Ғұндар жайлы не білеміз?

4 Қыркүйек 2018, 12:43 27577

Көшпелі халық тарихы

Тарих тегершігі қашанда өз қалауымен айналады. Оның ұзақ та сабырлы жүрісінің алдында кім болсын мейлі, қаһарымен жер-дүниені тітіреткен хан да, қара көжесін ішіп, шаруа қамын күйттеген қараша да дәрменсіз.  Кешегі Ғұндар бүгін қайда жүр десе айта салғанға оңай болғанымен шындығында өте күрделі сұрақ. Ғұн десе болды, олар кеше кім, бүгінгі кімдер деп бас қатырамыз. Қай тарихи деректерді ақтарсақ та алдымен қытайдың ежелгі жазба деректеріне соқпай өте алмаймыз. Себебі, көне қытайларды ат табанымен бөріктіре таптап, қазіргі Хуанхэ дариясының (Сарыөзен) бойынан ары өткізіп, әйгілі қытай қорғанын тұрғызуға себепкер болған осы жау жүрек Ғұндар еді. Сондықтан да олар Ғұн десе төбе шашы тік тұратын болған. Олардың көне жазбаларында «Хұнну» деп  аталған. Оның кең мағынадағы аудармасы «жауыз құлдар», «кекшіл құлдар» деген мағынаға келеді. Бұны көбінесе осылай зерттейтін батыстық тарихшылар.

Қытайлардың сол айбынды Ғұндарға жылына неше мың бас мал, алтын-күміс салығымен қоса әр жыл сайын ордадағы хан мен бектердің ең сұлу деген қыздарын сыйға тарту арқылы қырғын шабуылдарынан сақтанып отырған. Мұны сол өшпенділіктен туындаған атау деп қабылдау керек. Бұрын ұланғайыр даланы ортақ мекендеп рулық, тайпалық немесе тайпалық одақтар арқылы өзара сақтанып отырған кезеңдерде бәрінің аты тайпалық кемсіту негізінде аталған. Ал жазуы бар тайпалар оларды сол кемсіту негізіндегі есімімен таңбалап кейінге қалдырып отырған. Бұған шүбә келтірудің қажеті шамалы, әрине. Мысалы «Қазақ» деген атауға қанша таластық, қазірге дейін бір нақты шешімге тоқтамағанымыз белгілі. Батыстық көптеген тарихшылардың түсінігінде «Казак» десе ержүрек, батыр деп қабылдаса «Қазақ» десе қашқындар, пана тілеушілер деп түсінеді әрі мұны көне Түрік тілі деп жылы жауып қоя салады. Мұнда нағыз қашқындар мен ержүрек батырлардың заты ауысып кетіп отыр.

Қытайлық атақты тарихшы, социалог ғалым Сушуяң «Қытай туралы жалпы білімдер» деген кітабында былай дейді: «Хан патшалығы батыс өңірдегі ұлттармен және батыс оңтүстіктегі аз ұлттармен тығыз байланыс орнатты. Бұл ұлттар біртіндеп Отанымыздың құрамына кірді. Хан патшалығы солтүстіктегі Ғұндармен толассыз соғысып отырды. Кейін келе Ғұндардың бір бөлігі батысқа қарай жылжып, біртіндеп Еуропаға жетіп, Еуропа ұлттарының үлкен қоныс аударуына себепші болды. Ғұндардың бір бөлігі оңтүстікке қарай көшіп, «Ұлы қорған» өңіріне келіп қоныстанды. Хан патшалығының ханшайымы Уаң Жаужүн Ғұндардың Тәңірқұтына ұзатылды. Сонымен ғұндардың осы бір тайпасы қытайлармен қойын-қолтық байланыста болды».

Сол сияқты тағы бір  қытай деректерінде Ғұндарды «Қытай солтүстік территориясын мекендеген байырғы ұлт» деп жазылып «Ху» деп аталған. Алғаш рет Моде тәңірһұт Ғұндардың басын қосып, Құба құмның түстігі мен терістігінде ірі әскери мемлекет құрған. Ал, осындай дәурендеп тұрған ел түрлі-түсті, ішкі сыртқы себептерден шығыс Хан хандығы Гуаң Удың тұсында эрамыздың 48 жылы қақ жарылып екіге бөлінді де Ши Лошжуди тәңірқұт бір бөлім Ғұндарды бастап қытайдың Хан хандығына қарады да (қазіргі ішкі моңғол автономиялы облысы) сол жерлерде көшпеліліктен отырықты шаруашылыққа ауысты, сол жерді мекендейтін қытайлармен, басқа да ұсақ тайпалармен өзара сіңісіп кетті. Содан бұлар оңтүстік Ғұндар деп аталды. Ал солтүстік Ғұндар байтақ сахараға таласып, сол жерлерді мекендейтін өзге де тайпалармен қырғын шайқастар жүргізді. Біртіндеп әскери күші әлсіреген Ғұндарды қытайдың сол кездегі билеушісі Шиын Шыхуан Үйсіндер, Телелермен бірлесе отырып 300 мың қолмен бейқам жатқан орайында шауып, батысқа бостырып жіберді. Қырғын шайқастардан қалжырап, қарымы талған Ғұндар суы тұнық, шөбі шүйгін Ордос (Ордес), Орхон (Орғұн) алаптарын тастап кетуге мәжбүр болады.

Мұнда айтылған Орхұн деп отырғаны өзіміздің кәдімгі орхон Енисей жазбалары сақталған құтты қоныс – қазіргі Моңғол даласы екенін түсіну қиын емес. Бізде бұрын Сырдарияны «Сейхұн» деп атаған. «Сей» сөзі ежелгі Ғұн тілінде өзен мағынасын береді. Соған қарап отырып сыр дарияның «Ғұн дариясы» деген мағынада екенін бірден білеміз. Осыған жалғас «Енисей» өзенін де «Ана өзен», «Ана дария» деп қабылдау қиын емес. Айлакер де сұмдықшыл қытай билеушілері ұзақ жылдар аңдысып, ақыры алып тынған қасиетті баба қоныстарын тастап батысқа ауған Ғұндардан сол кезде сақталып қалған мына бір қайғылы жыр жолдарын қытай жазбаларынан оқуға болады.

Қайғы әжімдеп арулардың жамалын,

Енші таудан ел ауғанда жосылар.

Түліктерден бес садыра қалмады,

Шүлен таудан тағы айырылып босқанда.

Бұл жыр сол кездің нақты бояуы, зарлы дауысы іспетті. Онда айтылған «Шүлен тау» деп отырғаны қазіргі қытайдың орта жазығына жақын орналасқан шұрайлы Чилиян тауы екенін тарихшылар дәлелдеген. Бұл Ғұндарды Түмен тәңірһұт билеп тұрған кез еді. Бұл тарихи сәтсіздікке қарай отырып Ғұндардың бағы тайды деуге болады. 

Шегіне босып қазіргі Алтай тау алабын біраз мекендеген соң ес жиып ірге кеңейтіп, бұрынғы мекендерін қайта тарытып алуды ойлаған олар Баркөл, Хантәңірі алабы мен Іле аңғарына келіп қос тігіп, күл төгеді. Сол жерлерді мекендейтін, кезінде өздерімен жауласқан  туысқан тайпалар Үйсіндер мен Натшелерді (Ұлы иөзілер) өздеріне қосып алып, қайтадан күшейе бастайды. Бірақ, қансоқта тарих олардың ежелгі ата мекендерін қайтарып алу арманын орындағанның орнына тағы бір үлкен зобалаңды дайындап отырған еді.

Тағы да үлкен күш топтап, өсіп-өркендеп келе жатқан жаңа Ғұн елін назардан шығармай ұстап отырған қытайлар Хан хандығының сол кездегі сардары Сы Мадаға 400 мың адамдық қол бастатып, Барыс көлден (қазіргі Баркөл) қайта шабуыл жасайды. Тосын келген жасақты жауға бірден төтеп бере алмаған олар екінші рет батысқа ауады. Содан эрамыздың 160 жылдары бір бөлім Ғұндар Сырдария алқабындағы Қаңлы еліне жетіп, одан ары Еуропа шекарасындағы Алан (Алшындар) еліне келіп бір-ақ тоқтайды. Ал Аландар болса Түркі жүйесіндегі көшпенді ел болып Волга, Дон өзендері аралығында күшті патшалық құрған ел еді. Алғашында солардың бодандығына өткен Ғұндар мал бағып, жартылай егіншілікпен шұғылданып, оларға салық төлеп отырады. Әскер санын біртіндеп молайтып IV ғасырға келгенде сұрапыл күшке ие болып, Алан елінің патшасын өлтіріп, оларды бағындырып тынады.

Алан елін алып, етек-жеңін жинаған Ғұндар Дон өзені алқабында уақытша байыздап, жан-жағын бағумен болды. Қытайларға деген көне кек әрбір Ғұн сарбазының ішін аш мысықтай тырнайтын. Түмен Тәңірһұттың өлер алдында: «Қатыгез жауымыз қытайлардан кек алу мұратым орындалмай барады. Балам саған аманат, сен өлсең балаңа аманат, балаң өлсе оның баласына аманат! Көбелерің сөгіліп, қызыл қандарың төгіліп жатса да Шүлен тауын қайтарып алыңдар!» – деп өсиеттеп кеткен сөзін әлі ұмыта қоймаған болатын. Қиыр шеттегі Еуропа шекарасынан ұланғайыр орта Азияны көктеп өтіп шығыстағы қытай елін қайта жаулау олар үшін тым машақатты шаруа еді. Әскер күші де, азық-түлік қоры да жетісе бермейтін. Сол себепті, олар эрамыздың 373 жылы батыс Дон аңғарындағы Тула баурайында бүкіл Ғұн бектерінің басын қосқан ұлы дүбірлі жиын ашады. Неше күнге созылған кеңес барысында  маңайындағы үлкенді-кішілі елдерді жаулап алып, сосын қытайға қарсы жорық жасамақ болып келісім қабылдайды.

Сол кезде, олардың батысында Германдардың екі тайпалық одағы қатар өмір сүріп жатты. Герман сөзінің Славян тіліндегі бір мағынасы «жабайылар» деген сөз еді. Бейне, Гректердің Варварлар (жабайылар) деп Скифтерді атағаны сияқты қалыптасқан термин болатын. Бұл тайпа одағының бірі Днепр өзені мен Днестр өзенінің шығысындағы Геттер болатын. Олар шығыс Геттер деп аталатын. Ал енді бірі Днестр өзені мен батыста Карпат тауына дейінгі жерге қоныстанған батыс Геттердің тайпалық одағы-тын. Олармен қоса батыс Геттердің батыс оңтүстігінде Рим империясының территориясы жататын. Ғұндар батыс Геттерінің байтақ алқапты жайылымдарына қызыққанда сілекейлері шұбыратын. Сол кезде бұл жерді мекендеген Герман тайпалары тіпті мешеу еді. Олар орманды жерде аң аулауды кәсіп етіп, аң терілерімен тәндерін жасырып, шөп күркеде тұрып, суға түсу, жуынып-шәйіну дегенді білмейтін. Сол кездегі адамзаттың ең төменгі тұрмыстық сатысында еді. Ал Ғұндардың сөйлейтін тілі, сенетін діні болып, табиғат әлемін өздерінше түсінген. Жұлдызға қарап, көшіп-қонуды игерген кезі болатын.

Сөйтіп, олар эрамыздың 374 жылы жер қайысқан қалың қолмен шығыс Геттерге шабуыл жасап, тас-талқанын шығарып жеңеді. Олардың патшасы қорлыққа шыдай алмай өзін-өзі өлтіреді. Бір бөлім шығыс Геттері батыс Геттерге қашып барып паналайды. Бұл паналау Ғұндардың жалғасты қуалап шабуыл жасауына таптырмайтын орай еді. Соны пайдаланған Ғұн сардарлары жүз мыңдаған қолды бастап батыс Геттерге де сұрапыл шабуыл бастайды. Бұл шабуылдан жан сауғалаған Герман тайпалары Рим империясының жеріне босып кіреді. Бұл босқындардың кіруі Рим империясының құрып-жоғалуына әкеліп тірейді. – Арада көп өтпей Римдіктер мен Геттердің және Герман тайпа одақтарының арасында ушыққан ішкі қайшылықтан соғыс өрті тұтанады. Сол арқылы Рим империясын екіге бөліп тастады. Ғұндар бұлардың ішкі жанжалына араласпай Дунай өзені жағалауында аңыс аңдап, олардың әлсіреуін, тіпті өздерін өздері құртып тынуын бірнеше он жыл бойы күтіп жата берді. Бұл да сол кездегі Ғұн билеушілерінің стратегиялық саясаты болатын. Арада сырғып аққан жылмық жылдарды пайдаланып тіпті де күш топтаған Ғұндар орыстың ұлан-байтақ оңтүстік орманды сахарасын жаулап алды. Бұл кезде орыстарда тегеурінді Ғұн сарбаздарына қарсы шығатындай қуаты жоқ еді.

Эрамыздың 400 жылы Өрден тәңірһұт Ғұн жасауылдарын бастап тұтас Дунай өзені ойпаты мен Италия жеріне басып кіреді де Дунай аңғарындағы тайпаларды батыс Рим империясына ішкерілей қоныс аударуға мәжбүрлейді. Сол кездегі Римнің Цизас (Thezace) өлкесінің губернаторына: «Әйтеуір күн түсетін жердің бәрін қалауым болса бағындыра аламын» деген сөз айтады.

Октал тәңірһұттың заманына келгенде Будапештті өзек еткен бүгінгі Венгрия жазығында ұлы Ғұн империясын құрып, батыс және шығыс Римге қауып төндіретін аса ірі империяға айналады. Дәл осындай дәурендеп тұрғанда Октал тәңірһұт қайтыс болып, оның орнын інісі Лука алды. Лука патшалық таққа отырғаннан кейін 422-426 жылдары шығыс Рим империясына қарасты Цизас, Македония өлкелерін екі рет ат тұяғымен таптап, Рим империясын Ғұндарға жылына 350 қадақ алтын төлеп тұруға мәжбүрлейді. Содан олар Ғұн империясына шекаралық базарлар ашты. Бұл онымен тынған жоқ, Ғұн (Венгр) империясын құрып, елін, жерін, мемлекет құрылымын реттеп алған олар Еуропаны ендей өтті.

Екі иығымен екі өгіздің жүгін көтергендей алып денелі, жуан бас, жалпақ мұрынды, андыз сұйық сақалы бар бір сардар (санғұн) 500 мың қолын бастап, Еуропадағы шығыс, батыс Рим империясы қоныстанған жалпақ жерді құмдай сыпырады. Міне, бұл сол кезде батыс Рим патшасының қарындасы 16 жасар жас сұлу Хинорияға ғашық болған, Құдайдың қалауына қарсы шыққан христиан пенделерін жазалауға жіберген «Құдайдың қамшысы» Еділ (Аттила) еді. Оның атағын естіген Хинория ханша оны зор денелі, еркек біткеннің барлық ерекшелігі бойына дарыған асылзада деп қиялдайды және бір көруге ынтық болады. Бұл әңгіме Аттиланың құлағына шалдығады. Сөйтіп, тамырында көшпенділердің ыстық қаны тасыған Аттила Рим империясының жарым территориясын қарындасымен қосып «жасауы» ретінде өзіне қосып беруді талап етеді. Қатты намыстанған Рим билеушісі оған көнбей қарсылық білдіреді. Ақыры жоғарыда айтылған 500 мың қол селдей жөңкіліп, көшкіндей жапырып олардың астанасын талқандап, қарсы даярланған жасағының тоз-тозын шығарады. Бұл туралы Римнің байырғы бір тарихшысы: «Олар біз мүлде көрмеген өзгеше нәсілдегі жандар екен. Аспаннан түскендей кенет пайда бола кетті. Сұрапыл дауыл сияқты сүйемдей жердің бәрін таптады» – деп жазған екен.

Олар 405 жылы шығыс Римді күйрете жеңіп, 6000 қадақ алтынды алумен қоймай жылына 2100 қадақ алтын алман салық төлеуге мәжбүрлейді. Ұшы қиырсыз Еуразия даласында еркін ойнақ салған олар сонымен бір мезет байырқалап, қиыр шығыстағы қытайларды қан қақсатуды қайта жоспарлайды.

447 жылы шығыс Римнің астанасы Констанборг пен Цизас аймағында жер сілкінісі туған орайдан пайдаланып тағы да Римге басып кіріп, Констанборгке тағы қауіп төндіреді. Мұнан өлердей үрейленген Рим  Дунай өзенінің оңтүстігі, бүгінгі Белградтың шығысындағы 300 ағылшын шақырымдық, оңтүстігі мен солтүстігі 100 ағылшын шақырымдық территориясын Ғұндарға қос қолдап ұсынады.

Қытайларды шауып, ежелгі мекенін қайтарып алуды, сонымен қоса күн астында бөрі басты жалауы желбіреген ұл Ғұн империясының болашақ амандығын ойлаған Дана тәңірһұт Аттила эрамыздың 449 жылы 250 мың таңдаулы сарбазын Қытайға аттандырады. Орта Азия өңірін мекендеген көптеген ру-тайпаларды құмдай сыпырып Іле аңғарына жеткенде жаз бой жүрген қуаңшылықпен қабаттасып ауыр жұт жүреді. Сарбаздарға ауру тарап, жол жүру қиынға түскендіктен жасақтар кейін қайтып кетеді.

Бұл шақта әскер күшін нығайтып, күшті дайындыққа өткен шығыс Рим империясы да алдыда болмай қоймайтын тағы бір сұрапыл соғысқа дайындалып жатты. Жас сұлу Хинорияға деген құмарлығы әлі басылмаған Аттила 451 жылы үшінші сұрапыл шабуылын бастайды. Бұған батыс, шығыс Рим бірігіп қарсы тұрады. Деректерге қарағанда сол жылы маусым айының 20 күні болған аса ауыр қанды шайқас екі жаққа да оңай түспеген. Жалпы саны екі жақтан 165 мың сардар (кей деректе 300 мың деп те айтылады), қолбасылар қырғынға ұшырайды. Қазіргі Францияның Шампан өлкесінің Мавн өзені бойындағы бұл соғыста батыс Геттердің патшасы өліп, жасағының үштен екісі қырылады. Ғұндар да үлкен зиянға ұшырайды. Сонда да күш бермеген олар Рейн өзенінің жағалауына шегініп жалғасты шабуыл жасауға негізгі күшін сақтап қалады.

Бір жыл тыныстап, дайындалып енді орайы пісіп жетті деп ойлаған Аттила 452 жылы Альпы тауынан асып, Италияны таптап өтіп, барлық бекініс қамалдарын тегістеп, ат басын батыс Римге бірақ тірейді. Сасқалақтап не істерін біле алмаған батыс Рим императоры Рим папасы Пауэл I Ғұндарды жарасуға шақырды. Дәл сол кезде Ғұн жасағына оба тарай бастады. Оның үстіне шығыс Римнің жіберген көмек қосындары да жолға шығады. Ақыры сұңғыла Аттила көп ойланып, бітімге келуге көнеді. Бірақ, Хинория ханшаны бермесе қайта соғыс ашатынын айтып, батыс Римнің берген «тарту-таралғыларын» алып, сарбаздарын бастап қайтып кетеді. Содан 453 жылға келгенде Аттила қатты науқастан қаза болады да, Ғұндар белгісіз бір өзеннің (кейбір деректерде қазіргі Еділ өзені) суын тосып, Аттиланың сүйегін өзен арнасына көміп, құпия сақтау үшін өзен суын қайта ағызып қоя береді. Оның тірі кезі Ғұндардың шарықтаған кезі болды да, ал өлімі Ғұндардың азып-тозуының алғышарты болды. Артында қалған балалары таққа таласып, ішкі жанжал туылып жатқан кезде осы орайды мықты игерген батыс шығыс Геттер 454 жылы Ғұндарға күйрете соққы берді. Біртіндеп әлсіреген Ғұндар ақыры орыс даласына қарай ауды. Кейін келе Аттиланың бір ұлы Бұтаген кешегі әкесінің туын қайта тігу мақсатымен 468 жылы шығыс Геттерге және шығыс Римге қайта шабуыл жасады. Бір жылға созылған қанды қырғында шығыс Геттердің жасақтарын түгелімен жойып жіберіп, енді шығыс Римге ауыз салды. Өкінішке орай сол жылы күзде кескілескен майдан үстінде ол да жан тәсілім етті.

Содан бастап Еуропа жеріндегі аса ықпалды, кешенді мәдениет таратқан ұлы ұлт тарих сахнасынан құлады. Олардың бұл жердегі ұрпақтары Славян, Неміс қатарлы ұлттарға сіңіп кетті. Кейінгілер Венгрия мен Австриялықтарды Ғұндардың ұрпағы деседі. Қалған біраз бөлімі орта Азияға, Ертіс бойына ақырындап қоныс аударды да сол алқапты мекендеген Қаңлы, Үйсін тайпаларымен бірігіп кетті.

Олардың батысқа ауып баруы жабайы Орыс, Герман тайпаларын қараңғы орман арасынан жарық далаға айдап шықты. Ғұндардың ат тұяғының дүбірінен тұтас Еуропа оянды, құлдық дәуірден феодалдық дәуірге қадам тастады. Бұл әрине Еуропа мен дүниенің дамуының аяқ алысын тездетті. Содан келіп Ғұн неге құрыды дегенде, ішкі-сыртқы бақталастықтан құрыды. Оның екіге бөлінуі ішкі алауыздық, берекесіздік, батысқа ауып баруына қытайлардың соққылауының сыртында, Телелер мен Үйсін сияқты туысқандардың мүйіздеуі де басты себептердің бірі. Ғұнның бауырынан кейбіреулер көп ұлтты таратып жүр.

Біздің орта жүз Қазағындағы Арғындар сол Ғұндардың тікелей ұрпағы екені айтылады. Әріптік дыбыстауына тура кеп тұрған бұл сөз арғы Ғұн деген мағынаға келеді. Қазіргі кездегі тіл мамандары  Ғұндарды Түркі тілдік тайпа болғандығын теріске шығарады. Десекте олардың сол кездегі той салтанаты, өлім-жітім жол жорасы, әменгерлік түзімі бүкілдей кешегі, бүгінгі Түркілер жолымен бірдей. Олар сонау бір аумалы-төкпелі азғындық асқынған жалпақ далада әйелдерді қорғау үшін жақын туыстары соғыста қаза болса, оның әйелдерін әміріне алып, балаларын тәрбиелеп аман-сау ер жеткізіп отырған. Ал бұл кейінгі отырықшылар жөнінен жабайылық деп бағаланған. Еуропалық кейбір деректерде: «Ғұндар үлкендерін сыйламайды, жақсы азықтарды жастары жейді. Қыздың сұлуын жас батырлары таңдап  алып, үлкендеріне қарамайды» деген деректер келтіреді. Жоқ, олар ешқашанда олай болмаған, себебі, әр отбасында өмірге келген еркек бала Ғұндарға зор қуаныш сыйлап отырған. Сол кездегі талас-тартысқа толы қан кешті заманда елін, жерін, отбасын қорғауда жастардың ролі зор болған. Кескілескен шайқастарда мыңдаған, тіпті, он мыңдаған ер азамат өлім құшып отырған. Олардың артында қалған сансыз көп жесірлерді аман қалған туыстары, руластары алып отырған. Ғұндар текке қатты мән берген. Олжаға түскен сұлу да ақылды қыздарды сыннан өткізіп, қан майданда көзсіз ерлік көрсеткен жас батырларға қосып, сол жас қаһармандардан тегі мықты, сертке адал ұрпақ алып отырған. Ғұндар үшін үш нәрсе бәрінен жоғары тұрған. Оның ішінде Атамекеннің әр сүйем жері, бір түйір тасы ерекше қасиетті саналған. Ол үш қасиетті нәрсе – жер, жас батыр және сайысқа мінетін мықты сайгүліктер. Атышулы Моде тәңірһұттың: «Жас батырларымыз өлсе оны туып беретін әйелдеріміз бар. Жас тұлпарларымыз өлсе оны да туып беретін пырақ текті сайгүлік биелеріміз бар. Бәрінен де бізге қадірлісі жер. Одан айырылсақ бүкіл тайпаның анасынан айрылғанымен бірдей. Сол үшін бізге жерден артық нәрсе болмауы керек» –  деген сөзін еріксіз еске аламыз.

 

Дайындаған: Ұларбек Байталақ

Бөлісу: