Хадичахан Рафикова: Ғылым зерттеумен шектелмейді, оны бүкіл әлемге мойындату керек

13 Ақпан 2018, 09:33 9559

Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы 

Хадичахан Рафикова – Оңтүстік Қазақстан облысында қарапайым өзбек отбасында дүниеге келген.  Жасы 34-те. Мұнай-химия саласында PhD доктор, 5 тілде сөйлеп, шәкірттеріне үш тілде сабақ береді. Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Химиялық технологиялар кафедрасының сениор-лекторы.

Хадичахан Сабыржанқызы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында екі мыңнан аса кандидаттардың арасынан суырылып, жеңімпаздар қатарынан көрінген еді. Күні кеше ҚР Білім және ғылым министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушыларын» марапаттады. Еліміздің 53 жоғары оқу орнынан 200 ұстаз  қатысқан үлкен байқауда Хадичахан да озат ұстаз ретінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алды.

Әлбетте, ғылым жолы – ауыр жол. Десе де, қоғамды алға ілгерілететін бірден-бір күш – ғылым екенін жақсы түйсінген кейіпкеріміз «Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесі көгереді», - деген пікірде.

Тіпті Хадичахан Сабыржанқызы мектеп бітіріп, болашағын химия саласымен байланыстырамын дегенде ата-анасы қарсы болғанын кейіпкеріміз 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні мерекесі құрметіне ұйымдастырылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында сөз сөйлегенде айтқан еді. Болашағын білім мен ғылым жолына арнап, химия саласын таңдауды жөн көрген Хадичаханның шешімін бастапқыда отбасы қолдай қоймапты. Кейіпкеріміздің әкесі қыз бала тұрмыс құрып, ұрпақ өрбітуі тиіс деген ұғымды алға тартып, Хадичаханның білімге деген құштарлығын құптай қоймаса керек. «Білгенге – дүние кең, білмегенге дүние тар» демекші, сәулелі дүниеге ие болған жанның сарайы әсем әрі ғажап емес пе? Білім туралы  «Абай атамыз көңіл көзі ашық, талапты, ынталы, жігерлі, жүрегі жылы, көкірегі ояу жанға ғана қонақтайды» дегені бар. Қалай да жоғары білім алып, мақсатына жетуді көздеген кейіпкеріміз көнеден қалған стереотипті бұзып, мамандығын да меңгеріп, жандүниесі қалаған сүйікті ісімен де шұғылданып, тұрмыс құрып, бала да сүйіп үлгеруге болатынын дәлелдеді.

Тұңғыш Президент күнінде Елбасының алдында сөз сөйлеп, өзін таныстыру барысында Хадичахан Сабыржанқызы: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз 2013 жылы Өзіңіз қабылдаған «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» концепциясын негізге алып, мұнай-химия өнеркәсібінде аса маңызды иондық сұйықтықтар негізіндегі жаңа катализаторларды әзірледік. Америка, Жапония, Түркия және басқа да елдерді қызықтырған жаңалығымызды пилоттық жоба ретінде қолға алмақпыз.  Бұл катализаторлар экологиялық таза, үнемді, қауіпсіз және қайта өңдеу процесін пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінде әлемдегі ірі мұнай компаниялары 10 есе ұлғайтылған ауа қысымы мен қышқылды қолданады. Бұл қауіпті және жаһандық климатқа кері әсер етеді. Ал, біздің катализаторымыз кәдімгі ауада және таза сумен жұмыс жасайды. Яғни, жаңағы айтылған қатерлер болмайды.  Бұл дүниежүзілік жасыл экономика мен жасыл химияға үлкен септігін тигізетініне сенімдіміз. Бір кезде мен Алматыға аттанарда әкем «қыз баланың міндеті – тұрмысқа шығып, бала тәрбиелеу» деп, менің оқуыма қарсы болған еді. Бірақ, мен намысқа тырысып, ғылымға да, қызметке де, отбасына да үлгердім. Ғылымда жетістікке жетіп өз арманымды да, тұрмысқа шығып 3 баланың анасы атанып әкемнің арманын да орындадым», - деп ағынан жарылған еді.  

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Хадичахан Рафикова Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақcтан-Британ техникалық университетінде ұстаздық етеді. Биыл Хадичахан Алексей Зазыбиннің жетекшілігімен ұзақ жылдар зерттеген ғылыми жобасын іс жүзінде пайдаға асырып, қолданысқа енгізу мүмкіндігіне ие болды. Ғылыми жобаның тақырыбы: «Мотор отындарын экстрактивті күкіртсіздендіру және  азотсыздандыруға арналған метал құрамды иондық сұйықтықтар».

Жоба метал құрамды күкірт және азот қосылыстарын мотор отындарынан тиімді экстаркциялауға арналған жаңа иондық сұйықтықтарды әзірлеуге бағытталған.

– Зерттеу жұмысының өзектілігі Қазақстан Республикасында Еуро-5 стандартына сәйкес келетін отын өндіруге жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігімен байланысты, - дейді кейіпкеріміз. – Пайдаланылатын әдістеме дикатионды иондық сұйықтықтардың негізінде экстрактивті жүйелерді әзірлеуден тұрады. Бұдан күтетін нәтиже – Мотор отындарының құрамындағы күкірт және азот қосылыстарымен тиімді байланысуға және оларды кері экстракциялауға қабілетті иондық сұйықтықтар негізінде жаңа экстрактивті жүйелер әзірлеу. Осы жобамызды жүзеге асыру үшін ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурста 15 млн теңге көлемінде грант ұтып алдық. Біздің потенциалды тұтынушыларымыздың қатарында АҚ «ҚазМұнайГаз – Өңдеу Маркетинг», ЖШС «Компания Нефтехим LTD», ЖШС «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation (HILL)», ЖШС «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» секілді Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібі кәсіпорындары бар.

Жоба авторының пікірінше, ондағы идея азот қосылыстарын (хинолин, акридин, индол ж.т.б.) және күкірт қосылыстарын (тиофен, 2-метилтиофен, бензотиофен ж.т.б.) экстракциялау қабілеті бар тиімді монокатионды және дикатионды иондық сұйықтықтар жүйесін әзірлеу.

– Жобаның бағыты табиғи ресурстарды, соның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану,- дейді ол. – Геология, өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен құрылымдарды пайдалану көзделген. Әрине, жоба тек менікі деп айтуға болмас, зерттеу тобының құрамында бірлесіп еңбек еткен 8 адам бар.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, бірнеше күн бұрын ғана 2017 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушылары» марапатталды. Үздіктер қатарында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары – Жанар Байсейітова мен Хадичахан Рафикова да марапатқа ие болды.

2011 жылдан бері жоғары оқу орынында шәкірттерге қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде дәріс оқып, оған қоса ғылыми зерттеу еңбекпен шұғылданып, бала тәрбиесіне де уақыт таба білген Хадичахан Сабыржанқызы өз ортасына үлгілі жан, білікті ұстаз, ізденімпаз ғалым.

– Білім және ғылым саласындағы еңбегімізді бағалап, «Үздік оқытушы 2017» атағымен марпаттаған Білім және ғылым министрлігіне зор алғыс,- дейді Хадичахан қуанышы қойнына сымай. – 2017 жыл мен үшін табысқа толы жыл болды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанғаннан бері менің өмірімде көптеген жақсы жаңалықтар болып, сәттілік артынан сәттілікке ұласып отыр. Бұл марапат менің жауапкершілігімді еселей түсті. Маған қолдау көрсетіп, Астанаға шығарып салған барлық әріптестерім мен шәкірттерімнің сенімін ақтап, бұдан ары ғылым жолында талмай еңбек етуге барымды салатын боламын.

Хадичаханның 40-қа жуық ғылыми еңбегі жарық көрсе олардың арасында оқу-әдістемелік оқулықтар бар. 7 мақаласы импакт-фактор журналдарда жарияланған.

«Ғылыми жұмысты зерттеу, оны жариялау бір бөлек әңгіме. Мақаланы дүниежүзі оқу керек, өз еңбектерінде пайдаланып, сүйенуі керек, сілтемесімен бөлісуі керек. Сонда ғана біздің ғылым пәрменді, актуалды»,- дейді кейіпкеріміз.

2017 жылдың аяғында Хадичахан Сабыржанқызы 5 жыл бойы зерттеген ғылыми жұмысы жоғары (4,05) индексті импакт-фактор журналға жарық көріпті.

– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңімпаздар қатарынан көрініп, Елбасымен жүздескеннен кейін менде сенімділік пайда болды, - дейді Хадичахан Сабырқызы әңгімесін ары қарай сабақтап. – Көп жағдайда өзімізді бағалай бермейді екенбіз. Күнделікті жұмыстың қамымен ел қатарлы еңбек қылып, зерттеу еңбектеріме бар күшімді жұмсап қана жүре беріппін. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасынан кейін әріптестерім мен шәкірттеріме мотивация беретін болдым. Ғылыммен шұғылдану – үлкен қажырлықты талап етеді. «Мен үшін әрбір ғылым жолында жүрген ұстаз, педагог, ғалым мамандар өз ісінің шеберлері. Олар да үздік оқытушылар, олар да озат мамандар. Сондықтан да, «Оқ бойы озат болып, жетістікке жету сіздердің де қолдарыңыздан келеді» деп ынталандырудан шаршамаймын»,- дейді ол.

   

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауына республикамыздың 79 жоғары оқу орнынан 459 үміткер қатысқан.  Олардың ішінен үздік деп танылған 200 ұстаз Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қолынан марапат алды.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы  иегерлерінің сапалы құрамына 49 - ғылым докторы, 121 - ғылым кандидаты, 24 - PhD докторы, 6 - магистрант ұсынылды.

Топ жарған ұстаздарға 4 млн 800 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Білікті педагогтар әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, біліктілікті арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алып отыр. 

Асыл Айдар
Бөлісу: