Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдады. Ведомство басшысы қазақстандықтардың ғылым мен жоғары білімнің жекелеген мәселелері бойынша өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрмен жеке мәселелер бойынша кездесуге Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларының тұрғындары жазылған.
Министрліктің мәліметінше, Саясат Нұрбекке азаматтар министрге «Болашақ» бағдарламасына, «Нархоз» университетінің қызметіне қатысты, ғылыми жобаларды қолдау жөнінде, қоғамдық кеңестердің жұмысы және зертхана ашу бойынша ұсыныстармен жүгінді.
Біз бұған дейін Кореяның KAIST ғылым және технологиялар институтымен өте маңызды келісімге қол қойдық. Қазақстанда KAIST толық қолдауымен үздік зерттеу университеттерінің бірі болады. Сіз осы университеттің түлегі ретінде KAIST филиалын ашу жөніндегі арнайы жұмыс тобының құрамына қатысып, өз үлесіңізді қоса аласыз, - деді Саясат Нұрбек KAIST университетінің профессорларымен бірлесіп, ғылыми зертхана құру туралы жобамен жүгінген кездесуге қатысушы азаматқа.
Қабылдауда министр азаматтардың барлық өтініштеріне толық жауап берді. Қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелер жеке бақылауға алынды. Комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.