Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Қазақстан гимнастика федерациясының басшысы Әлия Юсуповамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, кездесу барысында Геннадий Головкин Әлия Юсупованы федерация президенті болып қайта сайлануымен құттықтаған. Тараптар елдегі гимнастиканы дамыту мәселелерін, оның ішінде жаңа олимпиадалық циклға дайындық пен 2024 жылдан бастап гимнастиканың барлық түрлерінде күшіне енген халықаралық ережелердегі өзгерістерді талқылады.
Кездесуде әсіресе төрешілердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Айта кетейік, ҰОК қолдауымен Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында қазақстандық төрешілерге арналған жаңа жарыс регламенттері бойынша оқыту ұйымдастырылды. Бұл олардың кәсіби деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл ұлттық құрама спортшыларының нәтижесіне оң әсер етеді. Сонымен қатар мамандар гимнасттардың жарыс бағдарламаларын жетілдіруге көмектеседі.
Мен Федерацияны 2021 жылдан бері басқарып келемін, осы уақыт ішінде біз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. 2024 жылы Қазақстан спортшылары тарихта алғаш рет гимнастиканың үш түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алды. Сондай-ақ, Нариман Құрбанов Қазақстанға спорттық гимнастикадан алғашқы олимпиадалық медальді әкелді. Парижде Милад Карими Токиодағы нәтижесін қайталап, бесінші орынға ие болды. Қазіргі уақытта біз белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Ережелердегі өзгерістерді ескеріп, төрешілермен және ұлттық құрамалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бізге әрдайым қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Әлия Юсупова.
Кездесу барысында Геннадий Головкин мен Әлия Юсупова халықаралық байланыстарды нығайту мәселесін де талқылады. Айта кетейік, Қазақстан өкілдері Халықаралық гимнастика федерациясы кеңесіне және көркем гимнастика бойынша техникалық комитет құрамына сайланған болатын.
Гимнасттарымыздың жетістіктері мен федерация жұмысының нәтижелері назардан тыс қалған жоқ. Қол жеткізген көрсеткіштер – сіздердің жұмыстарыңыздың тиімділігін және дұрыс бағытта дамып келе жатқандарыңызды дәлелдейді. Сонымен қатар сіздердің халықаралық деңгейдегі белсенділіктеріңізді атап өткім келеді. Мұндай байланыстарды нығайту – тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттыруға ықпал етеді. Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, жақын арада батуттағы және спорттық гимнастикадан ұлттық құрама командалары жаңа маусымдағы алғашқы жарыстарын өткізеді. Олар Әзірбайжан мен Германияда өтетін Әлем кубогының кезеңдеріне қатысады.