9 Маусым 2014, 06:50
Осы аңыздың астарына талай-ьалай ғалым-зерттеушілер (Б.А.Рыбаков, Д.С.Раевский, А.хазанов т.б.) ден қойып, скифтердің наным-сенімдерімен, дүниетанымымен, шаруашылық жағдайларымен, әлеуметтік өмірлерімен байланыстырған ойларын ортаға салады. Алайда осынау көктен түскен төрт заттың астрономиялық таныммен байланысының барына зер салған, осыған орай қисынды ой айтқан ғалымдар бола қойған жоқ.
Жезқазған облысындағы Ұлытау төңірегінің тұрғыны Тай Тілегенов ақсақалдың айтуында мынадай бір байырғы жұмбақ жазылып алынды:
«Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек,
Заты бар бұтақ сайын жанға керек.
Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық –
Төртеуін таңдап алдым ерекше елеп».
Бұл жұмбақтың шешуі – жапан дегені – түнгі аспан, жайнап тұрған бәйтерегі – аспан жұлдыздары, балта дегені – Таразы, Үш арқар немесе Шідер деп аталатын жұлдыздар (созвездие Ориона), шөміш деп отырғаны – Жетіқарақшы жұлдыздары (Большая Медведица), түрен дегені – Ақбозат, Көкбозат, Арқан жұлдыздарының шоғыры (Малая Медведица), мойынтұрық дегені – Қарақұрт (Кассиопея) жұлдыздары.
Яғни, аспан денелерін көшпелілер өздерінің өмір салтында тұтынатын заттардың образды бейнесімен елестетеді. Елестете отырып осындай жұмбақ шығарған.
Бір ғажабы, осынау заттанған аспан денелерінің байырғы түркілік атауларына және олардың мән-мағынасына зер салсақ, геродот келтіріп отырған аңыздың сыр-себебі одан әрі ашыла түседі. Мәселен, қазақ тілінде күні бүгінге дейін Жетіқарақшы жұлдызы Шөміш деп те аталады.
Осынау бірер ғана түркі тілдес халықтар тілінде сақталған аспан денелерінің атауындағы заттық мағыналар байырғы скиф аңызының мын-мағынасын бажайлауға себепші болып қана қоймайды, сол аңыздың сырын ашатын айғақ-қисындардың түйіні бүгінгі түркі тілдес халықтардың тілінде, фольклорында сақталып отырғанына назар аударады. Мұның өзі скиф әлемі мен түркі тілдес халықтар арасындағы, дәлірек айтсақ, скиф – қазақ арасындағы мың сан сабақтастықтың бір ғана қызықты айғағы болса керек.
Ақселеу Сейдімбек, "Қазақ әлемі"