Генерал-полковник Әлібек Қасымов

29 Қыркүйек 2017, 15:46 6135

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірдерек беттерінен

1954 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1985 жылы ерекше белгімен Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Прибалтика, Закавказье әскери округтарында взвод командирінен бастап полк штаб бастығына дейінгі қызметтердің бәрінен өткен. Оқу штабында оперативті басқарманың бөлім бастығы болған Армия, штаб бастығының бірінші орынбасары, Бас штаб бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымдарын атқарған. Шет елдерде дипломатиялық қызметте болған. 2-дәрежелі «Даңқ», 3-дәрежелі «За службу Родине в Вооруженных силах СССР» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Білетіндер генерал Қасымовты білгір де, білімді штабист деп бағалайды. Оған таң болудың да еш негізі жоқ. Кеңес әскері тұсында Армия штабында жауапты қызметтер атқарған офицердің болашағынан басқаны күту де қиын шығар. Қалай болғанда да Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуында бір заңдылық болса керек.

Ашығын айтайын, әскери делегациялармен кездесуі, Алқа жиындары тәрізді іргелі шараларда көппен бірге алыстан қадағалағаным болмаса, есте қалған оқиға ретінде ауызға іліп алар ештеңем жоқ. Десе де, елең еткізер бір жайт бар. Ол – бас аяғы 3-4 жылдың ішінде «генерал-майор», «генерал-лейтенант», «генерал-полковник» тәрізді өте жоғары әскери атақтарды алуы. Әлбетте, Әлібек Хамидұлының қабілетіне шек келтірмеймін, адал маңдай терінің өтемі деп білемін.

Генералдың офицерлік қызмет жолы – Ұлы Отан соғысы қаһармандарының бірі, ұлы қолбасшы деуден қорықпаймын – маршал Баграмянды еріксіз еске түсіреді. Соғыстың алдында подполковник Баграмян көптеген жоғары әскери оқу орындарының бірінде тактика пәнінен курсанттарға дәріс оқып жүрген. 1941-43 жылдар аралығында «генерал-майор», «генерал-лейтенант», «генерал-полковник» әскери атақтарын алған.

Соғыстан кейін Кеңес Одағының маршалы деген жоғары аттаққа қол жеткізген Иван Христофорович те о баста штаб жұмысының майталманы болған.

Әлібек Хамидұлы төл әскеріміздің қалыптасуы жолында өзіндік қолтаңба қадырғаны сөзсіз. Тек жар еткен жұлдыздай, тез келіп, тез кеткені, әскерімізге бергенінен бермегені көбірек болды ма деген өкінішке жақынырақ ойлар туындайды. Басқа уақытта емес, әскеріміз енді ғана қаз тұрып, енді ғана тәй-тәй басқан тұста генерал Қасымов сияқты тәжірибелі мамандардың қол ұшін беруі ауадай қажет болды. Әрине, біз бәрін біле бермейміз ғой, генералдың әскери сахна төрінен жылдам сырғып түсуіне белгілі бір себептер де болған болар. Қалай болғанда да, генералдың білімін әскеріміз толықтай пайдалана алмады, - деген сыңайлы пікірлерді жиі естідім. Рас, мінезі тұйық, тіпті ауырлау болды дейді білетіндер. Әскери адам үшін бұл кемшілік емес, қайта салмақты айшықтайтын мінез қыры деп білемін.

Арменияда Эчмиадзан деген шағын қала бар. Осы елдің рухани орталығы десе де болады. Біз үшін Түркістан тәрізді. Маршал Баграмянға арналған шағын мұражайы бар. Мерзімді қызметім жылдары бас сұққаным бар. Маршалдың да мінезі тұйық болғанға ұқсайды. Гидтің солай таныстырғаны есімде.

Бөлісу: