16 Қазан 2014, 08:32
Орталық коммуникациялар қызметінің бүгінгі брифингі Google Translate+Kazakh жобасына арналды.
Google Translate – бұл Google компаниясына тиесілі ең танымал тегін машина-аудармашы. Бұл аударма құралын күніне 200 млн. адам пайдаланып, 1 миллиардтан астам аударма жасайды.
Аталмыш сервис 2001 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында бұл бағдарлама 81 тілді қамтыды, соның ішінде екеуі түркі тілдері: әзірбайжан және түрік тілдері. 2 жыл бұрын Google Translate-ке қазақ тілін қосу жұмыстары басталып, Google Translate+Kazakh жобасы жүзеге аса бастады.
Google Translate+Kazakh жобасын жүзеге асырумен «WikiBilim» қоғамдық қоры айналысып келеді.
Брифинг барысында «WikiBilim» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы қазақтілді қауымдастықты аударма сапасын тексеруге шақырды.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, Google компаниясы аударма жүйесіне қазақ тілін қосуға дайын, тек бұл үшін қазақ және ағылшын тілдерін меңгерген азаматтардың көмегі керек. Себебі бұл үлкен жұмыс.
Google Translate аударма машинасы тек сөздерді ғана аударып қоймай, сөз тіркестері мен үлкен көлемді мәтіндерді де аударады, ал бұл дегеніміз аударылуға тиісті дүниелердің саны шексіз екенін көрсетеді. Мәселен, жай ғана сөздердің аудармасынан тұратын сөздік кітаптарда 100, 200 мыңға дейін аударма кездессе, Google Translate жүйесінде бұл аударма саны жүздеген, тіпті мыңдаған есе өседі.
Google Translate аударма машинасын қазақша сөйлету бізге не үшін қажет?
Google Translate+Kazakh жобасына үлес қосу қиын емес. Ол үшін мына сілтемеге өту қажет.
Егер де сіз Google жүйесінде осыған дейін тіркелген болсаңыз, онда жоғарыдағы «кіру» батырмасын басып, логин мен құпия сөзіңізді енгізесіз.
Ал егер тіркелмесеңіз, төмендегі «тіркелу» батырмасын басып, тіркелуге тура келеді.
Аудармаға атсалысудың үш негізгі түрі бар: 1) Аудару; 2) Бағалау; 3) Сәйкестендіру.
Егер берілген тіркестерді аудару арқылы үлес қосқыңыз келсе, өзіңіз білетін тіркестердің аудармасын жазып, «растау» (submit) батырмасын басыңыз. Берілген тіркестің аудармасын білмеген жағдайда «өткізу» (skip) батырмасын басып, келесі сөздерге ауыссаңыз болады.
Аударылған тіркестер мен мәтінге баға берудің төрт деңгейі бар: 1) өте жақсы, 2) жақсы, 3) қанағаттанарлық, 4) нашар. Алғашқы екі деңгейдің біреуін бассаңыз, аударма қабылданады да, кейінгі екеуін бассаңыз, қайта өңделеді.
Сәйкестендіру бөлімінде «Иә», «Жоқ» немесе «Өткізу» батырмаларын басу арқылы аударылған мәтінге баға бересіз.
Әрбір операцияға бар-жоғы 1-2 минут кетеді.
Материалды әзірлеген - Дархан Өмірбек
Фото авторы - Азат Есенбеков