«Халал таныстық»: Қыз-жігіттер Ислам ережесі бойынша танысатын қосымша іске қосылды

20 Сәуір 2023, 16:00 2494

Қазақстандық ІТ маманы Дулат Мұратханов отбасын құруға асыққан қыз-жігіттердің Ислам ережесі бойынша танысуы үшін Hitba атты мобильдік қосымша әзірледі, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Жоба авторының айтуынша, қосымшаны жасау барысында Мұхаммед пайғамбардың хадистерін негізге алған. Пайғамбардың хадистерінің бірінде «Ер адамның бөтен әйелмен оңаша қалмауы тиіс. Себебі, ол бөлмедегі үшінші адам – шайтан болады» делінген. Пайғамбардың сөздеріне сүйене отырып, Дулат командасымен бірге интернеттегі бір-біріне ұнайтын жұптың қарым-қатынасы да оңаша болмауы керек деп ұйғарады. Яғни, таныстықтың дін тұрғысында дұрыс болуын қамтамасыз ететін үшінші адам болуы тиіс. Сондықтан, Hitba қосымшасының негізгі ерекшелігі – чаттағы таныстыққа қыздың жақыны не құрбысы немесе басқа үшінші тұлға қатысады.

Бақылаушы кім болуы мүмкін? Бұл қыздың қамқоршысы немесе исламда айтылғандай, уәли. Ең дұрысы, бұл оның әкесі. Егер әкесі болмаса немесе қандай да бір себептермен ол бақылаушы бола алмаса, онда қыздың атасы немесе ағасы да қатыса алады. Немесе анасы және оның туыстары, достары, мұғалімдері және тағы басқа. Қосымшаға тіркелу кезінде қыз өзінің бақылаушысының мәліметтерін енгізеді және ер адаммен сөйлесуді бастағанда, ол автоматты түрде осы хат-хабарларға қосылады. Бірақ ол чатқа жаза алмайды. Яғни, қосымшаның мәні-жұптардың танысу процесі шариғат талаптарына сай болып, оңаша қалмауында жатыр, - дейді Дулат Мұратханов.

Жоба авторы «Үшінші тұлғаның қатысуы ҚР жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы заңнамасын бұзбай ма?» деген сұраққа жауап берді.

Жобаны іске қоспас бұрын біз оның тұжырымдамасын Ислам Құқықтану ғалымы Нұржан Смағұловқа көрсеттік. Ол бәрін тексеріп, мақұлдады. ҚР заңдарына келетін болсақ, мұнда да бұзушылықтар жоқ, өйткені чатқа қатысушылар хат алмасуға үшінші адам қатысатынын біледі, - дейді Дулат.

Оның айтуынша, нарықта мұсылманша танысу қосымшалары бар, бірақ тұжырымдамалық тұрғыдан танысу сайттары Tinder немесе Badoo-дан ерекшеленбейді, тек өздерінің маркетингін мақсатты аудиторияға бейімдейді. Сондықтан көптеген тақуа мұсылмандар оларды пайдаланбайды.

Айта кетейік, «Хитба» арабшадан аударғанда қызға сөз салу, айттыру деген мағына білдіреді. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: