Google түйелерді қолданады

14 Қазан 2014, 03:10

Технология қаншалықты дамыса да, кейбір жерлердің картасын түсіру үшін автокөліктен гөрі тексерілген «табиғи» көліктер тиімдірек екеніне тағы да көзіміз жетті.

Батыста қолданысы кең таралған, бірақ біздің өңірлерге әлі келе қоймаған Google Street View (Гугл Көше Көрінісі) бағдарламасы қала көшелерін автокөлік арқылы аралап жүріп, 360 градусқа айналатын фотоаппаратпен суретке түсіру арқылы шетелдегі біршама қалалардың картасын шығарған болатын. Алайда, технология қаншалықты дамыса да, кейбір жерлердің картасын түсіру үшін, автокөліктен гөрі тексерілген «табиғи» көліктер тиімдірек екеніне тағы да көзіміз жетті.

Өткен аптада Google компаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Лиуа Жазирасының (Оазис) картасын суретке түсіру үшін түйені қолданатындығын айтты. Google компаниясының өкілі Джойс Баздың мәлімдеуінше түйенің өркеніне «Trekker 360» есімді фотоаппаратты бекітіп, өте шынайы суреттер шығаруға болады екен. «Адамдардың өздері түйенің үстінен не көрсе, бұл суреттерден де соны көреді» - дейді Баз ханым.

Лиуа Оазис Көше Көрінісі (Liwa Oasis Street View) Таяу Шығыстағы Google жасаған «арнайы коллекция»-ның төртіншісі болып есептеледі. Бұған дейін осындай көріністер Египет Пирамидаларын, Абу-Дабидегі Шейх Заид атындағы Ұлы мешіт және Дубайдағы Бурдж-Халифа ғимараттарын түсіргенде алынған болатын.

Баз ханымның айтуы бойынша, «арнайы коллекция» - тарихи жерлер мен ғимараттардың көше немесе жалпы көрінісін түсіруге арналған Google-дің бағдарламасы көрінеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, Батыс елдерінде бар жол мен адам жүретін көшелердің көрінісі әзірге Таяу Шығыс елдерінің ешбірінде іске қосылмаған.

Жазираны әр жерінен түсіруге күніне 4-5 сағаттан, 3 күндей уақыт кетіпті. Таяу Шығыстағы ыстық ауа райына байланысты, түсірілімдер тек таңертеңгі уақыттарда ғана жүргізіліпті, және тек сол уақыттарда ғана суреттердің сапасы жақсы болып шығады екен.

«Көше көрінісі» бағдарламасының негізгі мақсаты – адамдар кейбір жерлерге бармас бұрын осы құрал арқылы сол жерлерді «аралап», өздеріне керекті мағлұматты жинауға көмектесу. Бұл бағдарлама болашақта Таяу Шығыс едеріне баратын туристтер санын көбейтеді деген сенім бар.

Джойс Баз: «Біздің сараптамамызға сүйенсек, белгілі жерді-мекендердің көше-көрінісіне сұраныстың 20-30%-ы шетелдерден келеді екен. Сондықтан біздің ойымызша, бұл бағдарлама адамдарға жаңа жерлерді ашуға көмектеседі».

Бағдарлама кейде техникалық проблемаларды да кездестіріп жатты. Алайда, Таяу Шығыс мемлекеттері басшылықтарының арқасында бұл мәселелер тез шешілді дейді Баз ханым. 

Суреттердің дереккөзі: dailymail.co.uk 

 

Бөлісу: