«Google» компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық бағдарламашы

9 Қыркүйек 2020, 15:29 6573

Швейцариядағы қазақ отбасысы қалай өмір сүріп жатыр?

Бүгінде талай қазақ баласы әлемдегі танымал алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр. Мәселен, «Google» корпорациясында 29 жастағы шымкенттік бағдарламашы Аман Өтемұратов қызмет етеді. Ол қазіргі кезде Швейцарияның Цюрих қаласында отбасымен тұрып жатыр. «El.kz» порталының тілшісі әлемдегі ең алып компаниялардың бірінде қызмет ететін Аман Өтемұратовтың отбасымен әңгімелескен болатын.

Шымкент қаласының тумасы Аман Өтемұратов №9 Ө.Жолдасбеков атындағы орта мектепті бітірген. Ол Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде білім алған. Айтуынша бала кезінен IT саласына аса қатты қызығушылық танытпаған. Оның бағдарламашы мамандығына оқуға түсуіне әкесі кеңес беріпті. Сондықтан болар бұл саланы меңгеруді ол тек университет қабырғасында жүріп бастайды. Бірте-бірте Аманның бұған қызығушылығы артып, білімі тереңдеп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Байқаулар оның тәжірибесін толықтырып, бағдарламашы ретінде қалыптасуына көп септігін тигізген.

Аман Өтемұратов 2013 жылы оқуды бітірген соң білімін одан ары жетілдіру үшін магистратураға құжат тапсыруға шешім қабылдайды. Кешкі оқуға түскен ол, күндізгі уақытын банктегі жұмысына арнайды. Бастысы, үнемі өзін-өзі қабілетін дамытуға әрі мүмкіндіктерін барынша көрсетуге тырысады.


(Суретте: Аман Өтемұратов)

Осы уақытта да Аман өз потенциалын жүзеге асырып, маман ретінде қалыптасып, дамып, жетілуі үшін түрлі деңгейдегі конкурстарды жібермей жүрген екен. Сол кездегі Ресейдің ірі технологиялық компанияларының бірі ұйымдастырған IT-Планета жарысы біздің кейіпкеріміз үшін айтулы жарыстардың бірі болған. Бұл жарыста өзге қазақстандықтар арасында Аман Өтемұратов ең жоғары көрсеткішті көрсеткен. Сондай-ақ ол еліміздің атынан шешуші ақтық сайысқа жеткен жалғыз қатысушы атанған.

Халықаралық деңгейдегі алпауыт компаниялар шет елдерде болғандықтан Аманның келесі мақсаты солардың біріне қызметке орналасу еді. 2017 жылы мыңдаған қонақ үйлерді брондауға мүмкіндік беретін Амстердамдағы Booking компаниясына жұмысқа орналасады. Ал қазіргі уақытта жұмыс жасап жүрген «Google»-ға екінші мүмкіндіктен соң ғана қызметке алынады. Қазір А.Өтемұратов отбасымен Швейцарияның Цюрих қаласында тұрып жатыр.


Жары Айгүл Мырзатай – Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы. Бала кезінен аудармашы болуды армандаған. 3-сыныптан бастап ағылшын тілінен қосымша сабаққа үзбей барып тұрады. «Анам әдейі орыс мұғалімін тауып, оқытты. Өйткені өзі қос тілді қатар жетік меңгергенімді қалады. Кішкентайымнан тілдерді үйренгеннен болар, мектепті бітірген соң ойланбастан осы саланы таңдадым», - дейді Айгүл Мырзатай. Ол Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейді тәмамдап, 2013 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Аудармашы» мамандығына оқуға түседі. 2017 жылы бакалаврды бітіріп, артынша магистратураны «Халықаралық қатынастар» факультетінің «Саяси аудармашы» мамандығын аяқтаған.

– Негізі өзім кішкентайымнан шығармашылыққа жақын болып өстім. Ән айтуды, сурет салғанды жақсы көретінмін. Әлі күнге дейін есімде, үйде анам мен әкеме концерт ұйымдастырып, барлық өнерімді көрсететінмін. Бойымдағы өнерді жан-жақты ашу үшін 2-сыныпты оқып жүргенде анам мені домбыра мектебіне бергісі келді. Көп уақыт өтпей мені Кентау қаласындағы С.Бәйтереков атындағы музыкалық мектепке апарған еді. Бірақ, жасым жетпей қабылданбай қалдым. Араға екі жылды салып, қайта барып, бұл мектептің оқушысы атандым. Мұнда оқып жүргенімде көптеген конкурстарға қатыстым. Сондай-ақ мектептің оркестр, ансамбль құрамында болдым, - дейді Айгүл Мырзатай.


(Суретте: Айгүл Мырзатай)

Тағы бір айта кетерлігі, Айгүл Мырзатай университетке түскеннен кейін де домбыраны тастамай, түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп жүрген. «Ұстаздарымның маған қойған жоғары талаптары мен өзімнің жауапкершілігімнің арқасында музыкалық мектепті үздік аяқтадым деп ойлаймын» дейді ол.

– Оқуды бітірген соң ағылшын тілінен репетитор болып жұмыс істедім. Алайда магистратураның бірінші курсында оқып жүргенімде Аманды жолықтырып, тұрмысқа шықтым. Оның Нидерланд еліндегі Booking.com компаниясында жұмыс істейтін уақыты еді. Менің оқуымды «қашықтықтан оқу» түріне ауыстырып, қызғалдақтар еліне алып кетті.

Аман мен Айгүлдің танысуы өз алдына бөлек әңгіме. Аман Өтемұратов Амстердамға қыдырып келген інісімен ас ішіп отырғанда «Жұмыс бар. Енді үйлену керек» деп осы тақырыпты қозғайды. Артынша «Instagram» желісінде отырғанда бір мезетте Айгүлдің яғни болашақ жарының суреті шыға келеді. Содан кейінге қалдырмай бірден қызға жазып, осылайша олардың таныстығы басталады.

– Негізі телефонмен сөйлескенге дейін аса қатты мән бермейтінмін. Кейіннен оның айтқан сөздері, өмірге деген көзқарасы, әзілқойлығы, өзіне деген сенімділігі, қазақылығы, жалпы жан-жақты қасиеттерін өте қатты ұнаттым. Содан әңгімеміз жарасып, басында бір ай телефон, видео қоңырау арқылы бір-бірімізді көріп, сөйлесіп жүрдік. Ол жұмыстан шыққаннан кейін ұйықтағанға дейін сөйлесетінбіз. Бір қызығы, рекордымыз үзбей 14 сағат сөйлескеніміз болыпты. Кейін жұма күні жұмыстан шығып, Амстердамнан Алматыға менімен кездесу үшін ұшып келетін. Жолдан шаршап тұрса да, менімен бірге үш күн уақыт өткізіп, Амстердамға қайта ұшып кететін. Міне, осылайша, сегіз ай көлемінде қыз бен жігіт болып жүріп, көп ұзамай некемізді қидық. Қазір жарым – арқа сүйер азаматым әрі қамқор әке.

Қазірде Аман Өтемұратов «Google» компаниясында «Software engineer» болып қызмет атқарады.

– Үйдегі бір бөлме – жолдасымның офисі. Жұмыс барысында қажетті барлық техника, жиһазды толық «Google» компаниясы қаражат бөліп, қамтамасыз етіп отыр. Бір айта кетерлігі, жолдасымның күнделікті жұмыс кестесі қатаң емес. Сондықтан бізге де, жұмысына да теңдей уақыт бөледі. Негізі жолдасым офисіне барып жұмыс істеп жүрген кезде қызым екеуіміз сонда барып тұратынбыз. Себебі офисте ішің пыспайды. Онда адамдардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге арналған түрлі ойындар, музыкалық аспаптар, демалатын орындар және т.б. жетерлік...

Қазіргі кезде Аман мен Айгүл Айдия есімді кішкентай ханшайымды тәрбиелеп отыр.

– Нидерландыдан көшіп келгенімізде жүктілік мерзімінің сегізінші айында едім. Қызымыз қыркүйектің 13-ші жұлдызында Швейцарияда дүниеге келді. Алғашқы екі айда қызымызға қарасуға елден екі әжесі келді. Бала тәрбиесіне жолдасым да көмектесіп келеді. Қызымыз да әкесіне өте жақын. Жалпы бала күтіміне қатысты қиналамын деп айта алмаймын.

Олар елден жырақта жүргенімен туған жерді сағынатынын айтады.

– Әрине, туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық. Себебі, туған жерімізде тәтті балалық шағымыз өтті. Оның үстіне жақын туыс-бауырларымыз, ата-анамыз барлығы сол жақта. Жастайымыздан қанымызға сіңген өмір сүру салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді жырақта жүріп сағынып аңсаймыз. Бірақ алыста жүргеннің бір артықшылығы да бар шығар... Себебі патриоттық сезіміміз күшейе түсіп, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, сақтап жүруге деген ықыласымыз жоғарылағандай... Елімізде жүріп, байқап-елей бермейтін көптеген дүниелердің қадірін жырақта жүріп түсіне бастадым - дейді Айгүл Мырзатай.


Жалпы Швейцарияда қазір төрт мемлекеттік тіл бар. Олардың әр өңірі өз тілінде сөйлейді. Ал Цюрих қаласындағы тұрғындар көбінесе неміс тілінде сөйлеседі екен. Айгүл Мырзатайдың айтуынша жергілікті халық ағылшын тілінде сөйлей бермейді. «Ал біз ағылшын тілінде сөйлейтін болғандықтан алғашында сәл қолайсыз болды. Дегенмен қазір неміс тілін оқып жатырмыз. Ақырындап сөйлеп үйренудеміз» дейді ол.

– Швейцарияда өмір сүру өте қымбат. Бірақ, Швейцарияны жердің жұмағына теңер едім. Себебі, бұл өңірдің табиғатына көзіміз тояр емес, ал ауасының тұнықтығын айтып жеткізе алмаймын. Үкімет халықтың өмір сүруіне барлық жағдайды жасап қойған. Халыққа қызмет көрсету жүйесі, қоғамдық көліктер, денсаулық сақтау жүйесі барлығы өте жоғары деңгейде. Әлі адамға лық толы ұзын кезекті немесе адамдардың бір-біріне деген мәдениетсіздігін байқамадым. Цюрихте пәтер жалдап тұрамыз. Жалпы, Швейцарияда пәтер сатып алғаннан бөлек, тіпті жалға алудың өзі өте қиынға соғады. Себебі, мұнда пәтерді сіз емес, пәтер сізді таңдайды. Пәтерді жалға берумен айналысатын агенттік, оффер жіберген кандидаттар арасында конкурс жүргізеді десем де болатындай. Яғни, агенттік кандидат жайлы барлық ресми ақпараттарға сүйене отырып, өздеріне қолайлы, әрі сенімді деген кандидатқа пәтерді жалға береді.

Бірақ та оларға пәтер табу аса қиындық тудырмапты. Бір айта кетерлігі, Швейцарияда азық-түлік бағалары өте қымбат екендігін айтады Айгүл Мырзатай.

– Швейцария бізге алғаш келгенімізден-ақ қатты ұнады. Себебі қаланың ішінде жүрсеңіз де, жан-жағыңыз тау, жасыл орманға толы. Өсімдіктердің неше түрлісін көресіз. Адамдардың қарауынсыз-ақ өздері жайқалып өсіп тұрады. Бейімделуге келер болсақ, кез келген адам жақсыға тез бейімделеді ғой. Ал өмір сүру мәдениеті әрине өзгеше. Халық тәртіп-ережеге өте жақсы бағынады. Олар – өте тиянақты, мәдениетті, таза. Тіпті қоқысты сұрыптап тұрып арнайы пакеттерге салып тастайды. Белгілі бір кесте бойынша қоқыстың түр-түрін шығаратын күндері ғана шығарады. Парктерде, балалар ойнайтын аудаларда, көшелерде бір қоқыс көрмеппін. Адамдардың қарым-қатынасы олардың қызмет-лауазымына не ұлтына қарамайды. Барлығы тең деп есептеледі. Айтпақшы, дәнекерлеуші сынды құрылысшы мамандықтарының көрсететін қызметтерінің құны өте жоғары. Бұл мамандардың еңбегі жақсы бағалануы деп ойлаймын. Жалпы айта берсем өте көп...

Сондай-ақ Айгүл Мырзатай бос уақытында қазақтың қара домбырасымен түрлі әндер мен термелер орындауды үйрету бойынша арнайы блог жүргізеді.

– Қызымыз кішкентай болғандықтан өзіне көп назар аудартқанды қалайды. Алайда барлығына үлгеру үшін әрі өзіме қызықты болған соң «Youtube» канал ашып, блогерлікпен айналысуды ұйғардым. Алғашқыда өзгелерге «Не үйрете аламын?» «Қандай пайдалы ақпарат бере аламын?» деп ойландым. Содан интернет желісінде домбыра үйрену сабақтарының тапшы екенін байқадым. Сондай-ақ жастардың киелі аспабымызға деген қызығушылығын арттырып, ата-бабамыздан қалған мұрамызды насихаттау, одан әрі дамыту мақсатында өзімнің каналымды аштым. Бос уақытымның болғанына қарай, видео жазамын. Жолдасымның жан-жақты қолдауының арқасында, барлығына үлгеремін. Бұдан бөлек, үйде өзіміз домбыра шертіп, елге деген сағынышымызды да басым аламыз.


Осылайша олар елден жырақта жүрсе де Қазақстандағыдай атмосфераны ұстауға тырысады.

– Өзіміздің тағамдарымызды жиі дайындаймын. Қазақстандық достарымызды қонаққа шақырып, бас қосып әңгіме-дүкен құрамыз. Қазақша әндер тыңдап, қазақстандық бағдарламаларды анда-санда қарап тұрамыз.Елге оралу жоспарымызда бар. Дегенмен, дәл қай уақыт аралығында қайтатынымызды уақыт көрсетер.

Қазіргі кезде бүкіләлемдік пандемияға байланысты олар да барлық сақтық шараларын күнделікті ұстанып жүргендерін айтады.

– Қазіргі таңда, Швейцарияда карантин жоқ. Барлық жерлер жұмыс істейді. Дегенмен, өзін-өзі сақтау тазалық шаралары әлі қатаң түрде ұсталады. Транспорттарда маска тағамыз. Дистанция ұстаймыз.

Алдағы уақытта Швейцарияға өмір сүруге барғысы келетін қазақстандықтарға «еттің бағасына, қазы-қарта, құрт өнімдерінің жоқтығына, тілдің ерекшелігіне, жақын туыстарыңыздың өзіңізден жырақта болуына дайын болуы қажет» деп сөзін түйіндеді Айгүл Мырзатай.

(Суреттер Аман Өтемұратовтың және Айгүл Мырзатайдың жеке мұрағатынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: