«Ғылым саласын жаңа бір деңгейге шығаратын тың идея көрмедім». Еділ Жаңбыршин министрдің жұмысын сынады

17 Мамыр 2023, 17:42 883

Ғылымды дамыту туралы өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Абай облысы Курчатов қаласындағы ғалымдардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан 180-ге жуық мемлекеттердің ішінде патенттік өтініштер бойынша шамамен 50-орында тұр. Біз неге аутсайдерлер қатарындамыз? Өйткені, 30 жылда Ғылым академиясында, жоғары мектептерде және министрліктердің жанындағы салалық институттарда кадрлар дайындау мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды іске асыратын жүйені реформалаймыз деп жоқ қылып алдық. Тәуелсіздік жылдары оларға жасалған қиянат пен соққылар бүгінгі нәтижені беріп отыр, - дейді депутат.

Ол не нәрсені де қирату оңай, ал ғылым саласын бір күнде аяғынан тұрғызу мүмкін емес. Дегенмен, кейбір ғылыми ошақтар отынын әлі сөндірмей ұстап отыр деп айтты. Оларды жан-жақты қолдап, жандандыру қажет.

Екінші маңызды мәселе, биыл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның 2060 жылға дейін төмен көміртекті даму стратегиясы қабылданды. Бұл экономиканы түбегейлі трансформациялауды қажет етеді. Яғни, көміртекке тәуелділікті минимумға жеткізуіміз керек. Ол өз кезегінде жаңа ғылыми технологиялық шешімдер арқылы іске аспақ. Не істеу керек? Жалпы велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемде ғылым, технология, бизнес моделін іске асырып отырған инновациялық орталықтардың әртүрлі нұсқалары бар, - дейді Еділ Жаңбыршин.

Оның айтуынша, солардың ішіндегі өзімізге ыңғайлысын пайдаланған жөн. Мысалы, Ресейдегі 1999 ғылым қаласы статусы жөнінде заң қабылдады. Қазіргі таңда солтүстік  көршімізде 13 қала осындай статусқа ие болып,  арнайы бюджеттен қаржыландырылып отыр. Бұл қалалардың барлығы 2019 жылы шамамен 2 трлн теңге сомаға өнім өндірген.

Бізде осындай әлеуеті зор қала бар. Ол – Курчатов қаласы. Онда ұлттық ядролық орталық қызмет атқарып, жаңа ядролық отындарды сынау, адам ағзасына радиацияның әсерін бағалау сияқты ғылыми зерттеулер жүргізіп, АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, Франция елдерімен бірлесіп қызмет атқарып жатыр. Алайда, Курчатов қаласында кадрларды ұстау қиын болып тұр, -дейді мәжілісмен. 

Ол өзекті мәселелер – тұрғын үйдің жоқтығы, денсаулық қызмет саласының төмендігі, әлеуметтік-мәдени нысандардың жетіспеушілігі.

Тіпті, сапалы азық-түлікті Семей қаласынан әкелеміз дейді ғалымдар. Осы сұрақтарды қолданыстағы заңнама аясында шешу мүмкін емес. Арнайы заңмен реттеуіміз қажет. Әйтпесе, ғалымдарымыздың кетіп қалу қаупі өте жоғары. Сондықтан елімізде ғылым мен технологияны генерация жасау мақсатында ұлттық ядролық орталық орналасқан Курчатов қаласы мен кейбір моноқалаларды, ауылдарды жаңадан инновациялық орталықтарға айналдыру үшін бөлек заң қабылдайтын уақыт келді, - дейді депутат.

Сөз соңында депутат Ғылым және жоғары білім министрінің баяндамасына көңілі толмайтынын айтты.

Мемлекет тарапынан ғылымға қатысты біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, бүгін мен министрдің баяндамасынан Қазақстанның ғылым саласын жаңа бір деңгейге шығаратын тың идея мен концепцияны көре алмадым, - дейді Еділ Жаңбыршин.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: