ГОМЕР ЭПОСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҚТАРЫ

30 Маусым 2014, 12:15

Алапат трагедиялардың кейде болымсыз ғана себептен басталып жататыны бар.

Соғысқа себеп – сұлулар байқауы

Алапат трагедиялардың кейде болымсыз ғана себептен басталып жататыны бар. Әсерге бейім қайсыбір тарихшылар «ақиқаты аңызбен астасқан бейресми алғашқы дүниежүзiлiк соғыс» деп әспеттейтiн Троя қырғыны да сондай оқиғалардың санатына жатады. Оның тұтануына, әрине, адам күлерлiк жай ғой, кәдуiлгi алма түрткi болыпты-мыс. Көне грек аңыздарының баяндауында ол оқиға былай өрбидi:

Бiрде құдайлар мекенi Олимпте той болып жатады. Ажалды пенде Пелей мен бойында құдай қаны бар Фетиданың некелесу рәсiмiне барлық ажалсыздар жиналады. Тек ұрыс-керiс құдайы Эрида ғана бұл салтанаттан шет қалып қояды. Өзiнiң тойға шақырылмағанына қатты ызаланған ол көзге көрiнбей келiп, олимпшiлердiң ортасына сыртында «ең сұлу аруға» деген жазуы бар гесперида алмасын тастай салады. Осылайша, күтпеген жерден олимп аруларының арасында сұлулық байқауы басталып кетедi. Ең сұлу әйел ретiнде алманы алуға Гера да, Афина да, Афродита да ынталы, ешқайсысы өзiн өзгеден әдемiлiк жағынан төмен санамайды. Олар бұл дауды шешсiн деп бас құдай Зевске жүгiнген, бiрақ ол да басына бәле тiлеп алғысы келмейдi де, төрешiлiктен бас тартады. Ақыр соңында бәсекенiң түйiндi сөзiн айтуға Троя патшасы Приамның ұлы Парис ортаға алдырылады.

Гера оңашада «Егер алманы алуға менi лайықты деп тапсаң, сенi бүкiл Азияның әмiршiсi қылам» дейдi. Өзi онсыз да патша баласы Парис ондай құдiреттi билiктен бас тартады.

Патшазада «Өзiң қатысқан барлық соғыстардан жеңiмпаз болып шығасың, және ең дана адам боласың. Тек алманы маған берсең болды» деген Афинаның сөзiне де құлақ аспайды. Тек «Ең сұлу әйелдiң құшағы сенiкi болады» деген Афродитаның лебiзiне ғана жiбидi. Алманы соған ұсынады. Өтеуiне жер бетiндегi ең сұлу әйел Еленаны алатын болып келiседi.

Ал Елена бұл кезде Спарта патшасы Менелайдың әйелi едi. Афродита, Париске айтқанындай, Еленаны қалайда оған қосудың айла-шарғысын жасап бағады. Нәтижесiнде Спартаға қонаққа келген Парис, Менелай әкесi қайтыс болып Критке кеткенде, өзi онсыз да көнiп тұрған Еленаны ұрлап қашады.

Қайтып келгенде заңды қосағының орнын сипап қалған Менелай ызадан жарыла жаздайды. Ағасы, Микены патшасы Агамемнонға ендi не iстеуiм керек деп кеңес салады. Ол бүкiл Элладаның патшаларын, олардың жасақтарын жинап, Трояға соғысқа аттануды ұсынған. Және мұндай соғысқа қатысудан Элладаның қыз үшiн болатын үлкен жарыс қарсаңында әмiршiлерi бас тарта алмайтын едi. Кезiнде Еленаға өздерi де ғашық болған, бiрақ «Елена кiмдi таңдаса да ренiшiмiз жоқ, қайта оған басына қиын күн түскенде көмекке келуге даярмыз» деп сөз байласқан олардың сол бәсеке-тартыста Еленаның таңдауы түскен Менелайға көмектеспеске шарасы жоқ-ты.

Трояға соғысқа аттануға Элладаның түкпiр-түкпiрiнен 1186 кеме, сан мыңдаған қосын жиналады. Грек аңызы Троя соғысы осылай басталып едi дейдi.

 

Соқыр ақын

Гомер «Илиадасы» осы Троя соғысының қысқа ғана үзi­­гiн жырлайды. Егер ерiнбей санамаласақ, екi айға жетер жетпес уақытты, тағы да нақтылай түссек, 51 күнiн ғана мазмұндайды. Егер соғыстың он жылға созығанын ойласақ, әрине, бұл көп уақыт емес. Әйтсе де, Гомер поэмасының құны бұдан әсте де кемiмек емес. Қайта асқақтай түсе­тiн­дей.

Ақынның жырға өзек болар оқиға тiзбегiн таңдауын осы поэманың ғажайып қаһармандарының бiрi Ахиллдiң жұлдыздай жарқ ете қалар жарқын да шалт тағдырды таңдауымен ғана салыстыруға болады.

Ахиллдiң Троя түбiндегi соғысқа аттанбауына болатын. Онда ол ұзақ ғұмыр кешер едi. Күш кернеген қайратты денесi әлжуаз, белi бүгiлген қарттың құр сүлдесiне айналар едi. Ұлдары, немерелерi болар едi. Бiрақ ол есiмi ғасырлардан ғасырларға көшетiн әйгiлi Ахиллге айналмас-ты. Өмiрге келiп-кеткенiн көзi жұмылғасын-ақ тарих түгiлi ұрпағы да ұмытар көп ажалды пенденiң бiрi ғана болып қалатын. Ал соғысқа аттанса, Троя түбiнде ұрпақтардан ұрпақтарға әңгiме болып жалғасар ұлы ерлiктер жасамақ. Бiрақ мәңгiлiк даңқтың өтеуiне ғұмыры қыршынынан қиылуға тиiс. Ахилл белгiсiздiкте өтетiн ұзақ ғұмырды емес, жалындап жанып кетер осы қысқа тағдырды қалайды. Гомер жырға қосқан соғыстың екi айы да осындай қысқа және осындай даңқты. Адамзат барда «Илиада» да бiрге жасай бермек.

Тарих Гомердiң қашан туып, қашан өлгенiн дәл айтып бере алмайды. Бiлетiнiмiз, ұлы жыршының көзi соқыр болғандығы. Әйтсе де, ол тума зағип болмаған секiлдi. Өйткенi, «Илиадада» көз жанары сап-сау адамның өзi де байқай бермейтiн детальдар кездеседi. Сосын оның бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 7-8 ғасырларда ғұмыр кешуi мүмкiн деген жорамал бар. «Тарих атасы» Геродот Гомер әйгiлi поэмаларын «менен 400 жылдан астам бұрын дүниеге әкелген» деп жазады. Егер Геродоттың өзiнiң 484 жылы дүниеге келгенiн еске алсақ, ақынның өмiр кешкен мезгiлi б.д.д. 884 жылдан әрiге кетедi.

 

Ақиқатқа айналған арман

Тарихшылар бертiнге дейiн Троя соғысын құр қиялдың жемiсi санап келдi. Олар Гомер «Илиадасында» нақты тарихи оқиғалар суреттелген деген пiкiр айтыла қалса, ол пiкiрдiң иесiне күле қарайтын.

Бiрақ академик тарихшыларды өз iзденiмпаздығымен тығырыққа тiреп, тiптi екi қолын көтерткiзетiн әуесқойлар қашанда табылып отырған. Тарих ғылымы өзiнiң дамуында тек қасаң фактiлерге ғана сүйенетiн жоғарыдағы «кабинет ғұламаларынан» көрi осындай бiрбеткей, өз жорамалдарына шүбәсiз сенетiн, сол жорамалдарын дәлелдеуде көзсiз батылдықтарға да баратын әуесқойларға молынан қарыздар.

Зерттеушiлердiң осындай тобына жататын әйгiлi археологтардың бiрi Генрих Шлиман (1822-1890) болды. Ол Трояның тарихи орнын табуды бала кезiнен армандады. Немiс қаласы Макленбургте, протестант пасторының отбасында дүниеге келген ол шешесiнен ерте айырылды. Алты баламен қалған әкесi iшiмдiкке құмар, бiрақ Гомер шығармашылығына жан-тәнiмен берiлген жан едi. Әкесiмен әңгiме-дүкен үстiнде Генрих Троя туралы көп сұрайтын, егер оның шынымен биiк қорғандары болған болса, олардың жер қойнында жатқанын, оларды түбi өзiнiң iздеп табатынын жиi айтатын.

Генрихтың жан-жақты бiлiм алуына жоқшылық мүмкiндiк бермедi. Ол он төрт жасында дүкенге жұмысқа тұрды, кейiн теңiзшi болды, тiптi бiрде кемелерi апатқа ұшырап, өлiп те қала жаздады.

Тағдыр әркiмге әрқилы қабiлет-дарын бередi. Генрихтың қабiлетi тiлдердi тез үйренiп алуымен ерекшеленетiн. Оған бiр тiлдi емiн-еркiн меңгерiп алуына алты апта молынан жететiн-дi. Ағылшын, француз, голланд, испан, португал және итальян тiлдерiнде еркiн сөйлейтiн оның кейiн саудаға араласқанда бағы жанып кеттi деуге болады.

Тiл бiлу және өзiнiң iскерлiгiнiң арқасында миллионерге айналған ол дүниенiң тасасында қалып қойған жоқ, қайта сол байлықты бала кезгi арманын iске асырудың көзi деп санады. Ендi миллионер алпауыт әуесқой археологқа айналды.

Ол Гомер «Илиадасын» қаншама рет сүзiп оқыды. Басқа оқырмандар, iштерiнде ғалымдары да бар, назар аудармаған тұстарына зер сала үңiлдi. Осылайша, «Илиадаға» сүйене отырып, ойша Троя төңiрегiнiң жағрапиялық картасын жаса­ды. Ендi кiшi Азияның жағалауларынан Гомер поэмасында сурет­телген жерлерге ұқсас орындарды iздеуге аттану ғана қалған болатын.

1870 жылдан 1873-ке дейiн созылған қазба жұмыстары ақыры өз нәтижесiн бердi. Түркияға территориясына қарасты Гиссарлық төбесiнен Гомер эпостарында жырланатын көне қала Илионның табылғандығы бүкiл әлемге жария етiлдi.

Кеше ғана ақшасын қайда шашарын бiлмей жүрген әумесер ғой деп кекете күлген кәсiби тарихшылар ендi Шлиманға iзетпен, құрметпен қарайтын болды. Бала кезгi арман ақиқатқа айналды. Алғашқы арманға ақырғы демiңдi алғанша адал бола бiлу –бұл да ерлiк. Ал оны iске асыра бiлу ерлiктердiң ерлiгi екендiгiне еш күмән жоқ.

 

Планеталар қақтығысы

Иә, кез келген миф секiлдi Гомердiң «Илиадасы» да адам сенгiсiз ғажайып оқиғаларға толы. «Илиаданы» оқыған оқырманның мынау адамдар емес, құдайлардың соғысы ғой деуiне де болады. Алтын алмадан қағылған Гера мен Афина грек жауынгерлерiне қолғабыс жасап бақса, махаббат құдайы Афродита әрдайым өз сүйiктiсi Паристiң жағында. Троялықтарға қол ұшын созатындардың арасында соғыс құдайы Арес пен «күмiс садақты Аполлонның» да сұлбалары аракiдiк жүз берiп қалады.

Мiне, Парис пен Менелай жекпе-жекке шығуда. Менелайдың ауыр соққыларына Парис шыдас бере алар емес. Найзамен жасалған сұрапыл соққыдан оның қалқаны быт-шыт болды. Ал өзi бiр жағына жылдам ойысып қана аман қалған. Ендi Менелай найза орнына қылышын ала ұмтылған. Сiлтенген қылыштың жүзi Паристiң дулығасына сарт етiп тидi де төртке бөлiндi. Қылышсыз қалған Менелай әп-сәтте Париске жақындап келдi де, онымен ұстаса кеттi. Қара күш жағынан да Менелайдың Паристен басым екендiгi анық байқалып тұр. Ол Паристi дулығасының белдiгiнен тартып қылқындырып, дем ала алмай босаң тартқан денесiн грек жауынгерлерiнiң тобына қарай сүйрей бастады. Осы сәтте өз сүйiктiсiнiң аянышты халiне қарап тұруға жаны шыдамаған Афродита белдiктi үзiп жiбердi. Жерге құлап түскен Паристi Менелай найзамен шаншымақ едi, махаббат тәңiриясы бұлтқа айналды да, былқ-сылқ дененi қорғап тұмшалай қалды. Менелай болса жаңа ғана тағдыры уысында тұрғандай болған ата жауының денесi қайда екенiн аңғара алмай абдырап қалған.

Қарап тұрсаңыз, расында да адам сенгiсiз оқиға. Ал поэмада кездесетiн Афина мен Арестiң өзара жекпе-жек қақтығысы қаншама! Заты еркек соғыс құдайы ғой демесеңiз, нәзiк жынысты Афинадан әрдайым көкала қойдай болып таяқ жеп жүретiн Ареске тiптi жаныңыз ашып кетедi. Сондай-ақ троялықтар жасағын жаусатып қырып келе жатқанда Ахиллдiң өкшесiне батырдың өз сөзiн тыңдамай қойғанына ашулы Аполлонның Паристiң жебесiн туралап жiберуi де поэмадағы ғажайып көркем тұстардың бiрi деуге болады.

Бiрақ осының бәрi де, құдайлар соғысын айтамыз, ақынның қиялынан ғана туған ғажайыптар ма? Олай болмаса ше?.. Трояның тарихты расымен болғанын Шлиман дәлелдеп берген жоқ па? Бәлкiм, ендiгi сөздi археологтан кейiн астроном алуы керек болар. Шлиманнан бiр ғасырдай уақыттан кейiн осындай сауалдар көнеге көңiл көзi құмар тағы да бiр адамды мазалай бастады. «Егер Фаэтонның апатқа ұшырағанын (бұл да ескi грек аңызы) астрономия жоққа шығармаса, онда Гомер «Илиадасында» да осы құралпылас оқиғалар қосымша желi ретiнде суреттелуi мүмкiн ғой» деген ойға кеттi ол.

Осы бағытта iзденiс жұмыстарын жүргiзген ол өз жо­ра­малына үндес пiкiрлердi көне жазбалардан кездестiрдi: «Мен Лукианнан «Илиадада» ғарыштық драма баяндалады дей­­тiн өз болжамыма тiрек таптым. Бiздiң дәуiрiмiздiң екiн­­шi ғасырында өмiр сүрген бұл автор «Астрология ту­ралы» атты еңбегiнде (Астрология – астрономия ғылы­­мы­­­ның атасы) Гомер эпосына өте бағалы түсiндiрме жасай­ды:

«Оның (Гомердiң) Венера (Афина) мен Марсқа (Арес) қатысты бар ынта-шынтасымен жырлағандарының бәрi де өз негiзiн дәл осы ғылым – астрологиядан алған. Шын­туай­тына келсек, Гомердiң бүкiл поэзиясын тудырған Венера мен Марстың өзара қақтығысы болып табылады».

Жоғарыдағы жорамалдың және бұл жолдардың авторы Иманнуил Великовский едi. Великовский өз болжамына дәйектi бiрiншi ғасырдың беймәлiмдеу авторы Гераклиттiң «Аллергорияларынан» да ұшыратады. Бұл еңбегiнде Гераклит «Илиададағы» құдайлар соғысы планеталар қақтығысын бейнелейдi деп санайтын өзiне дейiнгi ойшылдардың пiкiрiне қарсы болған екен. «Демек, антика философтарының өздерi де Гомер «Илиадасының» құр ойдан шығарылмағанын, онда Күн жүйесiнде болған әлдебiр апаттың мифтiк тiлмен баяндалғанын бiлетiн болғаны ғой» дейдi Великовский.

Несi бар, сонау алыстағы Күн көзiнде болып жатқан жарылыстардың мына Жердегi адамдардың да психологиясына, денсаулығына, тiптi заманауи озық технологияға дейiн әсерi тиiп жататындығын ескерсек, Великовский болжамының да әбден жаны бар деуге болады. Грек құдайларының бәрi дерлiк планета, не олардың серiктерi болып табылатындықтан, Гомер поэмасында жердегi соғыс пен ғарыштағы алып жұлдыздар, олардың өзара қақтығысы аллегориялық тiлмен қатар суреттелiндi деген тұжырымды қалай дегенмен де есептен шығарып тастай алмаймыз. Ал Великовский болжамы расында да шындыққа саятын болса, онда бұл дегенiңiз Гомер өз заманының данышпан ақыны ғана емес, ғұлама астрономы болған деген сөз ғой. Басқасы басқа, Гомердi дәл осынысы үшiн де бүгiнгi ақындарға үлгi етуге болады.

 

Троя сұрапылы және түркiлер

«Илиада» тек археологтар мен астрономдарға ғана емес, тiл мамандарына да тың тақырыптар тауып бердi. Шлиман жаңалығынан кейiн Кiшi Азияға кiмдердiң көзi құмарта, сұқтана қарамады дейсiз! Ал олардың арасында қабiлетi жағынан Шлиманнан артық болмаса, кем емес дарынды жандардың болғаны да анық.

Жаңа жаңалық, әрине, көп күттiрген жоқ. 1880 жылдың күзiнде оксфордтық профессор Арчибальд Сэйс Лондонның «Библия» қауымдастығы алдында өзiнiң «Кiшi Азиядағы хэттер» атты лекциясын оқыды. Осылайша, Гомер Троясының iзiн ала, тарих сахнасына қала емес, тұтас бiр халық қайта шықты. Оның бұдан 3,5 мың жыл бұрын өз жазуы, империясы болғандығы анықталды. Рас, бүгiнгi күндерi хэттер туралы әңгiме қылатындардың барлығы дерлiк Гомер дастандарын айналып өтiп, «Библияға» жүгiнуге құмар. Хэттер туралы олардың өркениетi қайта ашылғанға дейiнгi бiрден-бiр дерек осы «Библияда» ғана сақталған едi дейдi олар. Бұл кезде оқылғанына бiрнеше ондаған жылдар болған көне Мысыр жазбалары мен Гомердiң «Илиаданың» жалғасы iспеттi «Одиссеясына» неге сүйенбейдi екен, бұл жағы белгiсiз.

Троя қырғыны тарихшылар тарапынан «бейресми алғашқы дүниежүзiлiк соғыс» деп бекерден-бекер аталмаса керек. Өйткенi, Троя түбiндегi он жылдық текетiреске тек гректер мен троялықтар ғана емес, төңiректегi ұлыстардың барлығы дерлiк қатысты. Олардың бiрi грек жағында болса, ендi бiрi троялықтар үшiн қынабынан қылышын суырысып жатты. Мiне, Троя жағында соғысқан осы ұлыстардың iшiнде хэттер де бар едi. Бұл халық туралы Одиссей жер астына түсiп, өлiлердiң рухымен әңгiмелескенде сөз болады. Әрине, аршып ала бiлсеңiз, аңыз да ақиқаттың ауылынан алыс қонбайды.

Бүгiнгi тiл мамандары хэт тiлiн ең көне үндiеуропа тiлдерiнiң қатарына жатқызып жүр. Және бұлай болуы, бiр қарағанда, заңды да секiлдi. Дегенмен күмәндануға да болатындай.

Хэттердi прототүркiлер деген жорамал бұрын да айтылған-ды. Мұндай жорамалды негiзiнен Түркия ғалымдарының ұстанғаны белгiлi. Бiрақ оларға үндi­еу­ро­пеистика тарапынан бұл пантүркiшiлдiк сырқаты деген ыңғайда соққы берiлдi. Әйтсе де, хэттер мен прототүркiлердi туыстастыруға деген талпыныстар әлi күнге дейiн сирек те болса бой көрсетiп қалады. Олардың соңғысын қазақ ақы­­­ны Олжас Сүлейменов жасады. Ғалым ақын өзiнiң «Тарихқа дейiнгi түркiлер» еңбегiнде кейiнгi шумердiң «естүк – құлақ», хэттiң «iстам-ана – құлақ», «iстам-аз – есiту» сөз­дерiн өзара байланыстыра келiп, бұл сөздерден бүгiнi түркi халықтарындағы «есiту» сөзi шықты дейдi. Расында да, шумер сөзiнен де, үндiеуропа тiлдерiнiң тарихқа мәлiм ең байырғысы iспеттi хэт сөзiнен де түркi сөзiнiң дидары менмұндалап тұр.

Ақын түркiнiң «есiту» етiстiгiнiң Байырғы Алдыңғы Азия мен Байырғы Кiшi Азияда б.д.д. III мыңжылдықтың аяғы мен II мыңжылдықтың басында қалыптасқанын айта келiп, осы өңiрде сол кездердiң өзiнде-ақ бүгiнгi түркi халықтарының бабалары мекен еттi деген батыл болжам жасайды. Ал бұл кезегiнде Троя түбiндегi қанды қырғынға бойында бүгiнгi қазақтың да қаны бар бағзы бабала­ры­мыз­дың қатысуға мүмкiндiгi мол болды деген тағы бiр бол­жамға ұласады. Ғалым ақын хэттермен немесе Гомер дастанында айтылатындай кетелермен ғана шектелiп қалмайды, тiл ғылымы тарихындағы № 1 жұмбақ саналатын этрустердiң мол жазба мұраларынан да түркi сөздерiнiң сiлемдерiн ұшырастыруға тырысады. Иә, ақын «Сөз төркiнi» еңбегiнде қайсыбiр этрус жазбаларын таза түркi тiлiнде оқыды. Римнiң негiзiн қалаған оншақты тайпаның iшiнде байырғы түркi тiлiнде сөйлеген тайпа болды деген болжам да бiздiң қазақ ақынының еншiсiнде. Амал қанша, қазақ түркiтанушылары ақынның бұл батыл қимылдарына еш назар аударар емес. Шамасы, оларға хэт немесе этрус атау­ла­ры ештеңе айтпайтын болса керек. Бағзы түркiнi Гомер дастандарының қаһармандарымен байланыстыратын алтын көпiрдiң бiрiншi жүрiп өтушiсi қазақ ақыны Олжас Сүлей­ме­нов болғандығын мақтанышпен айту, абыойы қалай дегенмен де, бүгiнгi емес, келер күндердiң үлесiне қалып отыр.

Ендi Гомер дастанына қайта оралайық, дастан қаһар­ман­дары мен бағзы түркiлер арасында расында да қандай байланыс бар деген сауалға жауап iздеп көрейiк.

Он жылға созылған соғыстан кейiн Троя жалын құшты. Ал оның ажалдан аман қалған қорғаушылары жан-жаққа бытырап бас сауғалаған. Олардың арасында Трояның Гектордан кейiнгi батыры Эней де бар едi. Эней және оның бiр топ тайпаластары өздерiне қоныс қылар мекен iздеп жүрiп, Апеннин түбегiнен жаңа Отан табады. Осында олардың ұрпақтары Рим қаласының негiзiн қалайды, ал ол кейiн әйгiлi Рим империясының астанасына айналады. Мiне, Энеймен бiрге Троядан Аппенинге ауған осы халық этрустер едi. Этрустердiң Апеннинге Кiшi Азиядан қоныс аударғанын бүгiнгi тарих та жоққа шығармайды. Кiм бiледi, Римнiң негiзiн қалаған он екi тайпаның бағзы түркi тiлiнде сөйлеген тармағының өкiлi, бәлкiм, осы Гомер поэмасындағы Эней – Iнәй батырдың өзi болар?!

Егер Сүлейменов болжамы шындыққа айналып жатса, бұлай да ой түйiндеу асылық емес-ау.

 

P.S.

Бiз бұл мақалада Гомер «Илиадасының» өзi емес, оның адам жандүниесiне, танымына, бүгiнгi ғылымның дамуына әсерi туралы сөз қылуға тырыстық. Аманшылық болса, бұл поэма тек Македонскийларды емес, әлi де талай Шлимандар мен Сүлейменовтердi тәрбиелеп шығаратын болады. Сөз соңында тағы да қайталап айтамыз, Илион мәңгiлiк болмауы мүмкiн, бiрақ «Илиада» мәңгiлiк. Ол – адам қиялының құдiрет­тiлi­гiне қойылған Жер бетiндегi ең баянды ескерт­­кiш­тердiң бiрi.

2005 жыл.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: