Головкиннің дәуірі өтті ме?

13 Наурыз 2023, 15:35 882

Кәсіби бокстағы қазақстандық басты жұлдыз Геннадий Головкин WBA Super әлем чемпионы атағын кубалық Эрисланди Лараға қарсы қорғаудан бас тартты.

Бұдан бір ай бұрын ғана GGG бразилиялық Эскива Фалькаомен жекпе-жекте IBF әлем чемпионы атағын міндетті түрде қорғаудан жалтарған болатын. Аты аңызға айналған Головкин өзінің чемпиондық өкілеттігін ұрыссыз тапсырды.

     Әрине, ақпан айындағы оқиғадан кейін көптеген адамдар WBA Super белдеуіне Геннадий мүлдем жармаспайды деп күтті және іс жүзінде солай болды да.

Қырық жастағы Головкин кәсіпқой бокста чемпиондық атақтар енді аса маңызды болмайтын деңгейге жеткен сияқты. Жанкүйерлер арасында үлкен атақ пен танымалдылыққа ие болған Головкин үшін кәсібінде ақшадан басқасының бәрі баяу артта қалып бара жатыр.

      Қазір әлемде Головкин неге дәл осылай жасады деген көптеген болжамдар бар. Біреу Фалькао мен Ларамен жекпе-жек оған қаржылық жағынан тиімсіз болды деп, ал басқалары Геннадий бұл қарсыластарынан қауіптенді деп  ойлайды.

Кейбір бокс мамандары ақша Головкиннің спорттық жолын жойды деп санайды. Оның жеңісті жолы 2018 жылы Канеломен екінші жекпе-жектен кейін құлдырады. Жанкүйерлер GGG-ді қазірдің өзінде тек ақша қызықтырады, өзінің танымалдылығын сақтау үшін тек үздіктермен шығудың орнына, Головкин осы үлкен жекпе-жектер арасында әлсіз қарсыластар - Стив Роллс, Камил Шеремета, Сергей Деревянченко және Риота Муратамен бокстасуға шешім қабылдады деген айып тағады.

Әлемде дәстүрлі төрт негізгі бокс ұйымы (WBC, WBO, WBA, IBF) бар. Бұған дейін IBF Головкинді Фалькао Эскивамен, ал WBA Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуға рұқсат берді, алайда Геннадий екі ұсынысты да қабылдамай белбеулерінен бас тартты.

Жәнібектің сыпайылығы

Сонымен негізгі нұсқалар бойынша кәсіпқой бокстың орта салмақтағы дивизионында Қазақстанның бір ғана әлем чемпионы — Жәнібек Әлімханұлы ғана қалды. Жәнібек үшін маңызды жағдай қалыптасып отыр. Ол  IBF сонымен қатар WBA Super атағын алу үшін күресуге мүмкіндік алды. Өйткені Жәнібек бұрын Головкинмен шайқасқысы келмейтінін бірнеше рет айтқан болатын.

Алдымен қазақстандық орта салмақтағы боксшы Жәнібек Әлімханұлы Фалькао Эскивамен жекпе-жектен аулақ болу үшін IBF белбеуін, одан кейін ол WBA белбеуін де босатқан  өзінің аты аңызға айналған отандасы Геннадий Головкиннің WBA Super және IBF нұсқалары бойынша осы дивизионда әлем чемпионы атағынан бас тартуы туралы пікір білдірді. Ол: «Барлығы менің Головкинмен жекпе-жекке шықпағанымды біледі, өйткені ол менің үлкен ағам. Ол барлық белдіктерді босатты, енді мен орта салмақтағы барлық атақтарды жинай аламын»,  – деді Twitter-дегі парақшасында.

 Жәнібек WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының негізгі белбеуіне ие.

Головкин спорттық мансабын жалғастыра ма?

Осы оқиғаларға қарамастан, Геннадий Головкиннің өкілі Джон Хорнекер ол кәсіби мансабын аяқтауды жоспарлап отырмағанын айтты.

Мүмкін, Головкиннің спорттық мансабына 2020 жылғы жағдайға байланысты оның салыстырмалы түрде сирек төбелесуі де зиян тигізген шығар. Ол АҚШ-та өзінің атын шығарғандай жиі күресуді жалғастырудың орнына, ол 2020 жылы бір рет қана шайқасты, содан кейін 2021 жылы мүлде төбелеспеді. Головкиннің іс-әрекетін бақылай отырып, басқа боксшылар мүмкіндігінше белсенді болу, отыруға және жекпе-жекті күтуге болмайтынын түсінді.

Қомақты қаржы ең маңызды факторға айналды

Бокс мамандары Геннадий Головкиннің міндетті үміткер Эскива Фалькаоға қарсы белдікті қорғауға бұйрық бергеннен кейін орта салмақтағы IBF әлем чемпионы атағын босатуы,  әрине, өте қиын жекпе-жек күтілгендіктен және көп ақша әкелмейтіндігімен байланыстырып отыр. Ірі телеарналардың ешқайсысы Головкин — Фалькао жекпе-жегін көрсету құқығына қызығушылық танытпды және олар Головкинге көп ақша төлемейтіні белгілі болды. Головкин қанша ақша алса да, ол шынымен күшті Фалькаомен күресу үшін жеткіліксіз болар еді.

Сол телеарналар Головкиннің Лараға қарсы жекпе-жегі үшін де қомақты қаржы төлеуге мүдделі емес екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, бұл Головкин үшін қиын жекпе-жек болар еді, өйткені Эрисланди Лара физикалық жағынан күшті және соңғы екі жекпе-жегін Головкинге қарағанда жоғары деңгейде өткізді. Егер Головкин Ларамен жекпе-жекке келіссе, оның жеңіліп қалуы мүмкін еді.

Головкиннің чемпиондық белбеулерден бас тартуына байланысты оқиғалар оның спорттық мансабын аяқтауға бет алғандығын және оның әлі шаршы алаңға тек қомақты қаржыға шығуы мүмкін екендігін көрсетеді.

Қайрат Сәки
Бөлісу: