8 наурыз – халықаралық әйелдер және қыздар мерекесі қарсаңында біз National Laboratory Astana-дағы Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекшісі, белгілі ғалым Шолпан Асқаровамен сұхбаттасқан едік. Ол – биология және медицина саласындағы озық зерттеулерімен танымал, ғылыми жетістіктері арқылы елдегі жас ғалым қыз-келіншектерге үлгі бола білген тұлға.
Шолпан Асқарова АҚШ-тың Миссури университетінде (University of Missouri) «Биологиялық инженерия» мамандығы бойынша докторантураны аяқтаған. Оның ғылыми зерттеу жұмысы Альцгеймер ауруы кезінде ми жасушаларының зақымдалуымен байланысты молекулалық және жасушалық механизмдерді терең зерттеуге арналды.
Асқарованың зерттеулері нәтижесінде Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастардың миында орын алатын патофизиологиялық үдерістер туралы тың деректер анықталды. Бұл мәліметтер деменциямен ауыратын науқастарды емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге және инновациялық дәрілік препараттар жасауға негіз бола алады.
Ғалымның айтуынша, Қазақстан алдағы онжылдықта халықтың қартаю кезеңіне қадам басуы мүмкін. 2018 жылдың соңындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 6,7%-ға жеткен. Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асатынын және жаһандық көрсеткіштерді ескерсек, кем дегенде 115 000 адам жасына байланысты деменцияға шалдығуы ықтимал. Алайда бұл мәселеге қатысты елімізде нақты зерттеулер жүргізілмеген, сондай-ақ егде жастағы науқастар арасында кездесетін патологиялық өзгерістер жөнінде толыққанды статистикалық мәліметтер жоқ.
Сұхбат барысында Шолпан Асқарова ғылымдағы гендерлік стереотиптер, мансап жолындағы қиындықтар мен жетістіктер, сондай-ақ ғылым мен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау жайлы өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, ол қазақстандық әйел ғалымдардың рөлін, олардың ғылымдағы үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, болашақ зерттеулерінің бағыттары туралы айтты.
Балалық шағымнан бері мен ғалым болуды армандадым. Он төрт жасымда Уотсон мен Криктің ДНҚ-ның үш өлшемді құрылымын ашқанын білдім. Бұл жаңалық мені терең таңғалдырды, және сол кезден бастап мен биологиялық ғылымдарды тереңірек зерттеуге ден қойдым.1996 жылы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітіріп, бакалавр дәрежесін алдым, ал 1999 жылы магистр дәрежесін иелендім. 2004 жылы сол университетте биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді, - дейді кейіпкеріміз.
Бір орында тоқтамай, ғылымдағы жұмысын тереңдете зерттеуді мақсат еткен кейіпкеріміз 2006–2011 жылдар аралығында "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты ретінде АҚШ-тың Миссури университетінде (Колумбия) білім алады.
Онда мен биологиялық инженерия саласы бойынша PhD дәрежесін алу үшін зерттеулер жүргізіп, Альцгеймер ауруын зерттеумен айналыстым. 2011 жылы АҚШ-тағы Питтсбург университетінің Медициналық орталығына қарасты Макгоуэн регенеративті медицина институтында шақырылған зерттеуші ретінде жұмыс істеп, регенеративті медицина саласына мамандана бастадым, - дейді Шолпан Асқарова.
Осылайша биология профессоры атанған Шолпан Асқарова Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекшісі қызметін атқарып отыр. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми кеңесінде «Өмір туралы ғылымдар» басым бағыты бойынша төраға орынбасары ретінде жауапкершілік арқалап жүр.
Зертхананың негізгі ғылыми зерттеулері жасқа байланысты деменцияны (Альцгеймер ауруын) зерттеуге бағытталған. Бұл зерттеулерге молекулалық механизмдер, эпидемиология, генетика, қоршаған орта факторлары мен өмір салтының әсері, жаңа диагностикалық биомаркерлерді іздеу, сондай-ақ аурудың алдын алу және емдеу стратегияларын әзірлеу кіреді. Сонымен қатар, зертханада мезенхималық дің жасушаларының қартаюының молекулалық механизмдері зерттеледі. Бұл зерттеулер организмнің қартаю үдерісін тереңірек түсінуге және егде жастағы донорлардан бөлініп алынған мезенхималық дің жасушаларын жасарту әдістерін әзірлеуге бағытталған, - дейді Шолпан Асқарова.
Бұдан бөлек, зертханада тіндерді қалпына келтіруге арналған жаңа биоматериалдарды әзірлеу және сынақтан өткізу, ақуыздық инженерия, ақуыз-полимерлі биоконъюгаттар жасау, сондай-ақ дәрілік заттарды нысаналы жеткізу жүйелерін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Менің жеке ғылыми қызығушылықтарым Альцгеймер ауруының патогенезінің әртүрлі аспектілерін зерттеумен байланысты. Атап айтқанда, бұл аурудың молекулалық және жасушалық даму механизмдері, жаңа биомаркерлер мен дәрілік препараттарды іздеу мәселелерін қамтиды, - дейді ол.
Ғылым – табандылық пен үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Алайда қыз-келіншектер үшін бұл жол одан да күрделі болуы мүмкін. Гендерлік стереотиптер, мансаптық өсу жолындағы кедергілер және отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қажеттілігі – ғылымдағы әйелдер жиі кездесетін қиындықтардың бірі.
Көп жағдайда әйел ғалымдардың кәсіби біліктілігі ерлермен тең болғанымен, олар басшылық қызметтерге баяу көтеріледі, зерттеу гранттарын алу және академиялық лауазымдарға орналасу барысында белгілі бір қиындықтарға тап болады. Сондай-ақ, отбасылық міндеттемелер мен бала тәрбиесі көбінесе әйелдердің ғылыми мансабына әсер етеді. Ұзақ уақытқа созылатын декреттік демалыстар кәсіби дағдылардың ұмытылуына, зерттеулердің тоқтап қалуына себеп болуы мүмкін.
Соған қарамастан, ғылымдағы қыз-келіншектердің жетістіктері жылдан жылға артып келеді. Олардың инновациялық зерттеулері, ғылымға қосқан үлестері қоғам мен технологияның дамуына ықпал етуде. Әйел ғалымдарға қолдау көрсету, гендерлік теңдікті сақтау – ғылымның дамуы үшін маңызды қадам.
Гендерлік стереотиптер мен болжамды көзқарастарға тоқталып өтейін. Ең алдымен, әйелдерді ерлерге қарағанда кәсіби тұрғыда қабілеті төмен деп қабылдайды. "Шыны төбе" және көшбасшылық лауазымдардың жетіспеушілігі: көбінесе әйелдерге университеттерде, зерттеу институттарында және ғылыми ұйымдарда басшылық қызметтер берілмейді; профессорлық лауазымдарды алу және академиялық кеңестерге мүше болу барысында қиындықтарға тап болады. Шамадан тыс жүктеме және жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдік: әйелдің ғылыми қызметпен қатар үй шаруашылығын жүргізіп, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс деген қоғам жүктеген жауапкершілік және бар, - дейді Шолпан Асқарова.
Біздің кейіпкеріміз де кедергілерді бастан өткергенін жасырмады.
Гендерлік стереотиптермен мен негізінен Алматыдағы университетте оқып жүрген кезде кездестім, және бұл, әрине, мені қынжылтты. Ғылым саласында кейбір оқытушылар тарапынан әйелдерге деген менсінбеушілік көзқарас, мүмкін, менің кәсіби өсуіме біршама ықпал еткен болар. Өзіммен қатарлас ер адамдарға қарағанда мықты екенімді дәлелдеуге деген ұмтылыс мені үш есе көп жұмыс істеуге мәжбүрледі, - дейді профессор.
Арманы мен мақсатына адал болған ол 2023 жылы «жылдың ең үздік ғылыми қызметкері» аиағына ие болады.
Қазіргі уақытта мұндай мәселеге тап болмаймын, себебі өзімнің ғалым ретіндегі біліктілігімді дәлелдей алдым. 2011 жылдан бері мен 14 ғылыми жобаны басқардым, 2 монография, 4 әдістемелік нұсқаулық жарияладым, 9 қорғау құжатын алдым, сондай-ақ халықаралық индекстелетін ғылыми журналдарда және Қазақстан Республикасы Ғылым комитеті ұсынған басылымдарда 70-тен астам мақала жарияладым, - дейді кейіпкеріміз.
Шолпан Асқарова ғылым мен білім саласындағы еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталған. 2022 жылы ол "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісіне ие болды. 2016 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін де арнайы Грамотаға ие болды. 2016 және 2019 жылдары Қазақстан Республикасының ғылымы мен білімінің дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. 2018 жылы "Quazaqstan Technology Forum" Ұлттық инновациялар байқауында 2-орын алып, ақшалай сыйақы мен Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ, сол жылы Назарбаев Университетінің Академиялық Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Грамотамен марапатталды.
Көшбасшылық лауазымдарға ұмтылмаймын, қазіргі қызметім мен жұмысым мені толығымен қанағаттандырады. Лаборатория басшысы ретінде мен ғылыммен толыққанды айналыса аламын. Ал көшбасшылық лауазымдар көбінесе әкімшілік басқару жұмыстарын қамтиды, ал мен бұл бағытта жұмыс істегім келмейді, - дейді ғалым.
Ғылым жолында табысты болу үшін Шолпан Асқароваға отбасы үлкен қолдау көрсетті. Оның ғылыми мансабы мен зерттеулерін жалғастыруына ең алдымен ата-анасы, жолдасы және жақындары үлкен демеу болды. Жолдасының әрдайым қолдап, түсіністік танытуы Шолпан Асқарованың ғылымға толығымен беріліп, биоинженерия және регенеративті медицина саласында маңызды зерттеулер жүргізуіне ықпал етті.
Отбасы мен жұмысты үйлестіру мәселесіне келсек, бұл тұрғыда маған отбасым – жұбайым, ата-анам және енем үлкен көмек көрсетті. Менің екі балам бар, бірақ олардың ешқайсысында декреттік демалыста болған жоқпын. Қызым дүниеге келген кезде мен магистратураның бірінші курсында оқып жүр едім. Ол екі айлық болғанда, мен қайтадан оқуыма оралдым. Сол кезеңде анам күн сайын бізге келіп, қызымды бағып, менің университетте сабақ оқып, білім алуыма мүмкіндік берді, - дейді кейіпкеріміз.
Міне, ғылым жолындағы күрделі қиындықтарға қарамастан ол АҚШ-тағы оқуы кезінде ұлын өмірге әкелген.
Ұлымның өмірге келуі де қызық сәйкестік болды – ол АҚШ-тағы докторантураның бірінші жылын аяқтаған кезімде туды. Мен ол бір айдан сәл асқан кезде жұмысқа және оқуға қайта оралдым. Бұл ретте де анам мен енем маған қолдау көрсетіп, кезекпен АҚШ-қа келіп, балаларға қарап берді. Олардың көмегінсіз бұл қиын болар еді. Ал ең үлкен алғысымды жұбайыма айтамын – ол мені әрдайым қолдап, балаларға да, менің кәсіби және ғылыми өсуіме де көмектесті, - дейді Шолпан Асқарова.
Шолпан өзі секілді ғылым жолын қуған қыз-келіншектерге декреттік демалыста ұзақ болмауға кеңес берді.
Ештеңеден қорықпай, алға ұмтылу қажет. Дегенмен, егер ғылыми мансапты шындап қолға алғыңыз келсе, үш жылға созылатын декреттік демалыста ұзақ отырмауға кеңес берер едім. Өйткені, мұндай уақыт аралығында көптеген дағдылар ұмытылып қалуы мүмкін. Бірақ бұған қол жеткізу үшін, әрине, жақын жандардың толық қолдауы мен көмегі қажет, - дейді ол.