Геральдика ғылымы елімізде қаншалықты дамыған?

17 Мамыр 2023, 18:48 1518

Ғұн заманынан бергі түрлі тарихи таңбалаларымыз біздің халықтың қалыптасу кезеңі ретінде бастау алады. Тастағы таңбалар мен мемлекеттік рәміздердің аралығын қазақ геральдикасының қалыптасу кезеңі деп айтсақ та болады. Осы мақсатта белгілі ғалымдарымыз Әлкей марғұлан, Кемал Ақышев, Зейнулла Самашев, Сартқожаұлы Қарждаубай  сынды ғалымдарымыз зерттеп негізін қалаған қазақ тарихынджағы таңбалар тарихында әлі де ашылмаған құпия көп.

Егерде толық зерттелсе қазақ тарихына көптеген өзгерістер келері сөзсіз. Әлем мойындаған, әсіресе Еуропада дамыған геральдика ғылымының маңызы зор. Ал Орта Азия елдеріне оның ішінде Қазақстан осыдан үш ақ жыл бұрын келген геральдика саласының қазіргі ахуалы қандай күйде? Зерделеп көрейік.

Геральдика саласында еліміздегі көптеген тарихқа қатысты ғылыми мекемелер еңбек етіп жатыр. Алматы қаласында болған сапарымызда «Таңба» тарихи музей қорығында болдық. «Есік» тарихи музей қорығы мен шығыстану инситутында, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институты бұл салада еселі еңбек етіп келеді десек артық айтқандық болмас. Тарихи таңбалараымызды зерттеу, зерделеу арқылы мемлекеттік рәміздерімізге дейіңгі аралықта өткен сан ғасырлық бай тарихымызды жүйеге келтіріп, жаңғыртуға орасан зор үлес қосатын ғылымның бір саласы.

Бұл мақсатта ҚР Үкіметінің шешімімен 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару Комитеті жанынан «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Ең Орталық құрылған уақытта бастап материалдық техникалық базасы нығайтылып, Ресей, Испания, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытай, Монғолия, Түркия мен Әзербеайжан ғалымдарымен байланыс орнатып «Таңбалар тілі» халықаралық ғылыми танымдық журналында шығарды. Елімізге танымал 22 ғалымнан тұратын ғылыми кеңес пен сараптамалық кеңес бар. Өткен жылы өткізілген ғылыми кеңесте Сұлтанхан Аққұлының «Алаш туы» нұсқасы, «Халилолла Ахметжанов ағамыздың «Алтын Орда» туы және Сартқаожаұлы Қаржаубай ағамыздың «Ғұн Елтаңбасы» бекітілді.

Қазіргі таңда орталық мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған көптеген іс шаралар ұйымдастырғаны белгігі. Тек өткен жылы 5 мыңнан астам жастарды қамтыған 100 ден аса кездесулер мен семинарлар өткізілді. Өткен 30- жылда көптеген семинарлар, сессиялар мен жиналыстар нәтиже бермеді. Ендеше біз заман талабына сай жұмыстар жүргізуіміз керек.

Оның басты шарты мемлекеттік рәміздерді жастардың санасына заманауи әдіс-тәсілдер арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Оның бір мысалы жақында елордада мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған жас ақындар арасында алғаш рет айтыс өткізілді.

Еркебұлан Қайназаров сынды белгілі айтыскер ақыны дайындап жүрген, бірқатар республикалық байқауларда айтысып төселген жастарымыз керемет айтыс түрін жасады. Бұл ел тарихында мемлекеттік рәміздерге арналған алғашқы айтыс. Сонымен қатар онлайн форматта ауыл, аудан балалары арасында «Рәміздердің 30-жылдығына арналған» байқау жарияланды. Еліміздің түкпір-түпкірінен қатысқан 100 ден аса баланың жүрегін кеудесіне қойып, көк туымыздың қасында тұрып өлеңдетуі өте әсерлі болды. Қазіргі таңда түрік еліндегі мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы да зерттелуде.

Оларда мемлекеттік рәміздерді пайдалануға, қолдануға еш кедергі жоқ. Асханаларда, автокөлік жөндейтін орталықтарда, шәй ішетін кеседе де, көшеде де ілініп тұра береді. Бізде қойылған шектеулер дұрыс емес. Елін, ұлтын сүйген адам өзінің туын ешқашан аяққа таптамайды. Сондықтан да балконға ту ілген азаматқа салған айып үшін қоғам дүрлігіп  ақыры Президентіміздің тапсырмасымен балконға ілуге, жер үйде тұрса оның төбесіне ілуге рұқсат берілді.

Бірақ қайтакен күнде қоғам шулап, Президент тапсырма бергенін күтіп отырудың қажеті шамалы. Біз қоғаммен ақылдаса отырып ұсыныс беруіміз керек. Қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, тарихымызды зерттеу бұл аса маңызды мәселе. Осы арқылы ұлттың патриоттық сезімін оятуға болады.

Сонды тілге, елге, жерге деген құрмет пайда болады. Өкінішке орай біздің көптеген әріптестеріміз, әкім мырзалар жол, су тартуды бірінші қатарға қояды да идеологияны екінші орынға қояды.

Бұл саяси сауатсыздық. Патриотизмі оянған мемлекеттің халқы аш болса да елім үшін қолына ту ұстап шығады. Патриотизмі жоқ елде алтыннан көпір салып берсеңде отанын тастап қашады.

Өкінішке орай, 4 маусыммен шектеліп қалып жатыр. Жыл бойынша іс-шаралар, насихат жұмыстар жүріп тұру керек еді. Көбінесе қаржының жоқтығы мен тиісті қолдаудың болмауы жұмысқа кедергі келтіретін рас. Қазіргі таңда біздің Елтаңбамыз әлемдік рейтінгте ең әсем герб ретінде 9 орында тұр. Көк туымыз тәуелсіздің 30-жылдығында ғарышкер Айдын Ахметовпен бірге ғарышты 150 рет айналып шықса, әлемдегі ең ұзын таулардың төбесіне ілініп рухы асқақтады.

Әлемдік дейңгейдегі байрақты бәсекелерді біздің туымызы 5 мыңнан астам рет көтеріліп, әнұранымыз шырқалды. Елім деген азаматтар мен  Димаштай майталмандарымыз Головкиндей ержүрек арыстандарымыз тұрғанда қазақтың туы қашанда биікте желбірейтіні сөзсіз.

Алайда осы Орта Азия көлеміндегі жалғыз орталықтың нақты ахуалы қандай деңгейде? Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан орталықпен әзірленген жеті жобасы қаржыландырылмады яғни қолдау таппады.

Керісінше архив істері және құжаттаманы басқару Комитетінде геральдика басқармасына іс-шаралар өткізуге қаражат бөлінді. Ол басқармада бір адам ғана отыр.

Сонда бүкіл мемлекеттің мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған ауқымды жұмысын бір ғана адам қалай атқарады?

Мәдениет саласындағы аз жалақының мәселесін еліміздегі қоғам қайраткерлерінің көбі көтерді.

Селт еткен ешкім жоқ. Қазіргі таңда орталық қызметкерлерінің жалақысы 90-120 мың тенгенің арасында.

Бұл мәселе өткенде Сенаттың мәдени және ғылым Комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен өткен жиында да сенатолар мен Мәжіліс депутаттары арасында көтерілді. Жалпы ұлттық рухымызды көтеретін маңызды саланың бірі мемлекеттік рәміздерді насихаттау, қажет болса бұл сала бүгіңгі күні қоғамның жетекші, рухани орталығына айналуы керек.

Оның құзыретін кеңейтіп «Ұлттық мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын орталық» ретінде қайта құрып, штаты мен қаражатын көбейтіп, креативті, бастамашыл жастарды жұмылдырып, замануи технологияны пайдалана отырып жұмыс жасауға көшкен жөн.

Ең бастысы осы орталықтың маңызын арттырып, статусын көтеріп «Архив істері және құжаттаманы басқару Комитеті» жанына алып шығып тікелей Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин мырзаға бағынатын орталық ретінде қайта құру керек. Себебі Еуропа елдерінде геральдика орталықтарының барлығы тікелей Президентке бағынады.

Мысалға алсақ, Ресейдегі геральдикалық кеңестің төрағасы В.Путин болса Испанияда Корольдік геральдика академиясы бар. Ал енді осы геральдика саласын дамтыу үшін не істеуіміз керек.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты жетпістен астам орталықтардың бірі болып қалмас үшін Оратылқ Азияда геральдика, таңба белгілерді зерттеу ғылымының кенже қалғанын ескере отырып, Қазақстанның осы саладағы ықпалын күшейтудің бірнеше жолдарын қарастыруға болады. Біріншіден, Алматыдағы «Таңбалы таста» халықаралық геральдистер конференциясын ұйымдастырып, «Түркі тілдес елдердің геральдистер Одағын» құру қажет. Оған Қазақстан тарапы төрағалық еткен жөн.

Екіншіден,  Геральдика саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған мемлекеттік ьтұжырымдамасын әзірлеп, таңбалы тастардан мемлекеттік рәміздерге дейін аралықтағы атқаратын жұмысты айқындап алу қажет. Міне осы жұмыстар арқылы Қазақ елінің мәртебесі асқақтап, саяси ықпалының күшеюіне әсер ететін салаға қолдау көрсету арқылы жалпы Қазақстан халқын бір тудың астына жинап, бірлік, береке, ырыс пен ынтымақта өмір сүруді насихаттауға болады. Миллиардқа жуық халқы бар Қытай елі бір ғана қызыл тумен халқын ұстап отыр.

 Ендеше біздің көк туымызды қыран мінезді, қайсар қазақтың рухын оятатын, намыс пен жігердің, қайсарлық пен қайраттылықтың, бірлік пен берекенің символына айналдыру қажет.

Кемел елдің келешегі оның жасампаздығы, ғылымы мен білімінің дамуында. Ал өз ана тілін, ата тарихын, туы мен Елтаңбасын құрметтеп, Әнұранын асқақтатар жастардың көбеюі тұтастығымыз мен тәуелсіздігіміздің берік қамалы болмақ!

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: