Гуденко Сергей Гаврилович

3 Қыркүйек 2014, 11:41

Гуденко Сергей Гаврилович 1915 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Мамлют ауданының Колдоман селосында туған. 1936 жылғы қараша айында С.Г. Гуденко Қызыл Армия қатарына шақырылды.

Гуденко Сергей Гаврилович 1915 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы Мамлют ауданының Колдоман  селосында туған. 1936 жылғы қараша айында С.Г. Гуденко Қызыл Армия қатарына шақырылды.

Көпбалалы шаруа отбасында дүниеге келген Сергей балалық шағында бастауыш бiлiм де ала алмай қалады. Қызыл Армия қатарындағы жауынгерлiк қызметi ликбез курсымен бiрге өттi. Армияда Сергей үлгiлi пулеметшi болып, комсомолға өттi. Жапониямен соғыстың басталуын Сергей былай еске алады: «1938 жылғы 29 маусымда жауынгерлердiң бәрi  де  қатты  ұйқыда  жатқанда кенет  құлақты  жарған сирена үнi естiлдi. Бес минут өткен де жоқ, бiздiң бөлiм толық даярлықта болып, бұйрық күтіп тұрды. Жапон әскерлерi артиллерияның қолдауымен Кеңес территориясына екi жақтан бас салып, Хасан көлiне өтiп, Безымяный мен Заозерный жотасын басып алды. Таң ата бiз нұсқау берiлген жерге келiп, барынша жасырынып, Безымяный жотасына қарай жылжыдық. Қарсыластар бiзге артиллериядан қатты оқ жаудырды. Бiздiң артиллерия еселей жауап бердi. «Отан үшiн! Ұлы Сталин үшін!» деп ұрандап ұрысқа ұмтылдық. Көп кешiкпей бiздiң артиллерия жаудың бекінiп алған артиллерия және пулемет нүктелерiнiң үнін өшiрдi. Мен он шақты метр жерден бiздiң тылымызға өтiп кетуге жанталаса талпынып жатқан жаяу әскер взводын байқап қалдым. «Максимкамен» бiр рет оқ жаудырып жiберiп, мен жау взводын, барлаушы  тобын офицерiмен қоса жойып жiбердiм. Солдаттары сасқалақтап қаша жөнелдi, бiрақ менiң «максимкам» оларды кесiлген ағаштай қиып түсiрдi.

Олардың бірде­бiрi Маньчжур территориясына оралған жоқ. Сол күнi маған жапонның төрт станокты пулеметiн оқ­дәрiсiмен бiрге жинап алуға тура келдi. Кешке қарай бiз Безымяный жотасына бiржола бекiнiп алдық. Бiздiң бөлiмшеге Заозерный жотасының оң жақ шебiне қарай жылжуға бұйрық берiлдi. Кешке қарай бiздiң шебер маскировка жасай отырып, самурай оғының астынан шығынсыз шығуға мүмкiндiк берген қалың тұман түстi. Таңертең 4 тамызда оң қолдағы көрсетiлген позицияны алып, сонда бекiндiк».

Гуденко позициясын жиi ауыстыра отырып, ұзақ уақыт бойы Приозерный жотасын жалғыз қорғап тұрды. Одан кейiн алға ұмтылған жаяу әскерлердiң алдында жылжи отырып, өзінiң пулеметiмен қарсыластың бір ротаға жуық солдатын жойып, бiздiң бөлiмшенiң шабуылға шығуына мүмкiндiк жасады.

Сол ұрыстарда көрсеткен ерлiгi мен батылдығы үшiн қызыл әскер Сергей Гуденкоға 1938 жылы 23 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi.

1939 жылы Қиыр Шығыс әскери округi Сергей Гуденконы Киевтің жаяу әскер училищесiне жiбердi. Оны бітiрген жас лейтенант шекарада жаңадан жасалған доттар iске қосылып жатқан қорғаныс ауданына қызметке келдi. Училищенiң түлегi пулемет взводының командирi, «Кровель» доты­ ның коменданты болды.

Соғыстың алғашқы күндерi пулемет взводының жауынгерлерi қарсыластың көптеген шабуылына тойтарыс бердi.

Өз өмірiндегi ең соңғы ұрыстағы ерлiгi үшiн Кеңес Одағының Батыры Сергей Гаврилович Гуденко қаза тапқаннан кейiн Қызыл Жұлдыз орденiмен наградталды. Оның туған жерiнде – Мамлют пен Петропавл қаласында көшелерге есiмi берiлiп, батырдың аты есте қалды.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: