Головкин америкалық боксшының арандатуына жол бермеді

16 Маусым 2015, 05:10

Андре Уорд (27-0, 14 КО) не айтты дегенге келсек. Ол Геннадий Головкиннің (33-0, 30 КО) командасы алдымен атағы жер жаратын бір боксшыны шаршы алаңға шақырады да, соңынан сылтау іздеп шығады деген сыңайда айтқан.

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкин өзіне қарсы айтылған сөзге үн қатты. WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлемнің суперчемпионы Андре Уордқа шаршы алаңда емес, әзірге сөзбен жауап берді. Американдық боксшы енді бұған не дер екен?!

Андре Уорд (27-0, 14 КО) не айтты дегенге келсек. Ол Геннадий Головкиннің (33-0, 30 КО) командасы алдымен атағы жер жаратын бір боксшыны шаршы алаңға шақырады да, соңынан сылтау іздеп шығады деген сыңайда айтқан.

Естеріңізде болса, Геннадий Головкиннің проумоутері Том Леффлер американдық боксшымен кездесуге әлі ертерек деген пікір айтқан еді.

«Головкин мен Уордтың кездесуі туралы айтуға әлі ерте. Бұл кездесуді дәл қазір өткізсе, қаржылық жағынан үлкен пайда әкелмейді. Уақыты келгенде бұл екі мықтының кездесуі үлкен қаражат алып келеді. Тіпті, екі боксшы да біраз ақшаға кенеледі», – деп айтқан болатын. Америкалық боксшы Том Леффлердің осы сөзіне «кездеспеу үшін ойлап тапқан сылтауы» деп өз тарапынан бағасын берді.

«Қазір мен оның атын атағым да келмейді. Ол (Геннадий Головкин) өзінен әлдеқайда әлсіз Канело, Котто сияқты боксшылармен кездесуге әуес. Бірақ, мықтылармен кездескеннен кейінгі абырой бір бөлек. Оның проумоутері мен бапкері үздіктермен кездесеміз деп елдің құлағын көтеріп алады да, басқа бір ортаңқол боксшымен шығарады. Ал, ол болса бір жағында жымиып қана тұрады. Мен өз салмағымдағы әлем чемпионымын, сондықтан барлық кездесуге дайын жүруім керек», – деді Андре Уорд.

Андре Уордтың бұл екпіндете айтқанына сөзден гөрі шаршы алаңда «тілдескенді» жақсы көретін Геннадий Головкиннің өзі де жауап қатты.

«Эй, Уорд, көзіңді аш! Өзің үшін жауап бер. Егер менің атымды жамылып, атақ алғың келсе, оныңды айт. Еркек екенсің, шындықты айт! Екеумізге НВО (боксты ұйымдастыратын және тікелей көрсетілім жасайтын алпауыт телеарна) кездесуінде «Кездесуге дайынсыңдар ма?» деп сұрақ қойды. Сен жауаптың қандай болғанын білесің. Мен «иә» дедім, сен «жоқ» дедің. Сен тіпті НВО бұл кездесудің қазір өтуі қаржылық тұрғыда пайда әкелмейтінін айтқанын да білесің. Енді бұл арандатуыңа жол болсын! Сенімен кездесуге құлшынып жүрген ешкімді көрген жоқпын, жоқ жерден атақ жасама. Алдымен өзіңе қарап ал? Кімдермен кездесіп жүргеніңді жақсы білеміз. Англияның төртінші, бесінші нөмірлі боксшыларымен бе? Қазір Америкада да ең үздік боксшы сен емессің. Халық сені немесе Диррелді үздік санайды. Егер мен орта салмақта кез келгенімен кездесуге дайынмын десем, сөзімде тұрамын. Сен бұдан былай мен үшін еркек емессің!», – деді Геннадий Головкин.   


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: