Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылды

4 Мамыр 2023, 10:15 816

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сатыбалды Гүлмира ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабының 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сатыбалды Гүлмира 28-баптың 3-бөлігімен және 125-бабының 2-бөлігінің 1.8-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігі негізінде, ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігі негізінде, аса ауыр емес жазаны қолдану арқылы, мүлкін тәркілеусіз 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді судья Кемеңгер Имашев.

Осылайша Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылып, сонымен қатар оған берілген «Құрмет» ордені қайтарылады. 

Бұған дейін антикор Гүлмира Сатыбалдыға қатысты рейдерлік тартып алу ісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеген еді. Прокурор оған мүлкін тәркілеусіз сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Тергеу кезінде айыпталушы мемлекетке 8 млн доллар көлеміндегі қаржыны қайтарды.

Істің екі қатысушысы Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков тиісінше 7 және 5 жылға қамалды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: