Грузияның туристік таныстырылымы болды

29 Маусым 2017, 12:32 7486

6 млн турист баратын ел

Грузия павильондағы туризм апталығы туристік бағыттардың тұсаукесерімен және ұлттық жүзім шараптардан дәм татумен басталды.

«Грузия туристік бағыты» атты тұсаукесерде, осы елдің Ұлттық Туризм әкімшлігі өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, Грузияның туристік әлеуетімен танысу өтті. Қонақжайлығы, сұлу да көркем табиғаты және жүзім шарабы, тағы басқа да ерекшеліктерімен есте қалатын Грузия қазіргі таңда әлем бойынша туризмнің отанына айналуға талпынған елдердің бірі болып отыр.

ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер елдің туристік бағыттарының түр-түрімен, көркем жерлерімен, дем алу орындарымен танысатын болады. Сонымен бірге, тұсаукесер кезінде теңіз, тау шаңғы бальнеологиялық курорт, минералды сулар, ЮНЕСКО мәдени мұрасы обьектілері сынды туристік бағыттардың сипаттамалары беріліп, келем деушілерді құшақ жая қарсы алатындықтарын жеткізді.

Жер көлемі 70 мың шаршы шақырым, төрт миллондай тұрғыны бар Грузия мемлекеті шын мәнінде әсем табиғатымен, тарихи есекерткіштерімен тамаша көңіл күй сыйлайтын болады. Онда саяхатшылар үшін барлық жағдай жасалған. Аталған ел қауіпсіз елдердің алғашқы сапында тұрады. Онда жергілікті халық пен саяхатшылардың қауіпсіздігін күзету басты назарда. Павильон қонақтары үшін туристік инфрақұрылым, іскерлік туризмге арналған ең танымал жерлер турасында ақпар берілді.

Сондай-ақ, Грузияға шақыратын 10 себеп ерекше аталып өтті. Олар: шарап өнімі, мәдениет, дәмді асхана, керемет әліпби, ЮНЕСКО-ға кіретін ғимараттар, туристік бай ресурстар, бірінші еуропалық өркениет, флора және фауна, тау және теңіз курорттары, естен кетпес саяхат.

Сол секілді тұсаукесер барысында Грузия өз мәдениетіне, ілгеріде айтқан дәмді асханасына, теңіз және таулы курорттарға ерекше тоқталып өтті. 4 млн тұрғыны бар ел бір жыл ішінде 6 млн туристердің келгенін мақтана жеткізді.

Кездесу соңында келген қонақтар грузин тілінде жанды дауыста әндер тыңдап, әйгілі грузин шараптарынан дәм татты.

Жалпы, Грузия павильоны туристік бағытқа толықтай арналған.

Онда сол елдің әсем табиғатын тамашалу үшін 3D көзілдірік бар. Шарабымен дараланатын ел бірнеше түрлі осындай сусындарын көпшіліктің назарына ұсынады. Ал келесі бөлігінде грузиннің мәдениетінен хабардар  беретін сәнді бұйымдар, қолөнер заттары қойылған.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: