Гормондар

28 Тамыз 2014, 11:02

ГОРМОНДАР (грек. hormao — қозғалтамын, қоздырамын) — ішкі секреция бездерінде түзіліп, бірден қанға түсетін және әр түрлі органдар мен тіндердің қызметіне тікелей әсер ететін биологиялық активті заттар.

ГОРМОНДАР (грек. hormao — қозғалтамын, қоздырамын) — ішкі секреция бездерінде түзіліп, бірден қанға түсетін және әр түрлі органдар мен тіндердің қызметіне тікелей әсер ететін биологиялық активті заттар. Г. терминін алғаш рет 1905 ж. ағылшын физиологы Э.Старлинг (1866 — 1927) енгізген. Г. қан ағысымен денеге таралады. Олар табиғатына қарай негізгі 3 топқа бөлінеді: 1) белоктық Г. — гипофиздің алдыңғы және ортаңғы бөліктері мен ұйқы безі гормондары (инсулин, глюкагон, соматотропин); 2) стероидтық Г. — холестериннің туындылары (кортикостерон, тестерон және эстрогендер, т.б.); 3) амин қышқылдары Г-ы — бүйрек үсті безінің гормондары (тироксин, адреналин, т.б.). Г организмде құрылыс материалы да, қуат көзі де болып табылмайды. Олар ерекше биокатализаторлар — реттегіш заттар. Олар қанда белоктармен қосылыс түрінде, ал біразы байланыссыз бөлек қалпында болады. Г-дың көптеген қасиеттері анықталған: 1) дистанциялық (қашықтан) әсері — өздерінен алшақ орналасқан органдарға ықпал етуі (мыс., гипофиздің алдыңғы бөлімінде түзілген Г. қалқанша без, бүйрек үсті бездері, жыныс бездерінің қызметін өзгерте алады); 2) өзіндік әсері — әрбір гормон белгілі бір процестерге ғана ықпал етеді (мыс., инсулин тек қан құрамындағы глюкозаның деңгейін төмендетеді); 3) биологиялық белсенділігі — олардың аз мөлшерінің өзі күшті биол. әсер тудырады. Г. қызметіне қарай 3 топқа бөлінеді: 1) клеткаға тікелей әсер етіп, ферменттердің жұмысын күшейтіп, ядродағы генетик. арнайы белоктардың түзілуін жеделдететін — эффекторлық Г.; 2) қан тамырлары мен лимфа тамырларына әсер ететін — троптық Г.; 3) нейрондардың кернеуін жоғарылату не төмендету арқылы олардың қозғыштығын өзгертетін — релизинг Г. Жеке клеткаларда түзіліп, солардың өзіне ғана әсер ететін биол. активті заттарды клеткалық Г., сол клеткаларда түзіліп, тіндерге жайылып, олардың қызметіне әсер ететін биол. активті заттарды тіндік Г. немесе гистогормондар, тіндерде зат алмасу өнімі ретінде бөлініп, биол. белсенділік көрсететін заттарды (мыс., көмір қышқыл газы, мочевина) парагормондар деп атайды. Ішкі секреция бездерінен тыс басқа органдар мен клеткаларда түзіліп, организмдегі зат алмасу процесі мен көптеген физиол. процестерді реттеуге қатынасатын хим. құрылымы жағынан әр түрлі биол. активті заттарды гормоноидтар деп атайды. Олар қысқа уақыт ішінде ғана әсер етеді, тін белоктарымен тез қосылып кетеді немесе тез бұзылады. Г. тек адам мен жоғары сатыда дамыған жануарларда ғана кездеседі. Ал өсімдіктерде өте күрделі гормондық жүйе құрайтын активті заттар фитогормондар (ауксиндер, т.б.) барлығы анықталды. Г. таза күйінде және препарат түрінде адамның, малдың ауруларын емдеуге қолданылады.

 

                                                                                                     Қазақстан Энциклопедиясы

                                                                                                     Х. Дүйсембин

Бөлісу: