Геральдика қандай ғылым?

26 Тамыз 2023, 16:31 1680

Мемлекетіміздің ұлттық құндылығы болып саналатын мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Ту, Әнұран - Тәуелсіздігіміздің басты байлығының көрінісі, бейбітшіліктің, татулық, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі ретінде қадірлеуіміз керек», деп Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаев айтқандай, тәуелсіз жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері.

Осы орайда, ұлттық геральдикамыздың тұғыры – мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтық нормативін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылған болатын.

Мекемеге – ең әуелі, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын зерттеу; мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік құқықтық жүйесін бақылау; ведоместволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру; заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрметпен қарауын қамтамасыз қатарлы міндеттер жүктеуде. Жалпы оқырманға қауымға түсінікті болу үшін, геральика ғылымы туралы азырақ түсінік бере кетуді жөн санадым.

Геральдика деген ұғым – ғылым. Ол алуан түрлі символдар мен таңбаларды, елтаңбаларды зерделейді. Геральдика қарапайым таңбадан бастап мемлекеттің елтаңбасына дейін зерттейді.

Ол таңбалардың, белгілердің мәні, мағынасы, өзектілігін пайымдайды. Тарихи ақпараттарды және қай дәуірде қандай тайпаға, тайпалық одаққа, хандыққа қатысты екенін тарихи тұрғыда зерттейді. Тұжырып айтсақ қандай бір халықтың бүкіл бүтін тарихын өнер тілімен абстракты түрде бейнелеген код.

Зерттеушілер, геральдикамен айналысатындар, әр түрлі таңбалардың символдарын, таңбаларын, белгілерін, елтаңбаларындағы кодтардың шифрлердің мән-мағынасын ашып түсініктеме жасайды. Ал кодталған таңбалар қай дәуірде қай тайпаға қатысты болғанын оның сабақтастығын, кейінгі мұрагерлерін оған байланысты тарихи оқиғаларды кең түрде зерттеп зерделеп халыққа, оқырманға ұсынады.

Міне, геральдика дегеніміз бір ұлттың ғана емес бүкіл бүтін бір материктегі хандықтар мен империялардың ұлттық белгісіне, елтаңбасына айналатынын көріп отырмыз.

Біздің геральдикалық символдарымыз континент аттап Еуропадағы бүгінгі қуатты мемлекеттердің елтаңбасы болып орын тепкен.

Осыған қарап, геральдика дегеннің тарих ғылымының бір саласы екеніне көз жеткіземіз. Мұнда кодталған үлкен тарих жатыр. Бұл тарихты археологтардай ыждаһаттықпен қарастырып, ұлттың, халықтың ежелгі және бүгінгі тарихын зерттеудің бір қайнар бұлағына айналдыру геральдика ғылымының алдында тұрған аса үлкен проблема. 

Осы мәселеге мемлекет тарапынан арнайы көңіл бөліп қолға алса Күлтегін бабамыздың өсиетін орындап әлем елдерінің ортасынан ойып орын алып, ай мен күн бейнелі көк туымыз тым-тым биікте мен мұндалап желбіреп тұратын болады.

Өкінішке орай, көп жағдайда өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде жүргізілетіні жасырын емес. Ғимаратқа кіре беріске іліп қойғанмен, оның халық арасында кеңінен насихатталмаса, іс-шаралар өткізілмесе, түсіндірмесе бәрі зая кетеді.

Тек ғана 4 маусым күні мемлекеттік рәміздерді еске алып, бірнеше ұсақ-түйек шаралармен шектелетіні шындық. Әр өңірде ішкі саясат, мәдениет, жастар саясаты басқармалары, жастар ресурстық орталықтары бар. Бұл үлкен күш. Олардың басын біріктіріп, елдік мақсатта ауқымды шараларға пайдалануға болады. Өкінішке орай, көп жағдайда акция, флешмобтардан аса алмай жүргеніміз рас. Заман ағымына сай, жаңа әдіс тәсілдер қажет.

Өздеріңіз блетіндей, Еуропада өткен саммит барысында жерге жапсырып қойған туды Түрік елінің Президенті Ережеп Тайып Ердоған мырза алып, қалтасына салып алған еді. Бұл мемлекет басшысының өз туына деген құрметі. Үлгі боларлық іс.

Жалпы Түрік елінде күнделікті өзара түрлі саяси кикілжіндерге барып жатса да Ту көтерілгенде түгел жиналады. Бұл мемлекеттік рәміздерге, елге, ұлтқа, халыққа, тарихына деген құрмет.

Міне біз осы бағытта жұмыс жасаумыз керек. Әсіресе тик-токпен тәрбиеленіп келе жатқан өскелең ұрпақтың санасына мемлекеттік рәміздердің қадыр-қасиетін түсіндіру күн тәртібіндегі басты мәселе.

Ертең ел басқаратын, көк туымызды қолына ұстап кемел келешекке бізді бастайтын осы жастар. Қазір дұрыс тәлім-тәрбие бере алмасақ, кейін өкінгеннен еш пайда болмасы анық.

Біздің көк туымыз әлемдегі ең әдемі тулардың бірі. Шәкен Ниязбеков ағамыз көк тудың ішіне бүкіл қазақтың болмысын, тарихын сыйдыра білген. Бейбішіліктің белгісі көк аспанда сонау ғұн заманынын аттан түспеген жауынгер халықтың күн нұрымен  қыран бүркіттей қалықтап ұшуы, зерделі оюы ұлтымыздың ұлылығын білдіреді.

1992 жылы мемлекеттік рәміздеріміз қабылданған уақыттан бері мемлекеттік туымыз әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде 4 мың рет көтерілсе, ғарышкерлер Айдын Айымбетовпен және Талғат Мұсабаевпен бірге 150 рет ғарыш орбитасын айналып шыққан екен.

Біздің туымыз оңтүстік, солтүстік полюстер мен Антарктида мен Арктикада, әлемнің ең биік шыңы Эверестеде тігілген.

Ал Елтаңбамыз әлемдегі ең әдемі елтаңбаларының ішінде 9 орынды алып тұр.  Қара шаңырақты уықтары тіреп, пырақтың қанатымен қоршалған қазақтың жұлдызы жоғары тұрғанын басқа сөздермен теңеп айта алмаймын.

Ал қазіргі Гимніміздің өзі де қазақтың рухын, болмысын ашықтап, Отанымыз бен елімізге деген мақтаныш сезімімізді маржан сөздермен тізбектеп жеткізіп тұр емес пе? Осындай керемет рәміздері бар елдің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ боларына сенімім кәміл.

Өскемен қаласына барғанымда орталық көшелердегі барлық биік ғимараттардың балкондарының мемлекеттік тумен безендірілгенін көріп, риза болдым. Осындай игі бастаманы басқа қалаларда жалғастырса, туымыз әр қазақтың төрінде, ғимараттарда ілінп тұрса қандай керемет.

Туы мен Елтаңбасын, тілін  қадірлеген елдің болашағы зор.

Әр азаматтың жүрегінде мемлекеттік рәміздерге, ана тіліне деген құрметті ояту бір мекеменің емес барша қоғамның ісі. Мұны әрқайсымыз өз отбасымыздан бастауымыз керек. Жаңа Қазақстан құрудың алғышарттарының бірі өз Отанын, тілін сүйетін жастардың тарих сахнасына шығуына жол беріп, еліміздің дамыған, дара ел болуына жол ашу.

Ендеше мағынасы мен маңызы зор іске бір жұдырықтай жұмылып, береке мен бірлік танытып, атсалысайық, ағайын!

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: