Гетеротрофты Организмдер

28 Тамыз 2014, 09:11

ГЕТЕРОТРОФТЫ ОРГАНИЗМДЕР (грек. heteros — басқа, жат, trophe — қорек) — негізінен дайын органик. заттармен қоректенетін организмдер.

ГЕТЕРОТРОФТЫ ОРГАНИЗМДЕР (грек. heteros — басқа, жат, trophe — қорек) — негізінен дайын органик. заттармен қоректенетін организмдер. Олар өз денесінің құрамын бейорганик. заттардан түзе алмайды. Г. о-ге адам және барлық жануарлар, паразиттік (масылдық) жолмен тіршілік ететін өсімдіктер, саңырауқұлақтар, көптеген микроорганизмдер жатады. Г. о. энергияны органик. заттардың биол. тотығуының арқасында алады. Г. о-дің қоректенуіне қарай үш түрі болады: сапрофитті немесе осмотрофты Г. о. — түрлі организмдердің тіршілік әрекеті нәтижесінде ыдыраған немесе бөлінген өнімдермен қоректенетін организмдер (ашытқылар, зең микробтары, көптеген бактериялар); голозойлы немесе анималды Г. о. — басқа организмдер денесімен қоректенетіндер; паразиттік немесе масыл Г. о.— басқа организм денесіндегі сөлдермен қоректенетін организмдер. Табиғатта аралас қоректенетін түрлері де бар, мыс., арам шырмауық басқа өсімдікке жабысып тіршілік етеді. Жасыл евглена денесінде жасыл пигменттер (хлорофилл) болғандықтан жарық кезде ол автотрофқа, ал қараңғыда — гетеротрофқа айналады. Кейбір өсімдіктер (қырықбуынның спора түзетін бұтақтары, дәнінің өніп келе жатқан тұқымдары) дамудың белгілі бір сатыларында гетеротрофтар болады. Г. о. табиғатта синтезделу процесі нәтижесінде аз мөлшерде болса да органик. заттар (мыс., көміртектің 10%-і) түзеді. Құрамында жасыл пигменттер болмайтын клеткалардың СО2 сіңіретін қабілеті хемосинтез және фотосинтез процестерінің эволюциясында шешуші рөл атқарды. Қазіргі кезде жануарлар тіндерінің де СО2-ні сіңіре алатын қабілеті бар екені анықталған. Осыған байланысты организмдерді автотрофтар мен гетеротрофтарға жіктеу — олардың көміртекті сіңіру қабілетіне емес, пайдаланатын энергия көзіне негізделген. Сондықтан Г. о-ге көміртек көзі ретінде күрделі органик. қосылыстар (көмірсулар, майлар, белоктар) тотығуынан бөлінген көміртекті пайдаланатын организмдер; фотоавтотрофты организмдерге — фотохим. әрекеттесуді пайдаланатын организмдер; ал хемоавтотрофтарға — органик. емес заттардың тотығуы кезінде бөлінген энергияны пайдаланатын организмдер жатады. Г. о. күрделі органик. заттарды ыдыратып және минералдандырып отыратын табиғаттағы зат алмасуда маңызды рөл атқарады. Г. о. автотрофты организмдермен бірігіп, табиғатта біртұтас биол. жүйені құрайды.

 

                                                                                                                                  Т. Несіпбаев

 

Бөлісу: