріп шықпайтын айыптаулар тағылды, - дейді.

Содан Орта Азиядағы саны жағынан ең көп саналатын  қазақ халқының зиялы, сауатты,  саналы, қолынан іс келетін әрі саяси белсенді азаматтары түгелімен қуғын-сүргінге ұшырайды. Бұл кеңестік көрсоқыр саясат бір сәтте қазақ ұлтының элитасыз қалуына себепкер болды. Осылайша, Кеңес үкіметі Алаш зиялыларын шетінен қырып, Қазақстанды әлемдік көштен қалмай, алға сүйреп келе жатқан білікті де білімді жандардың көзін жою жоспарын жүзеге асырады.

Бұған қоса, Кремль қазақ халқын басып-жаншу мақсатымен өзінің көздеген мақсаттары іске асыру процесін тоқтатпайды. Содан 1924 жылдың қазан айында Орта Азия халықтары бес республикаға бөлінді. Оның ішінде Өзбекстанға бірден одақтас республика мәртебесі де беріледі.

  Сөйтіп Кеңес үкіметі өзбек ұлтын қазақтарға қарсы қойып қояды. Байқасаңыз, содан бастап, Қазақстан мен Өзбекстанның арасында бәсекелестік туғандай. Мәселен, 1925 жылы Ташкент қаласын өзбектерге алып берді. Ал 1936 жылы Қарақалпақстанды  Қазақстаннан бөліп, оны да Өзбекстанға қосады. Одан кейін 1960 жылдары Ташкенттің маңайындағы төрт қазақ ауданын да оңтүстегі көршілерімізге береді. Жалпы Орта Азиядағы бес халықтың ішінен ең көп жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған, аштықтан ең көп жапа шеккен, ең көп халқынан айырылған осы біздің қазақ халқы болды, - дейді тарихшы.

Халықтың  басына нәубет төнген жылдары  Ғ.Тоғжанов, О.Жандосов, Б.Айбасов, Ғ.Ысқақов, І.Қабылов есімді алаштың арда ұлдары 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге хат жазып, елдің барлық ауыр халін бүге-шегесіне дейін баяндап береді. Тарихта бұл «Алтаудың хаты» деген атаумен есте қалған. Бірақ өкініштісі, осы «Алтаудың хатын» көпшілігі әлі біле бермейді. Мұнда «800 мың мал бағып отырған қазақтардан, яғни төрт миллион сегіз жүз мың адамнан 1932 жылдың көктем айында 450 мың қазақ шаруашылығы,  яғни екі миллион жиырма бес мың ғана қазақ қалды»  деп жазылған.

Қолдан жоспарлы түрде ұйымдастырылған аштықтан ең алдымен Қазақстанның солтүстік пен шығыс облыстары қатты жапа шекті. Өйткені 1924 жылы Қазақстан басшылары солтүстікте орналасқан бес облысты Ресейге беріп, ал ол жерлердегі қазақтарды түгелімен оңтүстік аймақтарға көшірсе, онда Кремль қазақтарға одақтас республика мәртебесін беру жайында ұсыныс айтады. Алайда бұл ұсынысқа Алаш қайраткерлері бастаған Қазақстан басшылығы үзілді-кесілді қарсы болды. Осыдан кейін қазақ республикасының аймақтарында   біртіндеп жоспарлы түрде аштық заманы басталды.

  Әсіресе солтүстік облыстағы қазақтардың басым көпшілігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан  зор шығынға ұшырады. Ал оңтүстіктегі қазақтар  егін шаруашылығына көбірек бейім болды. Сондықтан Кремльдің әуелбаста  Солтүстік облыстың қазақтарын аштықпен жаппай қырып жойып, жерлерді босатып, сөйтіп, онда Ресейден келген келімсектерді орналастыру мақсаты болды,  - дейді.

Оған қоса, 1954 жылы басталған тың жерлерді игеру жұмыстары да алдымен осы солтүстік облыстардан бастап жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде қазақ даласына Ресейден, Украинадан, Батыс Сібірден және тағы басқа Кеңес Одағының өлкелерінен жаппай тың игерушілерді алып келіп,  түгелдей қоныстандырып отырған еді.

  Байқасаңыз, 1930 жылдардағы аштықпен 1954 жылдардағы тың жерлерді игеру саясаты бір-бірімен байланысты жоспарлы саясат болды. Бүгінгі қазақ елінің тәуелсіз ел болып жарияланғанына отыз жылға жуық уақыт болса да, солтүстік облыстардағы шет жақтан келген өзге ұлт өкілдері жергілікті халықпен шамалас болып отыр. Яғни, біз әлі күнге Кеңес Одағының зұлым саясатының зардабын көріп отырмыз деген сөз, - дейді.

Ал нәубеттен құтылғысы келген халық қайда босты? Тұрар Рысқұлов қазақтардың жан-жаққа босып бара жатқаны жайында өзінің хаттарының бірінде былай: «Соңғы мәліметтер бойынша Еділ бойына – 40 мың адам, Қырғызстанға – 100 мың адам, Батыс Сібірге – 50 мың адам, Қарақалпақстанға – 20 мың адам, Орта Азияға – 30 мың адам көшіп кеткен» деп жазған. Ал бай-ауқатты адамдар бастаған тұрғындардың бір бөлігінің бет алысы  Батыс Қытай болған. Сондай-ақ олардың басым бөлігі қырылды. Ал бір бөлігі пана іздеп, көрші елдерге қашты. Әсіресе Ауғанстанға, Өзбекстанға, Иранға, Қырғызстанға, Түркменстанға, Моңғолияға, Қытай жеріне тентіреді. Тіпті Ресейдің өзіне қашқан  халық болды.

  Олардың басым көпшілігін  Қызыл Әскердің отрядтары пулеметпен, мылтықпен қарсы алды. Салдарынан көбісі қырылды. Ал шетелге қашқан қазақтардың саны жалпы алғанда 1 миллионнан аспауы мүмкін. Кейін олардың табиғи өсімімен  олардың саны арта бастайды. Мысалы, шамамен Қытайда 1,5 миллион, Өзбекстанда 1,5-2 миллион, Ресейде 1,5 миллионға жуық халық тұрады. Оның Омбы, Томск, Барнауыл, Челябинск аймақтарында шамамен 1,5 миллиондай қандастарымыз өмір сүріп жатыр, - дейді.

Жалпы бұл қасірет пен зұлматқа нақты бір Голощекин не Қазақстан үкіметі айыпты деп айту қисынсыз дүние.

  Қазақ өлкесінде аштықты жаппай ұйымдастыруға сол елдегі тұтас Кеңес үкіметі және сол кезде Қазақстанды билеп отырған Голощекин және оның қол астында қызмет еткен Ораз Исаев, Ізтай Құрамысов және тағы басқалар да кінәлі. Өйткені олар халықтың жаппай қырылып жатқанын көре тұра, аштан аман алып қалуға тиісті амал қолданған жоқ еді, – дейді алаштанушы.

Елдегі ашаршылық кезінде, тіпті Кеңес Одағы артық астықты шетелге де сатып отырған. Бұған арнайы себеп те болыпты.

  Артта қалған Кеңес Одағының экономикасын жаппай индустрияландыру саясатымен Қазақстанда, Ресейде, Украинада өндірілген астықты Америкаға, Батыс Еуропаға сатып отырған. Сөйтіп, Американың құрлықшыларының көмегімен  зауыт, комбинаттар, электростанцияларды сатып алып, индустрияландыру саясаты жүзеге асырылады. Тарихи мұрағаттарға назар аударсаңыз, 1941 жылғы екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Кеңес Одағының аяқ астынан дереу экономикасы дамып кетеді. Бұл сол қараша халықтың аузынан жырып алынған наны есебінен жүзеге асқан, - дейді.

Тарихшылар мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноцид жоспары деген пікір айтып отыр.

Иә, расыменде бүтіндей бір ұлтты тарих сахнасынан жойып жібере жаздаған қырғынды «геноцид» деп мойындамау мүмкін емес. Ал осы 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа бізден гөрі ерекше мән берген украиндар егемендік кезеңінде Ресеймен айтысып-тартысып, ақыр соңында барлық жұртқа жасалған геноцид, арнайы халықты қыруға бағытталған саясат тұрғысынан «Голодомор» деген баға берді.  Осы орайда өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бас кезінде «holodomor» деген термині халықаралық қолданысқа енгенін еске сала кетейік. Мұны өз кезегінде украин ғалымдары  енгізді. Дәл осындай нәубет біздің қазақ тарихында бұрын-сонды болмаған  еді. Өкінішке қарай, біздің ата-бабаларымыз басынан өткізген геноцидке, халықаралық деңгей тұрмақ, өз ішімізде әлі ресми баға беріле қоймады. Осыдан тоғыз жыл бұрын яғни 2010 жылы Киевтің қалалық соты 1932-1933 жылдардағы геноцид қылмысын жасауға қатысы бар Иосиф Сталинннің өзін бас етіп және тағы алты адамның үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды қылмыскерлер деп үкім шығарған еді.  Бұған қоса, украиндық бір топ ғалымдар мен саясаткерлер сол жылы Еуропа Кеңесінің Парламент ассамблеясына голодоморды геноцид деп мойындату жөнінде ұсыныс та түсіріп үлгерген. Ал бұған Ассамблея арнайы қаулы қабылдамаса да, бұрынғы КСРО-ның бірнеше республикаларында болған ірі ауқымды аштықты «барша адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» деп қарар шығарған болатын. Бұның өзі тарихи тұрғыдан үлкен жеңіс болып саналады. Қазіргі кезде Украинада жыл сайын 26 қарашада  голодомор құрбандарына арналып, ас беріліп тұрады. Осылайша  Украина елі алапат қырғын ашаршылық  «Голодомор» ретінде барша әлемге мойындатты. Өкінішке қарай, біз осындай шешімге әлі қол жеткізе алмай келеміз. Бұған қатысты алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы да мұны «Геноцид» және «Этноцид» деп әлемге  мойындату қажет дейді.

 Оған қоса, халықаралық қауымдастықтарға, мәселен, АҚШ Конгрессіне, Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуроодаққа да мойындату қажет. Халқының 70%-ға жуығы қырылған ашаршылықты әлемге мойындатуға тиіспіз, - дейді.

Осы ашаршылыққа біздің елде де баға берілер күн алыс емес деп ойлаймыз. Иә, расымен де алаштың арыстары әрқашан туған халқын сүюді, Отанға адал және риясыз қызмет етуді ешуақытта ұмытқан жоқ. Зиялы қайраткерлердің еңбегімен қол жеткізген бүгінгі еркіндік   әр адамға берілген баға жетпес бақыт. Сол бақытты әрқайсысы жан-жүрегімен сезініп отыруы тиіс. Ал еліміздің басынан өткен жаралы жылдар тарихы жүрекке қаяу түсіретіні ақиқат. Бірақ мұндай оқиғалар қазақтың  өлкесінде болғандықтан, тарих таңбасынан  ешқашан да өшпейді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: