Гэри Чепменнің кітабын оқыған дұрыс. Психолог жар таңдауға қатысты кеңестерін айтты

21 Сәуір 2023, 13:05 1564

Қыз бен жігіт арасындағы дұрыс қарым-қатынас болашақ отбасының берік болуының кепілі. Сондықтан өмірлік жартыңызды таңдауда қателеспес үшін бірнеше қағиданы ескерген жөн. Осы ретте жігіт пен қыздың арасындағы қарым-қатынас жайлы  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбат барысында тәжірибелі психолог Сүйрік Аймұратқызы бірнеше кеңес ұсынды.

Сүйрік Аймұратқызы, алғашқы кездесуде қыз бен жігіт өздерін қалай ұстау керек?

– Таңдаған адамыңызбен алғаш кездесуге барғанда жасандылық көрсетудің қажеті жоқ. Керісінше бір-біріне барынша ашық, шынайы болуға тырысу керек. Себебі ертелі-кеш бәрібір нағыз бет-бейнесі ашылады.

Тағы да бір айта кетер кеңесім, алғашқы кездесуге жақсылап дайындалып барған дұрыс. Себебі бірінші кездесуге барғанда адам мейлінше өзі туралы жақсы әсер қалдыруға тырысады. Сондықтан киген киіміңізге, шаш үлгіңізге бір назар аударыңыз. Сондай-ақ білгіңіз келетін ақпаратқа қатысты сұрақтарды алдын ала ойластырып алғаныңыз өзіңізге ыңғайлы болады.

Кездесуге барған адам өзіңіздің теңіңіз екеніне қалай көз жеткізуге болады?

– Адамның ішінде эмоционалды интеллект деген болады.Сол арқылы кездескен адамының өзінің теңі ме, жоқ па, соны сезіне алады. Ол үшін қасыңыздағы жанның сіздің қойған сұрақтарыңызға қалай жауап бергенін мұқият тыңдауыңыз керек. Оның берген жауаптары сіздің көңіліңізден шықса, өмірге деген көзқарасы сіздікімен сәйкес келсе, онда ол сіздің адамыңыз болуы әбден мүмкін.

Жігіт пен қыздың әлеуметтік жағдайы қаншалықты маңызды?

– Кездесіп жүрген жұптың материалдық жағдайы мүлде маңызды емес деп айта алмаймын. Алайда оның басты кезекте тұрмайтыны анық. Бірінші адамның мінезі,  екінші қыз бен жігіттің арасындағы құндылықтар, үшінші орында екеуінің мақсаты тұрады. Осы пунктер сәйкес келгеннен кейін ғана әлеуметтік жағдайына мән берген дұрыс. Егер біреуі тым бай, ал екіншісі кедей болса, онда жұптың арасында ұрыс-керіс көп болуы ықтимал.

Егер қыздың тұрмыстық жағдайы жоғары болса жігіттер өзіне деген сенімділікті қалай сақтаса болады?

– Бұл ер адамның өзінің жауапкершілігіндегі дүние. Кездесіп жүрген жартысына лайық болу үшін табысын арттыруға тырысуы қажет. Әр салада өзінің бағын сынап көріп, сүйікті ісімен айналысатын болса, ол оған жоғары табыс әкеледі.

Жігіт пен қыз отбасын құрмас бұрын қанша мәрте кездесу керек?

– Отбасылы болмас бұрын жұптар мынанша уақыт кездесуі керек деп белгіленген нақты мерзім жоқ. Ол әр адамның өзіне байланысты. Кейбір жұптар ұзақ уақыт бойы кездесіп жүріп, үйленгеннен кейін бір жылға жетпей ажырасып кетуі мүмкін. Енді бірі танысқан бойда  үйленіп, бақытты болып жатады. Мұндағы басты мәселе тек жігіт пен қыздың бір-бірін қаншалықты танып үлгергендігінде.

Бір-біріне деген сезімді қалай білдіргені дұрыс?

– Бұл жерде мен Гэри Чепменнің «Пять языков любви» деген кітабын оқуға кеңес берер едім. Кітапта екінші адамыңа махаббат сезіміңді білдіруге көмегін тигізетін пайдалы ақпараттар жазылған. Мәселен, жақсы көретін адамыңа жылы, мақтау сөздер айтып, қолдау білдіру. Оған уақытыңды көбірек бөлуге тырысу. Екінші жартыңды сыйлықтармен қуанту. Әрдайым қасынан табылып, үнемі көмек беру. Егер жұптар сол кітапта жазылған кеңестерге құлақ асатын болса, араларындағы сезім одан әрі нығая түседі.

Неліктен жұптар бірнеше жыл бірге жүріп, үйленуге жақын қалғанда айырылысып жатады?

– Адам мұндай әрекетке жақын қарым-қатынасқа, жауапкершілікті мойнына алуға дайын болмаған кезде барады. Сондықтан ол өзінің ішкі қорқыныш сезімімен жұмыс істеп, отбасылық өмірге алдын ала дайындалғаны жөн. Өзіне сенімді адам ғана болашаққа нақты қадамдар жасай алады.

Қыздардың жігітке ұсыныс жасағаны дұрыс па?

– Қазақтардың менталитетінде тек жігіттер ғана ұсыныс жасауы керек деген түсінік қалыптасқан. Негізінде қыз пысықтау, ширақ болып, ал жігіт керісінше момындау болса, онда қызға алғашқы қадамды неге жасамасқа? Қыздың сезімін білдіруінде тұрған ешқандай әбестік жоқ деп есептеймін. Бастысы үйленуге келгендегі маңызды шешімді ер азаматтың өзіне қалдырған жөн. 

Неге қазіргі кезде жұптар тым ерте немесе тым кеш үйленеді? Салыстырмалы түрде алатын болсақ, отбасын құруға қолайлы кезең 22-25 жаста шаңырақ көтеретіндер аз секілді.

– 22-25 жастағылардың үйленуге қолайлы кезіңін өткізіп алуының себебі олар әлі отбасылы болуға дайын болмауында немесе өзіне лайықты теңін әлі кездестірмеуінде деп ойлаймын. Тым ерте отбасын құратын жігіт пен қыз үйленуді – өзіне артылған жауапкершіліктен құтылудың шешімі деп ойлайды. Ал тым кеш шаңырақ көтеретіндер ұзақ уақыт өзінің адамын кездестіре алмағандықтан жалғыздықта жүре тұруды жөн көруі мүмкін. Сондықтан адам қай уақытта отбасын құрса да өзінің жеке тұлға екенін ұмытпай, мінезіне, құндылықтарына сай адамды таңдау керек. Өзгелерге жалтақтап өмір сүруді қою керек. Шаңырақ көтермес бұрын өзін толығымен танып алуы қажет. Сонда ол қандай адамның керек екенін біліп, екінші жартысын таңдаудан қателеспейді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: