Гидротермальдік Кендер

28 Тамыз 2014, 10:04

ГИДРОТЕРМАЛЬДІК КЕНДЕР (гидро... және грек. therme — жылу) — жер асты ыстық суларының айналымы кезінде түзілетін кендер.

ГИДРОТЕРМАЛЬДІК КЕНДЕР (гидро... және грек. therme — жылу) — жер асты ыстық суларының айналымы кезінде түзілетін кендер. Жердің терең қойнауындағы ыстық магма суынып, тау жыныстарына айналғанда, гидротермальдік ерітінділер бу күйінде бөлініп шығады. Бу жер бетіне қарай көтерілгенде, біртіндеп суынып, сұйық ерітіндіге айналады. Гидротермальдік ерітінділер Жердің терең қойнауындағы минералдар мен тау жыныстары құрамындағы су молекулаларының босауынан және тектоник. жарылымдар арқылы жоғарыдан ағып келген судың тереңде ысуынан да пайда болады. Гидротермальдік кен орындары бірнеше геол. кезеңдерді қамтып, Жердің беткі қабаттарынан бастап 10 км тереңдікке дейін түзіледі. Процестің басында су ерітінділерінің темп-расы 600 — 700ӘС болса, біртіндеп суына келе бұл шама 25 — 50ӘС-қа дейін төмендейді. Гидротермальдік кентастар 100 — 400ӘС дейінгі темп-ра аралығында түзіледі. Гидротермальдік ерітінділер тектоник. жарылымдар мен үлкенді-кішілі жарықтар арқылы жоғары көтерілгенде кен құраушы компоненттер шөгіп, қуыстарды толтырады да желі тәрізді кен орындары түзіледі. Ал ерітінді кеуек немесе ұсақ жарықшалы жыныстардан өтсе, оның құраушылары сыйыстырушы жыныстармен хим. реакцияға түсіп, кен минералдары солардың орнын басады да метасоматиттік кендер түзіледі. Гидротермальдік кен денелері, көбінесе, желі, штокверк, қабат, т.б. пішінді болады. Олардың ұз. бірнеше км-ге дейін созылады, ені бірнеше см-ден ондаған м-ге дейін жетеді. Құрамына байланысты гидротермальдік кентастар: сульфидтік (мыс, мырыш, қорғасын, молибден, висмут, никель, кобальт, т.б. кендерін түзеді), оксидтік (темір, вольфрам, тантал, ниобий, уран, қалайы кендері), силикаттық (сирек металдар мен бейметалдар кендері), жеке элементтік (алтын, күміс кендері), карбонаттық (кейбір темір және марганец кендері) болып бөлінеді. Г. к-дің генетикалық жіктелімі кен түзілген ортаның тереңдігіне, физ.-хим., мех. ерекшеліктеріне, гидротермал ерітінділерді туғызған магманың құрамына және сол тұстағы геотектоник. жағдайға, кентастың минералдық және элементтік құрамына, т.б. табиғи факторларға негізделген. Қазақстанда Г. к-дің генетикалық және өндірістік типтері түгел дерлік кездеседі. Алтай мен Сарыарқада, Тарбағатай, Мұғалжар тауларында, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Қаратауда, Талас Алатауында, т.б. қатпарлы құрылымдарда ірі Г. к. бар. Бұлардың ішінде Кенді Алтайдағы Зырян, Лениногор, Николаев, Бақыршық, Сарыарқадағы Жезқазған, Қоңырат, Қарағайлы, т.б. кен орындары көп жылдан бері игеріліп келеді.

Н. Құдайбергенова

Бөлісу: