Жиырма бес жыл бұрын, 1993 жылдың 1 маусымында Қазақстан мен Грузия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі қатынастары туралы Шартқа қол қойылған болатын.
Осы аралықта екі ел арасында мәдениет қатынасы өркендеп келеді. 2006 жылы Тбилисиде «Жолайрық: Қазақстан-Грузия» мәдени фестиваль өткізіліп, фестиваль аясында «Көшпенділер» фильмі көрсетілді және фотокөрме ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің классикасы «Қыз Жібек» мюзиклы көрсетілді. 2007 жылдың жазында Астанада «Грузин мәдениеті күндері» өтті.
Қазіргі таңда Астана мен Тбилиси, Шығыс Қазақстан облысы мен Мцхета-Мтианети, Маңғыстау облысы мен Аджария арасындағы өңіраралық байланыстарды дамытуға маңызды шаралар атқарылуда.
Музыка тарихы
Жалпы грузин халық әуендері мен әндері көне ғасырдан бастау алады. Сол кезден-ақ грузин музыкасы адамдардың өмірімен байланысты еді. Олардың әуендерінде ұлттың бай тарихы, рухани құндылығы, жанның мейірімділігі, ғибрат, патриоттық пен ерліктің өр рухы сипатталған. Ұлттық әуен қашанда рухани қуатты әспеттеп, грузин халқының тұрмыс-салтының көрінісін айқындады. Сонымен қатар грузин әуендері еңбекке, ерлікке, ұлттық мейрамдарға арналған. Халық әуендері қиын-қыстау кездерде табандылық пен шыдамдылықтың рухын көтеруге арналып шырқалған. Сол себепті де грузиндер ғасырлар бойы музыкалық дәстүрді ұқыппен сақтап келген.
Музыка адамның, тіпті барша бір ұлттың жандүниесін ұғындыра алатын сиқырға ие деген ұғым қалыптасқандығы сонша, бұл өнерді адам ғұмырындағы барлық толғанысты білдіретін, қызығушылығының мәнін аңғартатын, жанының рухани байлығын танытатын әуезді картинаға теңесе де болады деп айтады грузиндер.
Ән мен аспапты бір-бірімен ажыратуға келмейді. Ән музыкалық аспаптың дамуына себепкер болса, ол да өз кезегінде әнге белгілі бір ықпалын тигізеді. Көнеден сақталып келе жатқан халық әндері мен аспаптары тарихи дамудың үдерісін танытатын бірегей дәлел және түрлі халықтың өркендеу жолы мен деңгейін түрлі кезеңдерде мәдени дамуының кепілі.
Грузин халқының музыкасы мен аспаптары туралы маңызды мәліметті археологиялық материалдар мен көне грек дереккөздері көрсетеді. Жазбалардағы мәлімет бойынша б.з.д. жасалған әртүрлі аспаптар табылған: Саламури, Чанги, Тсинтсила, Лира.
Ғасырлар бойы грузин халқы әндерімен бірге аспаптарын да ойлап тауып, оны дамытқан. Оларды қуанышында, қайғысында да қолдануды дағдыланған. Музыка грузиндердің рухани өмірінің ажырамас бөлігі және бірге жасаған құбылысы еді. Әлбетте, бұл түрлі музыка аспаптарын дамытудың және оны қолданудың жоғары мәдениеттілігін танытты.
Грузин әндері ерте заманнан көп дауыстылық сипатта екенін айта кету жөн. Полифония бірегей құбылыс болып саналады және мұндай құндылықпен азғантай халықтар ғана мақтана алады. Соның ішінде грузиндердің көп дауыстылық шеберлігі ерекше, өзгелерден айырмашылығы әжептәуір және сан алуандылығымен айрықша. Грузияның әр өңірінің өзіндік музыкалық диалектісі бар, оның саны он беске жетеді.
Осы орайда грузин әндері ғасырлар бойы дамып, байығанын айта кету керек. Грузия «Чакруло», «Лиле», «Хасанбегура», «Мравалжамиер», «Иавнана» және көптеген тамаша әндердің отаны. Әлемдік халық әндерінің астанасына айналған грузиндердің көп дауыспен орындалатын әндері әлемдік өнер жауһары болып танылды.
Грузия ұлтының мәдениеті тарихта ерте заманнан бастау алып, ғасырлардан ғасырларға жеткен. Ерте заман мәдениетімен өзара байланыса отырып, бай мұра қалыптастырған және жаугершілік заманда өз құндылығын жоймай, сақталып қалған. Бұл жағдай ерекше мән беруге тұрарлық. Өйткені ұлттың қадір-қасиеті нақты бір шығармашыл тұлғалармен ғана бағаланып қоймай, ол сонымен қатар ұлттың ғасырлар бедерінде пайда болып, дамыған материалдық және рухани мәдени мұрамен бағаланады.
Ұлы мәдени дәулет кейде тарихи оқиғаларға байланысты жойылып кетуі де әбден мүмкін. Оның ізін қайта жаңғырту үшін археология, антропология, этнография сынды маңызды ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Грузия жерінде жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижесінде табылған материалдар арқылы мәдени өмір салтының жалпы картинасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл әсіресе музыка мұрасына, соның ішінде ұлттық аспаптарға көп байланысты.
Ұлттық аспаптары
Грузиндердің ұлттық аспаптары ішекті, үрмелі, ұрмалы және пернелі болып бөлінеді.
Ішекті аспаптар өзара қол аспаптары (ішектерді саусақпен тарту), шертпелі және ыспалы болып келеді. Қол аспаптары: Пандури, Чонгури, Бас-Пандури. Шертпеліге Чанги, ыспалыға Чунири, Абхарца жатады.
Үрмелі аспаптар: көп түтелі сыбызғы Ларчем-Соинари, Саламури, Дудуки, Пилили, Зурна, Буки, Гудаствири және Чибони.
Ұрмалы аспаптар: Доли, Даира, Диплипито, Цинцила. Пернелі аспаптарға: Бузика, Тико-Тико мен Гармонды жатқызады.
Ішекті аспаптар
Пандури – грузиндердің үш ішекті дәстүрлі аспабы. Ол Шығыс Грузияның бөлігінде кеңінен таралған – Пшавхевсурети, Тушети, Кахети, Картли. Пандури аккомпанемент үшін басты аспап болып табылады. Бұл аспаптың сүйемелденуімен жеке әндер айтылып, батырлардың ерлігі жайлы өлеңдер оқылады.
Грузияда бұл аспаптың екі түрі бар: бірі – Пандури, екіншісі – Чонгури.
Пандуридің корпусы, мойын және қосымша бөлшектерден құралады. Корпусы үңгілген қуыстан және үстіңгі декадан тұрады. Мойын – бастиек және саусақтарды басатын тақтайша. Қосымша бөлшектер: тойтарма, мойынағаш, перне, тиек және ілмек.
Көбіне Пандури тұтас аспаптан қиылып жасалады, кейде аспаптың корпусы жұқа ағаш тақтайларды бір-бірімен жалғастыру арқылы жасалады.
Ертеректе Пандури аспабы әр отбасында міндетті түрде болуы керек деп әдеп қалыптасқан. Егер бір үйде осы аспап болмай қалса, онда ол үйдің адамдарына сыйлыққа беретін болған. Мұндай сыйлық құнды болып есептелген. Хевсурети аймағында өте жақсы жасалған Пандуриді бір қойға немесе қорытылған бес келі майға сатып алуға болатын деседі. Әйтсе де бұл аспап сатылмайтын болған, оны тек сыйлық ретінде тарту еткен. Ол үй жиһаздарының бірі болып саналған.
Бұл аспапта көбіне әйелдер ойнайды. Пандурисіз бірде-бір той, ойын-сауық пен діни мейрамдар өтпейді.
Пандури мен Чонгури шаттықтың, қуаныштың, бақыттың нышаны, сондықтан қайғы келген үйде аспапты ойнамайтын болған. Әсіресе өлік шыққан үйде аспапты жасырып қойып, жыл өткен соң ғана үйдің үлкені аспапты қайта қолға алып, ән салған. Бұл қазаның аяқталғанын білдіреді.
Чанги – бүгінгі күнге дейін Грузияның Сванети бөлігінде сақталып келген. Чанги негізгі екі бөліктен құралады. Тұрқы және қосалқы бөлшектер: кілт және тойтарма.
Чанги Сванетидегі танымал аспап. Оны мұңлы аспап деп атап кеткен. Аңызшылардың айтуынша Чанги аспабын қайғы-қасіреттің табын жеңілдету үшін ойнайтын болған. Сванетиде Чанги «Шимеквше» деп аталады, бұл «сынған қол» деген мағынаны білдіреді.
Аспаптың алты-жеті ішегі бар. Оны жаңа шабылған ағаштан (шырша, қарағай) өңдеп жасайды. Алты ішекті Чангидің дыбыстық реттілігі: «фа», «соль», «ля», «си», «до», «ре».
Жеті ішекті Чанги дәл осындай дыбыстық реттілікте, тек оның үндестілігі «ми» нотасынан басталады.
Грузин халқының фольклоры аңызға бай. Олардың әр әрекеті аңыз-әпсаналармен байланыстырылады. Әрине музыкалық аспаптармен байланыстырылған аңыз әңгімелерден кенде емес.
Чанги туралы аңыз
Чанги Сванетидегі танымал құрал. Бұл құралды мұңлы аспаптық құрал деп санайды. Аңызшылардың айтуынша, әдетте Чангиді қайғы-қасіретті жеңілдету үшін ойнайды. Чанги туралы аңыз ұлы соғыста қайтыс болған қартпен байланысты. Ол өзінің қайғы-қасіретін осы құралдың қайғылы әуенімен білдірген. Чанги денесі – жас адамның қолы, шектері – шашы, ал мұңды дауысы – қайғылы әкесінің көз жасы.
Аңыз өзгеше түрде де кездеседі, бұл аңыздарға тән құбылыс. Өзге нұсқасында ғашық болған қызды сипаттайды. Қыз өз сүйіктісінің қайтып оралуын ұзақ күтеді. Ұзақ іздеуден кейін ол сүйіктісінің өлі денесін тапқан. Сонда қыз шашын сүйіктісінің қолына орап, қайғылы әнін айтқан.
Чунири аккомпанемент үшін қолданатын аспап. Оны әдетте Чанги, Пандури және Саламури аспаптарымен бірге ойнайды. Чунири ескі грузин қияқты ішекті аспап. Чунири сопақ корпустан, мойыннан және қосымша бөліктерден тұрады. Дыбысты шығару ішекке жылжу арқылы жүреді. Сван Чунири корпусы елеуіш тәрізді. Оның төменгі жағы ашық. Ол жерге тері керілген. Мойны тұтас және тегіс, корпус ішінде бекітілген. Мойынның басында тойтарма үшін үш тесік бар. Қосымша бөліктер - тойтарма, қапсырма және аяғы. Мойын басына, тойтармаға ат қылынан жасалған ішектің бір шеті бекітілген. Ысқысы пияз пішінді. Онда ішекке арналған ойықтар жасалған.
Чонгури Грузияның батысында көп таралған (Самегрело, Гурия, Аджара). Чонгури әр аймақта әртүрлі құрылымды. Чонгури негізінде аккомпанемент аспабы. Оның сүйемелденуімен бір, екі және үш дауысты ән айтуға болады. Чонгуридің ұзындығы 978-1156 мм. Ол үш бөліктен тұрады: корпус, мойын және қосымша бөліктер. Корпусы терең қуыстан және жоғарғы декадан тұрады. Мойын басы және саусақ қосымша тақтадан тұрады. Қосымша бөліктер: тойтарма, ярмо, қапсырма және ілмектер болып табылады. Чонгури тұтас ағаштан кесіледі, ал кейде 7-8 жұқа пластинамен бекітілген, бірге желімделген, тұт ағашы шегенінен жасалады.
Бас-Пандури өткен ғасырда пайда болған аспап. Классикалық Бас-Пандури халықтық аспап Пандуридің бір түрі. Өйткені оркестр үшін төменгі үндестікте жаңаша музыкалық аспап ойлап табу керек болған. Бұл аспапты жасау технологиясы да дәл Пандуримен бірдей.
Бас-Пандуриді өзге аспаптармен бірге ансамбльде ойнайды.
Абхарца – грузиндердің көне қос ішекті ыспалы музыкалық аспабы. Бұл аспап Абхазиядан барлық Грузияға таралған. Бұл аспап та аккомпанемент үшін арналған. Абхарцаның әуенімен ән айтылып, өлеңдер оқылады.
Абхарца «қайық» тәріздес, тұтас ағаштан ойылып жасалған. Оның ұзындығы – 4800мм. Оның үстіңгі бөлігі басты бөлігіне жабыстырылады. Аспаптың үстіңгі жағында дыбыс ырғағын баптайтын екі тойтарма орналасқан.
Үрмелі аспаптар
Саламури (тілдік) 230-260 мм түтікті аспап. Саламуриде бес немесе жеті-тоғыз тесік көздері болады. Бір көз теріс жағында бірінші және екінші көздің ортасында орналасады. Тіл жағы 12-15 мм қамысты тығыннан тұрады. Ол түтікке тағылған. Саламури өрік немесе грек жаңғағы ағашынан жасалады. Бұл аспап бақташыға қажетті аспап. Қазіргі уақытта тілді Саламури кеңінен таралған аспап. Онымен бақташы және би әуендері ойналады.
Чибони – Грузияның батыс бөлігі Аджариде таралған үрмелі аспап. Аджарлық Чибонидің дыбыстық реттілігі диатоникалық. Диатоника – ладтың негізгі баспалдақтарының ретінен туатын музыкалық дыбыстар жүйесі.
Чибонидің екі мүйізіне орналасқан қос түтікше екі дыбысты шығарады. Чибониде екі дауыста айтылатын әуендер орындалады. Оның диапазоны жоғары секталы.
Гудаствири – Грузияның батыс бөлігі Рачта қолданылатын үрмелі аспап. Аккомпанемент аспабы. Бір дауысты желдірме әндерді сүйемелдеуге ыңғайлы. Тарихи, эпикалық, сатиралық, комедиялық, лирикалық өлеңдерді оқығанда ойналады. Дыбыстық реттілігі диатоникалық. Негізгі рөлі әуенге емес, мәтінге қатысты. Осы себептен аспаптың мүмкіндігі шектеулі екенін байқаймыз. Осы аспапты ойнайтын рачиндық музыканттар әр отбасында қашанда сыйлы қонақ болған. Сол түтік келесі ноталарды дыбыстайды: «фа», «ми», «ре», «до», «си», «ля», «соль», ал үш тесік төменгі дауыс ноталарын дыбыстайды: «до», «си», «ля», «соль».
Гудаствири туралы аңыз
Гудаствири туралы аңызда Мириан патшасы кезінде пұтқа табынушыларды пұт тәңірісіне адамдарды құрбандыққа әкеліп, оларды отқа өртеген. Бір күні құрбандық шалу үшін кедей отбасының жалғыз ұлын алып кетеді. Қайғыдан қан жұтқан жігіттің әкесі бұрын-соңды болмаған үрмелі музыкалық аспапты жасап, патша тұрған қалаға сұранады. Қария әр кеш сайын қаланың маңындағы тауға көтеріліп, өзінің аспабында маңайын еліттіріп, әуен ойнайды.
Бір күні патша осы ғажайып әуенді естіп, қартты алдына алып келуге бұйырады. Бірақ қарт патшаға келуден бас тартады. Патша оның кез келген қалауын орындауға уәде еткеннен кейін, қарт адам оның алдына келуге келісімін береді. Патша кедейден кім болатынын және осындай керемет әуен шығаратын құрал қалай аталатынын сұрайды.
— Аса мәртебелі патша, бұл құрал «Встири» (көз жасы) деп аталады, – деп жауап береді қарт. — Ал мен осы жерде бұрын-соңды болмаған ең бақытсыз адаммын.
Жөнін айтқан соң қарт Гудаствириін қолына алып, өзінің қайғысы туралы әндетіп, патшадан ұлын босатуын сұрайды. Барлығы тыныстарын ішке бүгіп, патша не айтар екен деп күтеді. Ал патша болса ашуға булығып, қартты зынданға тастауға бұйырады. Сол кезде патшаның жұбайы патша өз сөзінде тұруы тиіс екенін есіне салады. Патша біраз уақытқа дейін үнсіз отырады, өйткені ол ішкі ойымен күресіп отырған еді, соңында ол:
— Мен, Иберия патшасы, бүгінгі күннен бастап пұтқа табынуға тыйым саламын. Қараңғы қапасты ашып, ұлын әкесіне қайтарыңдар, – дейді.
Осы сөздерді естіген жиналған қауым шаттанып, қол соғады. Бірақ қарт үлкен қуанышты көтере алмай, сол жерде тасқа айналады.
Тауларда, биік сарқырамаларда қазіргі кезге дейін Гудаствири ұстаған қария тұр деседі, сол маңнан өткен адамды ғажайып күйге бөлейтін сырлы әуендер осы күнге дейін естіледі...
Саламури (тілсіз) ұзындығы 380-400 мм жеті-сегіз тесігі бар түтікше. Бірінші тесік 13 см орналасқан. Қалған тесіктер бір-біріне бірдей қашықтықта (3 см) орналасқан. Кейде бір тесікті теріс жағынан ояды. Түтіктің ішкі бөлігі аяқ жағына дейін қуыс. Бастиегі ептеп үшкірлеу, ол үрлеуге ыңғайлы болу үшін жасалған. Аспаптың бұл түрі диатоникалық дыбыс реттілігіндегі бір октавалы.
Саламури туралы аңыз
Аңыз бойынша Саламуридің пайда болуы халықтың тұрмысына байланысты. Алғаш рет қамыс жетімнің қабірінде өсіп, жел соғып, баяу дауыспен қайғылы әуен шығаратын болған.
Сонымен қатар адамдар Саламури аспабын құдайлардың өзінен алған дейді. Сондықтан оны құдайдың музыкалық құралы деп санайды.
Басқа аңыз бойынша, адамдар періштелердің керемет музыкалық аспаптарына қарап Саламури аспабын ойлап тапқан. Ал енді бір аңыздарда «Цикара» ертегісіндегі бұқаға тиесілі болды дейді.
Саламури әрдайым еңбекқор адамның қайғыда да, қуанышта да ажырамайтын досы болыпты. Аңыз бойынша, аспапты ешқандай күш, тіпті от та жоя алмаған. Жанып кеткеннің өзінде қалдықтардан жағымды дыбыстар шығып, ал күлде аспап иесінің бет-әлпеті көрінетін болған. Саламуридің танымалдығы соншалықты, оның көмегімен жоғалған баланы тауып алған деседі.
Грузия тұрмысында Саламуриді қайғыда да, мерекелерде де ойнады, сондықтан халықта «Сачиро» (қайғы үшін), «Салхино» (көңіл үшін) деген ұғым таралған. Көңілді әуен адамдарға бақыт сезімін сыйлайды, жануарларды қолға үйретеді, құстарға ән салғызады, ал мұңлы әуен адамның қайғы-қасіретін жеңілдетеді, оны бастан өткеруге көмектеседі. Ертегілердің бірінде мұңды Саламури сыбызғысы тіпті шөпті де жылатқан деседі.
Егер ескі уақытта Саламуриде бір салт-жоралғылар бойынша ойнаса адамдар ол арқылы зұлым рухтарды қууға болады деп сенген. Ал бүгінгі таңда Саламури грузин халық музыкалық аспаптарының ансамблінде лайықты орын алды.
Грузиялық көп түтелі саламури – Ларчем-Соинари Грузияның батысында кездеседі: Самегрелода «Ларчеми», Гурияда «Соинари». Ларчем-Соинари әр ұзындықта алты түтіктен құралған. Әр түтік нақты бір деңгейде дыбыс шығарады. Соинари түтікшелері құрақтан жасалады. Олар өзара баумен байланады. Мегрель және гуриялық сыбызғының айырмашылығы жоқ. Соинари мегрельдік ларчемге қарағанда едәуір кішірек.
Ларчем-Соинари түтікшелерінің орналасуы қызық: ортасында ұзын, екі шетінде қысқа түтікшелер.
Пилили – Аджариде кең таралған. Бұл аспаппен би және әзіл әндердің әуені ойналады. Көбінесе күрес сайыстарындағы әуендерді осы аспаппен сүйемелдейді. Бұл сайыс барысында жарысқа қатысушыларға рух беру үшін пайдаланады.
Пилили көбіне ансамбльдегі би әуендеріне доли аспабымен қатар қолданылады. Аспаптың басты бөлшектері: өзекті түтікше мен «ципили» (тілі). Өзекті түтікшенің ұзындығы 25-30 см. Оның бес-жеті тесігі болады. Ципили кішкентай түтікше, қажетті дыбысқа қарай ұзын болады. Пилили өзекшесін алхоры немесе аюбадам ағашынан жасайды. Қазіргі кезде бамбук ағашынан да жасап жүр. Пилили бір октавалы диатоникалық дыбыстық реттіліктен тұрады.
Зурна ерлікке, қаһармандыққа шақыратын аспап. Аспаптың дыбысы тыңдаушыны сергітетін әсері бар. Бұл аспап та жарыстарда қатысушыларды рухтандыру үшін пайдаланылады. Күрес кезінде ойналатын әуен «Сачидао» осы аспапта орындалады. Сонымен қатар зурнамен би әуендері мен мерекелік әуендерді ойнайды.
Зурнаның бөлшектері: өзекті түтікше мен тілше (қамыс). Өзекше көбіне өрік ағашынан, кейде грек жаңғағы ағашынан жасалады. Оның үстіңгі бетінде жеті-сегіз тесік болады, ал сыртқы бетінде бір тесік. Ұзындығы 280-300 мм. Қамыс тілше түтікшеге орналасады.
Буки сары мыстан жасалады. Сырнайдың құйғыш тәрізді бөлігінің ішінде бірінші жартысына дейін ағаш дің салынған, ал екінші жартысына мыс түтігі салынған. Аспаптың биіктігі 1270 мм, құйғыштың диаметрі 220 мм, үрлеу орнының диаметрі 28 мм.
Букиді негізінен әскери жорықтарда ойнайтын болған, яғни, оны шайқас әркеттерінде пайдаланды және белгі құрал ретінде қызмет етті. Буки өте қатты құлақ тұндыратын дыбыс шығарады, сондықтан шайқас басталғанын, жау немесе әскер жақындап келе жатқанын білдірген. XII ғасырда бұл құрал әскери аспаптар тобына тиесілі болды.
Дудуки – Грузияда кең таралған үрмелі аспап. Диатоникалық дыбысты. Дудук жұмсақ әуезді. Әдетте ансамбльде екі дудук біріктіріледі: біреуі екінші дауыстың рөлін атқарады, екіншісі – бас. Әуенді бір дудук «ұста» орындайды, екінші дудук «дамкаши» әуенді интонацияның негізгі сатысындағы баспен сүйемелдейді. Дудуки репертуары жан-жақты. Негізінен махаббат, әзіл, лирикалық және би музыкасын орындайды.
Доли – ұрмалы аспап. Ол кішкентай ағаш цилиндр тәріздес. Екі жағы да былғарымен қатты тартылған. Былғары корпусқа баумен бекітілген, ал темір шығыршық былғарыны тарту үшін пайдаланылады. Долиде саусақтармен немесе алақанмен ұрғылап ойнайды. Ойын кезінде аспапты сол жақ қолтыққа қысып тұрады немесе иыққа тірейді. Отырып немесе билеп жүріп те ойнауға болады. «Форте» әсерін шығару үшін үстіңгі жақтың ортасын ұрғылайды, ал «пиано» әсерін туғызу үшін шеттерін ұрады.
Аспаптың корпусы ағаштан жасалады. Оған цилиндр пішін беріп, былғары тартады. Долидің биіктігі мен дыбыс шығаратын бетінің аралығы шамамен 3/1. Бұл аспапты тек ер адамдар ойнайды. Бидің кезінде биге ырғақ береді.
Даира – көне ұрмалы аспап түрі. Ол былғары тартылған дөңгелек ағаш аспап. Ішкі жағының қабырғаларына сылдырмақ тағылады. Шеңбер (доға) биіктігінің және дыбыс шығаратын беттің диаметрінің қатынасы – 1/5.
Даира үйлену тойында, ұлттық мерекелер мен ойын-сауықта кеңінен қолданылады. Бұл аспап Самегрело мен Рача аймақтарында, Шығыс Грузияның алқабында және Тушетидің таулы аймағында кең таралған. Ойын кезінде Даирды екі қолымен ұстайды. Үлкен саусақтар шеңберге сүйенеді. Басқа саусақтармен дыбыс шығаратын бетті ұрғылайды. Ойын кезінде дыбыс шығаратын беттің ортасы соғылады.
Даириде би әуендері орындалады. Әдетте аспапты әйелдер ойнайды. Әуенді орындау кезінде бір даириден артық қолданылмайды.
Диплипито – Грузияның барлық аймақтарында кең таралған аспап. Бұл екі кішкентай конус тәрізді қыш құмыра, биіктігі бірдей (200-250 мм), ені әртүрлі (диаметрі 90 мм және 170 мм). Аспапқа тері тартылған. Құмыралар бір-біріне баумен бекітіледі.
Диплипитода екі ағаш таяқшалармен ойнайды, ол «ешкі аяғы» деп аталады. Ойын кезінде диплипито ән немесе би ырғағын жасайды. Диплипито Дудук, Бузика, Пандури және Саламуримен бірге ансамбльге жиі біріктіріледі. Онда тек ерлер ойнайды. Диплипито халық музыкалық аспаптар ансамблінде маңызды рөл атқарады.
Тико-Тико аспабын грузин халық музыкалық аспаптарына жатқызу қиын, бірақ бұл құралдар өте танымал және Грузияның халқы екі жүзжылдықта пайдаланылып келеді.
Тико-Тико Грузияға Еуропадан 1830-шы жылдары келді. Онымен негізінен би әуендері орындалады.
Гармонды Грузин халқының музыкалық аспаптарына телу қиын. Ол Грузияға Еуропадан, атап айтқанда 1830-шы жылдарда Ресейден келген және аз уақытта халық музыканттары арасында танымал болды. Әсіресе Тушетиде (Солтүстік-Шығыс Грузия) танымал, онда ол аккомпанементке арналған құрал ретінде (әнмен бірге) және соло партиясын орындау үшін қолданылады. Сондай-ақ Гормонда грузин ұлттық билерін билеген кезде ойнайды.
Жалпы халықтық музыкалық аспаптарды қарастыру кезінде Бузиканы айналып өтуге болмайды (кішкентай аккордеон). Бұл аспап таулы жерлерде тұратын грузиндерде елеулі орын алады. Ол алқаптарда да қолданылады.
Бузика – бұл әйелдерге арналған құрал, сондықтан оны жиі қалыңдыққа құда түсу кезінде тарту ретінде берді. Бұл дәстүр бұрыннан орнаған.
Бузика өте танымал құрал. Ол грузин халқының мерекелерінде, үйлену тойында және кез келген ойын-сауықтарда табылады. Бузика ән және би әуендерін ойнауға лайықты.
Осы аспаптардың барлығын Тбилисиде 1975 жылы ашылған Аркадий Ревазишвилидің жеке музыкалық аспаптар коллекциясының негізінде құрылған грузин халық аспаптары мұражайынан көруге болады.
Мұражайда әр кезеңдердегі және өңірлердің музыкалық аспаптары сақталған. Ежелгі грузин музыкалық аспаптары ең құнды коллекциялардың бірін құрайды.
Мақаланы жазуда hangebi.ge сайтының авторы Левани Брегвадзенің көмегі айрықша болды. Ол ұлттық аспаптар туралы толық мәлімет беріп, сөз арасында Қазақстаннан Пандури аспабына қызығушылық білдіріп, сатып алушылар көп келетінін айтты.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.